Қоғам • 27 Қаңтар, 2022

Елорданың азық-түлік белдеуін қалай дамытамыз?

314 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елорданы жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің маңызы өте зор. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын еселей түсу бағадағы бәсекелестікке ықпал етер еді.

Елорданың азық-түлік белдеуін қалай дамытамыз?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Сараптап қарасақ, ішкі мүмкіндік әлі де бар. Тек шаруаны ұқсату жағы кем­шін. Бүгінде өңірдің 130-дан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны елордаға азық-түлік жеткізетін болса, оның 68-і ет өнімдері мен сүт өнімдерін жеткізумен айналысады. Әзірге ақмолалық шаруа­лар елорданың ет және ет өнімдеріне қажетілігінің 32 пайызын ғана өтеп отыр. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 1 пайыз деңгейінде ғана өсім бар. Пайдаланылмай жатқан ішкі мүмкіндік осы арада. Өйткені ет және сүт өндірушілер жыл сайын субсидия алып отыр. Ал 1 пайыздық өсім көңіл көншіте қояр ма екен? Демек мемлекеттің қолдауына сәйкес қайтарым да өсуі керек. Төрт түлік мал тегіс өз төлі есебінен өсіп отырған жоқ. Оның себебін малсақ қауым несие берілу тәртібінің қолайсыздығынан дейді. Несиеге алған малдың басын көбейте алмай отыр. Төлі өсіп жетілгенше несиені қайтару мерзімі басталып қалады да, тұқымдық мал етке өткізіледі.

Өңірде ет және сүт өнімдерін молайту бағытында аздаған талпыныс бар. Сәл таратып айтсақ, жұмысты ширату бағытында бірқатар шара қолға алынып жатыр. Айталық, өткен жыл ішінде Аршалы ауданында «Капас Канипа» жеке шаруашылығы жалпы құны 40 млн теңге болатын мал бордақылау алаңын іске қосты. Бір мезгілде 100 бас ірі қараны бордақылай алады. Жаңа жобаның жүзеге асырылуының нәтижесінде 5 жаңа жұмыс орны пайда болды. Шабындық жерімен қоса 498 гектар мал жайылымы бар. Бүгінде жаңа жоба мал бордақылау бағытында іске кірісіп, 100 бас ірі қара сатып алып семіртуде. Мұндай мысалдар некен-саяқ. Негізінде көп болса, ырыздықты молайтуға көп-көрім демеу болар еді. Айталық, жекеменшіктің қолында ірі қара болғанымен, жем-шөптің қымбаттығынан бордақылау оңайға соқпай отыр. Әрі олардың қолында байытылған мал азығы тапшы. Бар болғаны шөп пен сабан ғана. Көпшілігі жемді сатып алғаннан кейін бордақыланатын малдың өзіндік құны өсіп кетеді. Ал арнайы алаңдарда мал бордақылауға қажетті мүмкіндік бір­шама жақсы. Мамандардың есептеуіне қара­ғанда, ірі қараның тірідей салмағы 18 айда 400 килоға жетуі керек. Одан артық, ұзағырақ бақса, мал азығы текке шығын. Жеке шаруашылық жоғарыда айтқанымыздай, мал азығы тапшы болуы себепті мұндай көрсеткішке жете алмайды. Демек бордақылау алаңдары халықтың қолындағы малдың төлін жинап алып, тірідей салмағын тиісті мөлшерге жеткізіп отырса, екі жаққа да ұтымды болар еді.

Біржан сал ауданындағы «ҚазГер» серіктестігі 80 млн теңгеге бордақылау алаңын салып алды. Бұл жерде де 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Серіктестік шаруа қожалығындай емес, ауқымды жұмыс атқаруға бейіл. Мұнда 350 басқа дейін ірі қара мал бордақылауға толық мүмкіндік бар. Дәл осындай талпынысты жырақтағы Жарқайың ауданынан да байқауға болады. Бұл жерде «Осана Агро» серіктестігі 100 млн теңгеге 200 бас мал бордақылайтын алаң дайындады. Жаңадан 3 жұмыс орны ашылды. Екі мал қорасын пайдалануға берді. Халықтың қолындағы малды сатып алып, семіртіп жатыр. Міне, осындай аздаған талпыныс болғанымен, бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Сонда елорда халқының дастарқанына береке кіреді.

Жыл сайын, әсіресе көктемде бағаның өсуіне себеп болып жататын жай – картоп, көкөніс, өсімдік майының тапшылығы. Көктемгі қымбаттаушылықтың себебі сан мәрте таратылып жазылған. Сондықтан қайталаудың жөні жоқ. Өңірде бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар жұмыс жүргізілуде. Айталық, Есіл ауданында «Органико» ЖШС жалпы құны 600 млн теңге болатын, сыйымдылығы 2 мың тонналық картоп қоймасын салып алды. Міне, осындай картоп қоймалары шалғайдағы Есіл ауданында ғана емес, елорданы жиектей орналасқан аудандарда салынғаны дұрыс. Өйткені картоп құнына тасымалдау шығыны қосылған соң бағаның өсе түсетіні белгілі. Зеренді ауданында да жалпы құны 400 млн теңге болатын, сыйымдылығы 5 мың тонна­лық «Блиц Терминал» серіктестігінің кар­топ қоймасы пайдалануға берілді. Зеренді ауданының шаруашылықтары ежел­ден картоп өсірумен айналысады әрі өңір­дің құнарлы топырағында бұл дақыл өте жақсы өседі. Картоп өсіруші шаруа­шылықтар күзде жинаған өнімдерін сақтап, ұзынсарыда ұқсатып сатса, табысқа кене­ле­тіндіктері сөзсіз. Міне, осындай талпы­ныс нәтижесінде елорданың картопқа деген сұранысының 83 пайызы өтелуде.

Соңғы жылдары суармалы егістік алқаптарын көбейту мәселесі жиі айтылып жүр. Жыл сайын құрғақшылықтың қырына іліге бергендіктен, суармалы жерлердің артықшылығын диқан қауым әбден мойындаған. Осындай жақсы бастама да қолға алынуда. Мәселен, Целиноград ауданындағы «Агрофирма Родина» серіктестігі жалпы құны 3,2 млн теңге болатын жаңа жобаны жүзеге асырып отыр. Жоба қуаты 1970 гектарға еркін жетеді. Тағы бір жақсылығы, жаңадан 10 жұмыс орны ашылған. Осы аудандағы «Зеренді асыл тұқымды шаруашылығы» серіктестігі де суармалы алқаптардың көлемін көбейтуге баса назар аударуда.

Былтыр бұл бағытта бірқатар игі ша­руа­ жүзеге асырылды. 650 басқа арнал­ған 3 мал бордақылайтын алаң салынды. 2 817 басқа арналған 11 тауарлы сүт фермасы ұйымдастырылды. 1 100 бас ірі қара мал бордақылайтын 12 ет фермасы іске қосылды. Жылына 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы жұмыс істей бастады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 3 цех пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 200 мың тонна шамасындағы 11 көкөніс сақтайтын қойма іске қосылды. Суармалы жер көлемі 2,3 мың гектарға ұлғайды.

Ендігі бір мәселе, осынау азық-түліктің барлығын елорда тұрғындары ғана емес, ауыл тұрғындары да тұтынатынында.

– Қазір жаңа қоғам құруға жанталаса кірісіп жатырмыз, – дейді ел ағасы Қазбек Айтмағамбетов, – мемлекеттік қолдау арқылы бұрын-соңды болмаған жаңа нысандардың салынып, пайдалануға беріліп жатқанын естіп, біліп отырмыз. Дегенмен осы арада ескеретін өте маңызды жай бар, бұл – ауыл халқын еңбекке баулу. Шындығын айтуымыз керек, өтпелі кезеңде ауыл тұрғындары адал еңбектен қол үзіп қалды. Көпке топырақ шашудың қажеті жоқ, дегенмен ел ішінде жалқаулық жаман тұмау тәрізді жұқпалы дертке айналғанын жасыруға болмайды. Мәселен, ауылда тұрып картоп екпейтін, сиыр сауып, құрт-ірімшік дайындамайтындар көбейді. Олар өздеріне қажетті азық-түлікті қаладан сатып алатынды шығарды. Міне, елорданың ырыздығына олар да ортақтасып отыр. Бұл арада біреудің асын қызғанып отырған жоқпыз. Тек кедейшілікті көбейтетін жалқаулықтан арылуымыз керек.

Миллиондаған гектар құнарлы жері бар өңірдің елорда халқының сүт және сүт өнімдеріне қажеттілігінің 32, ет және ет өнімдерінің қажеттілігінің 32, жұмыртқаға қажеттілігінің 83, көкөніске қажеттілігінің 29 пайызын ғана өтеуі көңіл көншітпейді. Демек алдағы уақытта азық-түлік бел­деуін­дегі өңірдің ішкі мүмкіндігін саралап, жаңғырту қажет.

 

Ақмола облысы