Сағат Сұлтанұлы техника ғылымдарының докторы, Ұлттық инженерлік академиясының, Ұлттық жаратылыстану академиясының Жамбыл облысы филиалдарының төрағасы, Ұлттық инженерлік, машина жасау және көлік, жаратылыстану ғылымдары академияларының және Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Білім саласының құрметті қызметкері, Қазақстанның құрметті инженері, Тараз қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның инженерлік білімі мен ғылымына сіңірген ерен еңбектері үшін «Инженерлік даңқ» және «Әл-Фараби» алтын медальдарымен марапатталған. 2018 жылғы республиканың үздік ұстазы.
Осындай дәрежеге жету үшін қандай шыдам мен еңбек керек екенін ғылым жолын таңдағандар жақсы біледі. Жалпы, білім алудың, ғылым іздеудің мехнаты ешкімге жеңіл соққан емес. Бұл жолдан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп өтемін деудің өзі бекер. Себебі бейнетсіз жеткен атақ-даңқ та баянды болмайды. Өйткені ғылым саласы ерте ме, кеш пе ондайларды екшеп, өз ортасынан шығарып тастайды.
С.Жүнісбековтің ғылымда үлкен табыстарға жетуі үшін қиын да, күрделі жолды жүріп өтуіне бала кезінен қалыптасқан қайсарлығы көп көмектескен шығар деп ойлаймын. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қазығұрт тауының етегінде орналасқан Атбұлақ ауылында, диқан отбасында дүниеге келген оның балалық шағы қамсыз өткен жоқ. Үйдегі алтыншы бала болғандықтан, ағаларының киімін киіп, қолдағы барды бөліп жеп, барға қанағат етіп өсті. Сол уақытта балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келген әр баланың тағдыры осылай өрбіген еді.
Оның соғыстан жаралы болып қайтқан әкесі де, үйдің берекесі – анасы да таңның атысы мен күннің батысына дейін ұжымшарда бел жазбай еңбек етті. Күн демей, түн демей жұмыс істегенде, бұйыратыны – бір дорба ұн немесе жарты қап бидай ғана. Оның өзін сұрасаң ешкім бөліп бере алмайтын қиын-қыстау кезең. Ал ата-апаларымызды қиындықта қайыстырмаған мәселе – соғыс тоқтап, тыныштық орнаса, елде болар, елде болса, ерінге де тиер деген үміт. Сол шиеттей бала-шағасын аш қалдырмау үшін еңбек етті емес пе?!
Соғыс жылдарында өскен ауыл балалары балдәуреннің қызығын артқа тастап, ересектердің еңбегіне жәрдемдесіп, қолғабыс тигізіп жүрді. Тамақ пен киімнің жетіспеуін, нанның қадірін сезініп, шыңдалып өсті. Олар ауыр кезеңді басынан кешіре отырып, жарқын болашаққа тек қана еңбекпен, ақылмен, біліммен жетуге болатынын түсінді.
Сағат Сұлтанұлы орта мектепті тәмамдап, Шымкент қаласындағы Қазақ технологиялық институтының «Тамақ өндірісі машиналары мен аппараттары» мамандығына оқуға түскен 1958 жылдың өзі жұрт әлі соғыстан қалған қайғы-қасіреттен, оның зардабынан толық арылып, еңсесін тіктеп кете қоймаған кез еді. Өзіне талап қоя білген жас білімгер еңбекқорлығымен сол кездегі «Материалдар кедергісі» кафедрасының меңгерушісі В.А.Колесниковтың көзіне түседі. 1963 жылы институтты бітірген жас маман ұстазының қолдауымен институттың «Материалдар кедергісі» кафедрасына оқытушы болып қабылданды. Осы жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келіп, институттың аталған кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарды.
1969 жылы С.Жүнісбеков М.И.Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтына (қазіргі Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университеті) «Материалдар кедергісі» кафедрасының аспирантурасына түседі. Сол шақта бұл кафедра Кеңес Одағына ғана емес, шетелдерге белгілі кафедра болатын. Кафедрада әлемге танымал ғалым-механиктер, Г.Тимошенко, Н.Беляев, Ю.Янг сияқты профессорлар жұмыс істеген. Заманауи инженериядағы «Материалдар кедергісі» оқулықтарының авторлары ретінде олардың есімдері барлық техникалық жоғары оқу орындарына белгілі.
1972 жылы С.Жүнісбеков «Құрылыс механикасы және материалдар кедергісі» мамандығы бойынша диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды. Ал доцент ғылыми атағы 1977 жылы Мәскеу қаласында бекітілді. Кейін 1985-1987 жылдары М.Н.Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтының доктарантурасын бітіріп, 1991 жылдың ақпан айында докторлық диссертациясын қорғады. «Машинатану және машина бөлшектері» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағына ие болғаны – 1994 жыл.
Сағат Сұлтанұлы 1974-1998 жылдары Тараз қаласындағы бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі, оқу-тәрбие жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді. Ал 1998-2008 жылдары Алматы қаласындағы «Қайнар» университеті Жамбыл филиалының директоры қызметін де атқарды.
С.Жүнісбеков Ұлттық инженерлік академиясының академигі мүшелігіне 1996 жылы қабылданды. Бір жылдан кейін Мәскеу қаласындағы Халықаралық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2000 жылы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атағына ие болды. 2014 жылы ол Халықаралық инженерлер академиясының академигі болып сайланды, сол жылы Ұлттық машина жасау және көлік академиясының академигі атағы да берілді.
Белгілі профессордың ғылыми-педагогикалық қызмет кезеңі Қазақстанның жоғары және орта кәсіби-техникалық білім жүйелері қалыптаса бастаған сәтпен тұспа-тұс келген еді. Осы бағытқа дұрыс көңіл бөліне бастаған соң республикада механика және машина жасау саласында ғылыми мектептің қалыптасуына атсалысты. Оның қолдауымен 2 ғылым докторы,
7 ғылым кандидаты ғылыми еңбектерін машина бөлшектерінің қажау теориясына сүйеніп, есептеу жолдарына арнады.
Сағат Сұлтанұлының «Техникалық білім – заман талабы» қағидасына сүйене отырып, алғашқылардың бірі болып орта кәсіптік-техникалық колледждің іргесін қалағаны да осы кез. Осылайша, мемлекеттік емес білім мекемесі – Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі 2000 жылы құрылды. Бүгінде колледж өңірлік өндіріс орындарымен келісімшарттар жасасып, білімгерлердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және жұмысқа орналасуына септігін тигізуде. Қазіргі уақытта онда жалпы – 21, оның ішінде 15 техникалық мамандық бойынша мамандар даярлануда.
Білім саласының қызметкерлері академиктің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырушы және белсенді қатысушысы екенін жақсы біледі. Профессор С.Жүнісбеков 2008 жылы республикадағы жалғыз мемлекеттік емес техникалық ЖОО – «Тараз техникалық институтын» құрды және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен біріктірілгенге дейін (2014 жыл) оның ректоры болып жұмыс істеді. Тараз техникалық институтында 2010 жылы «Уран өндірудің негізгі әдістеріне салыстырмалы экологиялық-экономикалық талдау» атты монографиясы, ал 2011 жылы «Минералдық шикізат ресурстарын өндіру және өңдеу кезіндегі радиоэкологиялық проблемалар» атты монографиясы баспадан басылып шықты.
С.Жүнісбековтің шәкірттерімен бірге қазақ тілінде жазған «Серпімділік, пластикалық, жылжу теорияларының негіздері», «Машина бөлшектері», «Материалдар кедергісі», «Материалдар кедергісінің теориялық негіздері» оқулықтары «Мектеп» және «Білім» баспаларынан жарық көрді. Бұл оқулықтар Білім министрлігінің рұқсатымен (грифімен) шығып, барлық жоғары техникалық оқу орындарына және техникалық колледждерде оқытушылар мен студенттердің сұранысына ие болып отыр. Аталған оқулықтар 2018 жылы ауқымды таралыммен қайта өңделіп, «ЭВЕРО» баспасынан шықты.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша С.Жүнісбеков 200-ге жуық ғылыми жұмыс, 4 монография және 5 оқулықты жарыққа шығарды. Оның ғылыми еңбектері шетелдік журналдарда да жарияланған. Ал Халықаралық ғылыми журнал – ISJ Theoretical & Applied Science АҚШ, Шуеция және Қазақстан мемлекеттерінің бірлескен жобасы. С.Жүнісбеков – журналдың редакциялық алқасының мүшесі. Басылым заңды түрде Францияда тіркелген, электронды е-ISSN 2409-0085 (Philadelphia, USA) және баспа түрінде р-ISSN 2308-4944 (KZ) екі нұсқасында шығарылады. Жылына журналдың 12 нөмірі жарық көреді. Авторлары – АҚШ, Қытай, Ресей, Индонезия, Әзербайжан, Швеция, Украина, Марокко, Қазақстан, Иран, Өзбекстан, Ирак, Жапония, Үндістан, Франция, Англия, Польша, Грузия және басқа да елдердің ғалымдары.
Сағат Сұлтанұлы – ғылымның өзі таңдаған саласына шын берілген адам. Сонау 1994 жылдың өзінде, академиктің Тараз қаласында механикалық пәндерді қазақ тілінде оқытудың дәріс сабақтары мен зертханалық және практикалық сабақтарын оқытудың ғылыми-әдістемелік конференциясын ұйымдастыруы – соның дәлелі. Сол жылы ол қыркүйек айында Пәкістанның Лахор қаласындағы Инженерлік институтында өткен Ислам мемлекеттері инженерлерінің 35-съезіне қатысқан болатын.
1992-2000 жылдары С.Жүнісбеков Білім және ғылым министрлігінің «Деформацияланған қатты денелердің механикасы» мамандығы бойынша ғылыми-әдістемелік кеңестің, Терминология комитетінің, сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік аттестациялау комиссиясының экспорттық кеңесінің мүшесі болып қоғамдық қызметтер атқарды.
«Экономиканың негізгі тірегі – өндіріс. Өндіріс дамымай, Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілмейді. Ал өндірісті көтеретіндер инженер-құрылысшылар, инженер-механиктер, тау-кен инженерлері, сондай-ақ орта буын техникалық жұмысшы мамандар. Бұл аксиома ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді», дейді профессор.
Иә, ғалымның бұл ой-тұжырымының дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеді. Қазір еңбек нарығында біліктілігі бар кадрларға сұраныс артып келеді. Білігі мен білімі, парасаттылығы кейінгі буынға үлгі ғалымдар қашанда біздің қоғамға қажет.
Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
басқарма төрағасы – ректоры
ТАРАЗ