Сұхбат • 27 Қаңтар, 2022

Хатимолла Бердіғалиев: Дауысым бабында тұрғанда кетейін дедім

3488 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші Хатимолла Бердіғалиев биыл 70-ке толады. Өнерпаздың мерейтойы қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық филармониясы әншінің электронды альбомын дайындады. Біз белгілі өнер тарланына жолығып, бірер сауал қойған едік.

Хатимолла Бердіғалиев: Дауысым бабында тұрғанда кетейін дедім

– Келе жатқан жетпіс жасыңыз құт­ты болсын! Сіздің ту­ған күніңіз – ең «дефицит» күн ғой. Биыл­ғы ақпанда 29-ы бар ма еді?

– Биылғы ақпан 28-інен бітеді. Мен өзі 17-демін (күледі). Осы кезге дейін он жеті-ақ рет туған күнім болды дегенім ғой.

– Ендеше туған күнге көп шығын­дан­байсыз, жақсы екен...

– Құрдастар құтқаратын ба еді?! Ке­рі­сінше екі мәрте шығынданам (күледі). Ақпанның соңғы күні бәрібір жиналады. Ер­теңінде «29-ы болғанда бүгін туған кү­нің болар еді ғой» деп тағы келетіндер бар.

– Аға, сіз бұрынғы мерейтойлары­ңыз­­ды ерекше өткіздіңіз. 60 жасыңызда «Айман-Шолпан» жырын сахнаға шығарып, ерекше кеш өткіздіңіз. 65 жасыңызда жеке ән кешін бердіңіз. Жетпіске қандай жоспар бар?

– Жетпіске келіп, бірдеңе тындырам деудің өзі қиын ғой. Биыл ештеңе жоспарламадым. Бірақ филармониямыз бір іс бастап қойыпты. «Азды-көпті еңбегіңіз бар, осындай шара жасайық» деп ақылдасқан соң, қарсы болмадым. Өзімнің жиеншарым, әнші Айбар Хайырханов екеуміздің орындауымызда «Ес кіргізер есті әндер» атты ән-жинақ дайындалып жатыр. Бұл жинақтың бір ерекшелігі – электронды альбом түрінде барлық әлеуметтік желіде қолжетімді болмақ. Айтпақшы, мүмкіндікті пайдаланып, осы шараның басы-қасында жүрген азаматтарды – Ғарифолла Құр­­манғалиев атындағы облыстық филар­монияның басшысы Асхат Қажы­­ғалиевке, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көр­кем­дік жетекшісі, бас дирижер Еркін Нұрым­бетовке, филармонияның бөлім жетекшілері Абдул Рахметов пен Олжас Сейтімовке, дизайнер, әрлеуші азаматтар Халел Қазиев пен Сұлтан Ерболатқа және басқаларына алғыс айтқым келеді.

– Концерттің бағдарламасындағы біраз ән таныс сияқты...

– Иә, осыдан 5 жылдай бұрын ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің 100 жылдығы өтті. Соған Айбар екеуміз қос әншінің репертуарындағы әндерден «Егіз әуен – қос қанат» атты концерт ұйымдастырып едік. Ол концерт өте жақсы өтті, бірақ Орал қаласынан басқа жерде тарата алмадық. Гастрольдер де болмады. Сондықтан сол репертуар­ды электронды альбом түрінде жасап қалдырғымыз келді. 2021 жылы қос әншінің туғанына 105 жыл болды. Ай­тайын дегенім, Ришат, Мүсілімдей қазақтың мықты әншілері болғанын өнерге жақын адамдар болмаса, бүгінгі жастар біле бермейді. Оның үстіне, жас болса жетпіске келді. Бұрынғыдай сахнаға шығып, күнде ән сала бермеспін. Айбар екеумізден бір естелік қалсын деп кірістік. Бұл альбомда негізінен 5 жыл бұрынғы, қос әншінің репертуарынан алынған бағдарлама болады.

– Сіз ағайынды Абдул­линдерді көріп пе едіңіз? Шыны­мен мықты әнші ме еді?

– Ришат Абдуллиннің концертін ті­келей екі мәрте көрдім. Бірінде, 1974 жылы «Правда» совхозының үлкен мә­дениет үйі ашылып, сол ғимараттың ашылу салтанатына Ришат ағай баласы Заурмен бірге келді, ән айтты. Мен ол кезде Орал саз училищесінің вокал бөлімінде 3-курс оқитынмын. Әскери киім киіп, домбырамен қазақша ән айттым. Сол кеште Ришат Абдуллинді, Бақыт Әшімова апайды жап-жақын жерден көрдім. Екінші мәрте, 1981-1982 жылдары Ришат ағай Қазталовқа гастрольмен келді. Ой, бұлар шынымен мықты ғой. Қос дауысты әнді қазаққа алғаш алып келген осы ағайынды Абдуллиндер ғой. Екеуі де Мәскеу консерваториясын бітірген, Рекең Абайды алғаш ойнаған, 40 жыл бойы опера сахнасынан түспеген. Мүсекең денсаулығына байланысты болар, әнді ертерек қойыпты. Ал Рекең 1988 жылы қайтыс болды. Аңыз адамдар ғой бұлар.

– Сізді жалпы қазақ айтыс ақыны ретінде таныды ғой. Қалай әнші болып кеттіңіз?

– Менің мамандығымның өзі – әншілік. 1975 жылы Орал музыкалық училищесінің вокал сыныбын бітірдім. Бірақ әншілікпен сахнаға көп шыға алмадым. Оның себебі көп. Мысалы, училище бітірген соң мені облыстық филармонияға жұмысқа жолдады. Бірақ ол кезде қазақ баласына қаладан пәтер алу мүмкін емес. Қолымда 80-нен асқан анам бар, жас отбасымын, қалада пәтер жалдап қалай тұрайын?! Апталап, айлап гастрольге кету керек. Сонымен қалаға үйлеспедім, ауылға кеткенім сол. Ауылда 7 жыл мектепте әннен сабақ бердім. 1982 жылы мәдениет саласына ауыстым, әуелі автоклуб меңгерушісі, кейін мәдениет бөлімінде методист болдым. Сонымен бірте-бірте танылдым. Мені әнші ретінде тауып, өнерімді бағалап, көп қолдау білдірген адамның бірі – журналист Тихон Әліпқалиев. Газетке жиі жазып жүретін. 1989 жылы консерваторияда дәстүрлі ән класы ашылды. Бұл жер-жердегі музыка училищелеріне де серпін берді. Сөйтіп, Оралда Мұхит ән класын ашу туралы шешім қабылданды. Осының себебімен Оралға шақырылдым, қазіргі Орал саз колледжінің жанында 18 жыл дәстүрлі әннен сабақ бердім.

– Бәрекелді, 18 жылда талай шәкірт алдыңыздан өткен шығар?

– Әрине! Дәстүрлі әннің болашағы жоқ дей алмаймын. Дәстүрлі әншілер көбейіп келеді. Әніміз түзеліп келе жатыр. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» дейді ғой Абай атамыз. Қазір барлық музыка мектептерінде ән-терме деген класс бар. Колледжде Мұхит класы бар. Консерваторияда үлкен мектеп бар. Сондықтан қазіргі әншілердің басым бөлігі, 60 пайызы сауатты деп айтар едім. Ал тыңдаушылар әртүрлі. Жеңіл-желпі, бөксе қимылдататын әндерге бейімдері де бар. Бірақ әншісі сай болса, ән деген – қазақ­тың төлқұжаты, жаны ғой. Бұрын қазақтың әнін үш мектепке бөлуші едік, қазір қандастардың келуімен 5 мектепке жеттік. Құдайға шүкір, ізбасарларым да бар. Тікелей өзімнен тәлім алған 30 шақты шәкіртім бар. «Шәкірттерің ән айта алмайды» деген сөз естіген жоқпын. Музыка мектептерінде сабақ беріп жүргендері бар. Армат деген шәкіртім консерваторияда ұстаздық етіп жүр. Көңілім тоқ, айналайын.

– Сіз күні кешеге дейін облыс­тық фи­­лармонияда жұмыс істедіңіз ғой. Ес­туімше, өз еркіңізбен арыз жазып, қыз­­меттен кетіпсіз.

– 2009 жылы колледжден Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға біржола ауыстым. 2021 жылдың жазында, 69 жасымда өз арызыммен қызметтен босадым. 69 деген жас – адам өміріндегі бір кезеңнің соңы ғой. Дауыс аппаратым бабында тұрғанда кетейін дедім. Шыны керек, жігіттер «кетпеңіз» деп көп жалынды. Көнбедім. Ақырында «Концерт болса шақырамыз» деді. Солай келістік.

– Былтыр «соңғы концер­тім­ді бердім» деп қорқыттыңыз. Пан­де­мия кезінде шектеулер бар, көрермен дұрыс тамашалай алмай қалды...

– Ол рас. Соңғы концертімді былтыр бердім. Енді жеке концертім болмайды. Жеке концерт беру оңай емес қой. 5-6 әннен кейін дауыс аппараты шаршай бас­тайды. Сондықтан дер кезінде тоқтай да білу керек.

– Енді қандай жоспарыңыз бар?

– «Айман-Шолпан» жырын сұрап жатқандар бар. Жырды алғаш айтқалы бері арада он жыл өтті, мәтінін қайталау керек. Алдағы сәуір айында Теректі ауда­ны сұрап жатыр. 1 сағат 25 минут бойы көрерменді ұстап отыру да оңай емес. Жырдың ішінде біздің жақтың әндерін де кіргізіп, өзімше әрледім. Қазіргі көрермен жырдан ажырап қалды ғой. Оны бір мақаммен ұстап отыру қиын. Сондықтан түрлендіріп, қызықты ету керек. Кейде «әлқисса» деп қойып, көрерменді да­йындап, сергітіп аласың. Жырды тыңдай алатын аудиторияда әлқисса аз болады. Бұл да үлкен бір өнер ғой.

– Сіз ертеректегі бір сөзіңізде мәтіні ескірген кеңестік шығармаларды жаңғыртып, қайта тірілту туралы айтып едіңіз.

– Иә, солай дегенім есімде. Бірақ Кеңес өкіметі кезінде айтылған, кейін мағынасы жарамай қалған әндерді түгел жаңғырту ыңғайсыз болар. Өйткені әрқайсының авторы бар, біреудің жазып кеткен дүниесі ғой. Әрине, кейбір жекелеген сөзді өзгертуге болады. Мысалы, мен айтып жүрген бір әнде: «Совет елі өмір көркін күзетеміз қырағы» деген сөз болды. Оны мен «Қазақ елі» деп өзгерттім. Одан әнге нұқсан келмеді деп ойлаймын.

Үкілі Ыбырайдың «Толқын» деген әні бар. Кеңес кезінде сол әннің тым жақсы мәтінін бұзып, былайша өзгерткен:

«Елім бар колхоз болып күлімдеген,

Көлік бар трактордей дүрілдеген.

Қыртысын қара жердің қопарғанда

Жүрегі сұм байлардың дірілдеген» – дейді. Осы да поэзия ма? Өзінің «Толқын» деген сөзі керемет болатын. Неге өзгертті?! Қиянат қой.

Өз басым дәстүрлі қазақ әндерін заманауи өңдеу дегенге де қарсымын. Әнді оркестрге салу бар, ол жақсы. Бірақ кей шы­ғарманы компьютерлік «өңдеуден» өт­кізіп, әннің берекесін кетіретіндерге қар­сы­мын. Түпнұсқа қалпы сақталуы керек.

– Сізді жақсы білетіндер «мем­лекеттік тілдің нағыз жанашыры» деп атайды. Қашаннан бері осындайсыз?

– Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жарияланғалы бері айналамнан соны талап етіп келемін. Бұл менің ымырасыз, принципті талабым. Қазақ тілінде болмаса, ешбір қағазға қол қоймаймын. Ана жылы бір оқиға болды. «Ел» продюсерлік орталығы жеке дискімді шығаратын бо­лып, Алматыға шақырды. Жол, қо­нақ­үй шығындарын көтеріп, барлық жағдайымды жасады. Енді келісім-шартқа қол қояр кезде құжат мәтіні орыс тілінде болып шықты. Қол қоюдан бас тарттым. Тіпті талабым орындалмаса бәрінен бас тартып, елге кетіп қалуым да мүмкін еді. Сол жерде келісімшарттың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жасалды. Мұндай жағдай Оралда да болып жатады.

Халықтың тілі мен өнері – ұлттың бары, басты қазынасы ғой. Біз, өнер адамдары осыны ұмытпауымыз керек. Соңғы өзгерістерді көріп, еліміздің еңсесі көтеріліп, дұрысталып кетуінен үміттіміз. Алла тағаланың көзі түзу болсын! Халықты алдай бермей, мәселесін шешетін уақыт келді ғой.

– Әңгімеңізге рахмет. Сахнада ел-жұртыңызды қуанта беріңіз.

 

Әңгімелескен

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше