Парламент • 27 Қаңтар, 2022

Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания Елшісімен кездесті

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Личпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев  Ұлыбритания Елшісімен кездесті

Палата Спикері өз сөзінде таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген еліміздің негізгі басымдықтары туралы айтты.

«Ел Президенті Қазақстанның алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Сондай-ақ жаңа Үкімет құрамы мен барлық мемлекеттік аппаратқа нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы саяси жүйемізді одан әрі демократияландыру қажет екенін де атап өтті. Осы бағыттағы нақты бастамалар сарапшылармен және жұртшылықпен жүргізілген жан-жақты диалогтан кейін биылғы қыркүйекте жарияланады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Төрағасы Сенаттың алдында ел Президентінің барлық бастамасын заңнамалық тұрғыдан сапалы және уақтылы қамтамасыз ету үшін ауқымды міндеттер тұрғанын айтты.

Өз кезегінде Кэтрин Лич Қазақстан Президенті айқындаған міндеттердің маңызды екеніне тоқталып, олардың қолға алынған реформаларды жедел іске асыруға бағытталғанын тілге тиек етті.

Кездесу барысында сұхбаттасушылар жыл басында елімізде болған қайғылы оқиға да назар аударды. Бұл ретте болған жағдайды объективті және ашық бағалаудың маңызды екені айтылды. Палата Төрағасы ол үшін елімізде барлық қажетті шаралар қабылданғанын, тергеу жұмыстарының нәтижесі ашық жарияланып, халықаралық қоғамдастыққа жолданатынын жеткізді.

Тараптар екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту мәселелерін де талқылады. Мәулен Әшімбаев пандемиядан кейін Қазақстан мен Ұлыбритания арасында парламентаралық байланыстың қарқыны толық қалпына келетініне сенім білдірді. Бұдан басқа, ол қазақстандық депутаттар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық Одақ және басқа да құрылымдар аясында британиялық әріптестерімен көпжақты байланысты дамытуға мүдделі екенін айтты.