Табалдырығын аттаған адамзат баласының ақылы мен ойын тереңдетіп, санасына сәуле түсірген жүрегі бар үйді үнемі баратын мекені еткендердің жерде қалғаны жоқ. Борхестің «Мен жұмақты кітапхана кейіпінде елестетемін» дегені мен Альберт Эйнштейннің «Сізге білуге тиісті жалғыз орын – кітапханалардың орналасқан жері болуы керек» деген даналығы осы өркениет ошағының қадірін одан әрі асырмаса, кемітпейді.
Осы орайда біздің ұлы даламызда кітапхана болды ма деген заңды сұрақ туындайды. Болғанда қандай? Басқасын айтпағанда, Шыңғыс қағанның сарбаздары алты күн бойы өртеді деген Отырар кітапханасын дәлел етуге болады. Мейлі, бұны аңыз дерсіз. Бірақ аңыздың да төркіні бар екені шындық. Егер шынымен солай болса, алты күн өртенген кітапхананың қаншама үлкен болғанын, оның ішінде қандай құнды мұралар сақталғанын елестетудің өзі көңілді құздан құлатқандай әсер береді. Кітапхана туралы сөз болғанда, әрине, оқырман туралы да айта кеткен дұрыс. Әр мемлекетте, әр ұлтта әртүрлі оқырман бар. Олардың рухани әлемге деген көзқарасы мен танымы да басқаша. Бір елдің оқырмандары өмір бойы Шекспирдің шығармаларын тамсанып оқыса, енді бір елде Данте мен Гомердің жұлдызы жарық екені даусыз. Бұл оқырманның сапасына байланысты мәселенің ұшығы. Біз оқырманның сапасын сөз етуге лайық бір суреттің тарихы туралы сөйлемекпіз. Оқиға былай басталған еді:
1944 жылы 23 ақпанда Лондон кітапханасына фашистер бомба тастады. Нәтижесінде, кітапхана қирады. Өркениеттің, мәдени мұралардың бетін күйік шалды, оқырманның, қаламгерлердің жүрегіне жара түсті. Аталған кітапхана үлкен соғыстың басындағы әуе шабуылдары кезінде бірнеше рет сәтсіздікке ұшырады, бірақ ақпан айында көзделген жарылыстан аман қалмады. Гитлер армиясы ұшағынан тасталған жоғары жарылғышты 500 фунт бомбалардың нысаны бірінші кітапханаға тиді, сосын Әулие Джеймс сарайының сыртындағы жолда жарылып, Король капелласының терезелерін қиратты. Сарапшылардың айтуынша, шығын өте ауыр болды. 16 000-нан астам кітап өртке оранып, кітапхана қызметкерлері мен мүшелері жаңбыр мен өрт сөндіру түтіктерін алып, қолдан келгенін жасап, өркениет ошағын апаттан құтқаруға тырысты. Сол кездегі танымал жазушылар Джеймс Лис-Милн және Джон Поп Хеннесси құтқару операциясына көмектесті, кітапханашының көмекшісі Фредерик Коксқа: «Біз дінімізді жоғалттық», деп айқайлады.
Гитлер тағы да ұлылық әліппесі атанған кітаптарды өртеп жіберуге құлшынды. Әйтпесе, ол екі кештің ортасында 22 бомба лақтырмас еді. Жарылғыш бомбалар мен алапат өрт Лондондағы тарихи орынның бірі Голланд үйін шығынға ұшыратты. Кітапханашы Джеймс Пурнелл: «Үстіңгі қабаттағы көне басылымдар, әсіресе алфавиттің екінші жартысындағы әріптерден басталатын мұралар көп зардап шекті. Сондай-ақ Ғ-дан Ж-ға дейін және С-дан Я-ға дейінгі әріптерден басталатын қаламгерлердің биографиялық шығармалары да жанып кетті» деп түсініктеме берген.
Осы шабуылдан бірнеше аптадан кейін Британ үкіметі оқиға болған жердің суретін жариялады. Аталған суретте жақсы киінген үш адам Лондонның ашық аспан астындағы кітапхана сөрелерін ақтарып, айналада болып жатқан даңғазаны мүлде елемегендей күй кешуде. Яғни таза ойдың, кіршіксіз ниеттің иелері бомба құлап жатса да оқуын жалғастыра беретініне куә болдық. Осы оқиға туралы Уинстон С.Черчилль «Екінші дүниежүзілік соғыс» атты шығармасында: «Өркениет орталығының қабырғаларының ар жағында біздің ел «жаңа қараңғы дәуірдің тұңғиығына» түсіп бара жатты», деп жазады. Немістердің шабуылына төтеп берген британдық өркениеттің бейнесін түсіру үшін осы жолдан өтіп бара жатқан оқырмандар немесе министрлік қызметкерлері жіберілді ме деген сұрақ әлі де өзекті. Тазалау операциясына Ұлыбритания мен АҚШ әскери қызметшілері қосылды және мыңдаған кітап Ұлттық галереяға орналастырылу үшін арбамен тасымалданды. Қалай десек те, кітапхананың ғұмыры – мәңгілік. Оған оқ тисе де, бомба түссе де, оның құндылығы жойылмайды.