Туризм • 27 Қаңтар, 2022

Луврды тамашалаушылар легі аз

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаһанды жаналқымынан алып тұрған планеталық пандемия әлі де қайтар емес. Дауасыз дерттің салқыны өнер саласында әбден тығырыққа тіреп бітті... Емін-еркін, қанатын кеңге жайған шабыт құсы темір тордың ар жағындағы шашасыз тұтқындай шалдыға күй кешіп жатқандай...

Луврды тамашалаушылар легі аз

Жер бетіндегі барлық музей, кітап­хана, театр залдары, бәрі-бәрі бұрынғы қамсыз тіршілігінен жаңылып, жа­был­ған есіктер әлі де емін-еркін айқара ашыла алмай тұр. Ол есіктердің ішінде Франциядағы атақты мұражайлардың да қымбат қақпалары бар.

Дәл деректерге сүйенсек, атақты Луврды былтыр небәрі 2,8 миллион адам ғана аралай алыпты. Бұл көрсеткіш, атал­ған мұражайдың пандемияға дейінгі келушілер санының 30 пайызы ғана екен. Егер дүние бұрынғы қалпында болар болса, Лувр табалдырығын жылына 10 миллион адамға дейін тоздыратын еді.  Бұл мұражайдың 1986 жылдан бергі ең төмен көрсеткіші болса керек.

Ресми дереккөздерге сенсек, пан­демия­ның екінші жылында француз мұражайларына келушілердің жалпы саны ковидке дейінгі деңгейден 60-70% төмен болғанын айтады.

Луврды тамашалаушылардың алпыс пайызы жергілікті тұрғындар, жалпылай алғанда француздардың өздері делінеді. АҚШ пен Германиядан келушілер мұ­ра­жай қонақтарының небәрі 6 пайызын құрайды. Англия халқының 2 пайызы ғана биыл Джоконданы тамашалаған сияқты. Ең өкініштісі, биылдыққа Азия­дан бірде-бір адам Луврға ат шал­дыр­ма­ған. Көңілсіздеу көрсеткіштер солай дейді...

Пандемияға дейін Луврға келуші америкалықтардың үлес салмағы 20 па­йыз болса, екінші орында қытайлықтар болған.

Соңғы екі жыл ішінде үкіметтің бұй­ры­ғымен француз мұражайлары, жалпы алғанда бір жылға жуық жабылған екен. Осы уақыт ішінде мемлекет оларға қаржылай қолдау көрсетіп отырған.

Жалпы, Луврдың 2021 жылғы табысы 2019 жылмен салыстырғанда 80 миллион еуроға азайды.