Экономика • 27 Қаңтар, 2022

Әлем экономикасы биыл қалай құбылады?

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық валюта қоры жаңартылған World Economic Outlook макроесебін жариялап, жаһандық қаржы және экономика нарығының жайы туралы құнды деректерді жария етті. Әдепкі болжамдары аса жайлы емес. ХВҚ-ның хабарлауынша, жаһандық өсім 2021 жылғы 5,9-дан 2022 жылы 4,4 пайызға, ал 2023 жылы 3,8 пайызға дейін төмендейді. 

Әлем экономикасы биыл қалай құбылады?

«COVID-19-дың жаңа түрлерінің пайда болуы пандемия ғұмырын ұзарта түседі және жаңа экономикалық қиындықтар тудырады. Оның үстіне геосаяси қысымдар мен климат жағдайы да тәуекелдерді күшейтіп отыр. Жоғары инфляция әлі ұзақ сақталады деген болжам бар. Өйткені 2022 жылы жеткізу тізбегіндегі ақаулар мен энер­гия тасымалдаушының жоғары бағасы сақталады» делінеді зерттеуде.

ХВҚ болжамына сү­йенсек, биыл қай ел үшін де жағ­дай оңай болмайды. АҚШ экономикасының өсімі – 1,2, Еуроаймақ – 0,4, Ұлы­британия – 0,3, Қытай – 0,8, Ресей – 0,1, Бразилия – 1,2, ОАР 0,3 пайызға азаймақ. Бұл ретте Жапония (+0,1 па­­йыз) мен Үндістанның (+0,5 па­йыз) өсімі ғана жоғарылай­ды деп көрсетілген.

Қордың бірінші орын­басары Гита Гопинаттың айтуын­ша, көп елдегі қарыз­дың рекордтық деңгейі мен ырық бермей тұрған инфля­ция экономикалық кедер­гілер­ді бұзып-жарып өтуге мүм­кіндік берер емес.

«Алайда кейбір қиын­дықтар басқаларымен салыстырғанда ұзақмерзім­ді емес. Сондықтан біздің болжамда «Омикрон» штамы 2022 жылдың бірінші тоқсанында экономикалық белсенділікке жағымсыз әсер бергенімен, екінші тоқсаннан бастап біртіндеп кері әсер төмендей түсетіні айтылған. Біз биылғы жаһандық өсімді 4,4 пайыз деп болжап отырмыз. Бұл алдыңғы болжамдардан 0,5 пайыздық тармаққа төмен, негізінен АҚШ пен Қытайдың болжамдарының төмендеуіне байланысты. 2022 жылы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақ­тық қысқарады деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, экономи­касы дамыған елдердің жағдайы пан­демияға дейінгі деңгейге орала­ды, ал дамушы елдерде орта­мерзімді перспектив­а­да өндіріс көлемінде айтар­лық­тай тоқырау сақталады. Қиындықпен лайықты күресу үшін кең ауқымды вакциналау жүргізу өте маңызды. Қазір табысы төмен елдерде ха­лықтың тек 4 пайызы вак­цина қабылдаған», дейді Гопинат.

ХВҚ-ның елімізге қатыс­ты болжамына назар салар болсақ, халықаралық қор 2022 жылы Қазақстанның өсімі 0,1 пайызға (яғни 3,9-дан 3,8 пайызға) төмендейді деп па­йымдайды.