Сондай науқастардың бірі – Ақтау қаласынан келген 55 жастағы Дина Қыдырова. Ол велосипедтен құлап, жарақат алған.
«Мен ешқашан аяғымның ауырғанына шағымданған емеспін. Қазақ «Бейнет аяқ астынан» дейді. Қыркүйек айында Бурабайда демалыста болдым. Қаланың қарбаласынан демалып, денсаулығымды түзеймін деп ойладым. Өкінішке қарай, бүгінге дейін сол жерден алған жарақаттың зардабын тарттым. Велосипедтен құладым. Тізем көз алдымда үлкен доптай ісіп кетті», деп еске алады Дина Қыдырова.
Емделушінің айтуына қарағанда, жарақат салдарынан жүруі қиындап, ұзақ уақыт бойы физиотерапиялық ем алғанымен еш нәтиже бермеген көрінеді.
«Тізем қатты ауырды, жергілікті дәрігерлер диагноз қоя алмады. МРТ-дан кейін ғана дәрігер менискінің жарылуы мүмкін екенін айтып, елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми орталығына ота жасатуға жіберді. Артроскопия және спорттық жарақат бөлімінде маған ота жасалды. Анестезиядан қатты қорқатынмын. Бірақ дәрігерлер өз ісінің кәсіби мамандары екен. Барлығын түсіндіріп, сұрақтарыма жауап берді. МӘМС аясында тегін емделу мүмкіндігіне ие болғаным үшін ерекше алғыс айтамын. Дәрігерлердің қолдары алтын, қызметтеріне басымды иемін», деді Дина Қыдырова.
Науқастың дәрігері Марат Оразов тізе буынының тартылуы немесе сынуы кезінде менискінің жарылуы жиі кездесетін тізе патологиясы екенін айтады. Мұндай жарақат кезінде ісіну және өткір ауырсыну болады.
«Біз науқасқа 21 қаңтарда ота жасадық. Операция 20 минутқа ғана созылды. Камера бақылауындағы екі пункция арқылы аз инвазивті артроскопиялық ота жасалды. Сондықтан сол жерде бүкіл буынды, шеміршектің, байламдардың, ұсақ түйіршіктердің жағдайын тексеріп, науқастың ауырсынуына әкелетін тұрақсыз бөлігін алып тастадық», деп түсіндірді дәрігер.
Мұндай оталардың артықшылығы, пациент келесі күні өздігінен қозғала алады. Қалпына келу мерзімі 2 айға созылады, яғни қысқа уақыттан кейін пациент қайтадан аяқтарына әдеттегідей жүктеме салып, жүре алады.
Жалпы, Академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында өткен жылы МӘМС аясында барлығы 6 861 хирургиялық ота тегін жасалған. Бұл осынша науқастарға қозғалыс еркіндігі мен дертсіз өмір сыйлады деген сөз.