Экономика • 28 Қаңтар, 2022

Жеке тұлғалардың банкроттығы: Заңда қандай талаптар болады?

3688 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президенттің Үкіметке айрықша маңыз беріп жүктеген тапсырмасы – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау. Мұндай заңды керек деушілер де, қажет емес деп қарсы шыққандар да болды. Дегенмен бұл енді маңызды емес. Маңыздысы – заңның қандай боларында. Жеке тұлғаларға қаншалықты пайдалы екенінде.

Жеке тұлғалардың банкроттығы: Заңда қандай талаптар болады?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Қаржы жүйесінің тұрақ­ты­лығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халық­тың табысында алшақтық пай­да болғандықтан, тұтыну несие­лері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу кө­лемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осы­ны ескерсек, бұл қаржы нары­ғын құбылтып, әлеуметтік тұрақ­сыздық қаупін тудыруы мүмкін» деген еді Мемлекет басшысы Мәжі­ліс отырысында сөйлеген сөзінде.

Кейінірек Премьер-Министр Әлихан Смайылов та заң жобасын әзірлеу басталғанын мәлімдеді. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев банкроттық жасау – қарыздан құтылудың ең соңғы амалы екенін, әрбір тұтынушы банкроттық жасағаннан кейін өзі­нің қаржылық тарихында үлкен таңба қалатынын естен шы­ғар­мауға тиістігін жеткізді.

«АҚШ-та банкроттықтың бірнеше түрі бар, бірақ бәріне ортақ нәрсе – қарыздан құтылу үшін ең қажеттісінен өзге (үйді де сатады) мүліктің бәрін сатады және көп жағдайда жаңа займ алуға жол жабылады. Бұл Штаттардағы өмірді қиындатады. Германия мен Францияда да осыған ұқсас – жеке зат, тозығы жетіп тұрғаны сәнді мүліктен басқасының бәрі (мұнда да үй сатылады) сатылымға шыға­ры­лады», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақ­станда ресейлік тәжірибе негізге алынуы мүмкін: көрші елде 2015 жылы 500 мың рубльден асатын (2,8 млн теңге) сомаға банкроттық процедурасы енгізілген. Ал 2020 жылдың күзі­нен бастап 50-500 мың рубль ара­лығындағы шағын қарыздар үшін соттан тыс банкроттық қызметі жүзеге асырылуда. Соңғы қызмет тегін, оны бір жылда 2,4 мың ресейлік пайдаланыпты.

«Қазақстанда жеке тұлғалар банкроттығының механизмі қандай болары белгісіз. Алдын ала болжау бойынша, үйді сатылымға шығармай, қарыз алушының меншігінде қалдыра беруі мүмкін. Екіншіден, процедурадан өткен азаматтар қайтара несие рәсімдей алмайды. Үшіншіден, процедура үшін табыс туралы декларация толтырады және одан кейін кірісін бақылауға келісімін береді. Төртіншіден, банкроттыққа өтініш бергенге дейін тығырықтан шығар басқа жол қалмағанын дәлелдеуі қажет болатын сияқты. Қазақстан үшін банкроттықтың бұл түрі қажетті құрал, алайда аса танымал бола қоймауы мүмкін. 2021 жылдың қарашасындағы дерек бойынша төленбегеніне 90 күннен асып кеткен «нашар» несие үлесі 4,1 пайызды құраған. Бір жыл бұрын 8,1 пайыз болған еді. Ал он жыл бұрын 31,4 пайызды иектеп тұрған», дейді А.Чеботарев.

Экономист Мақсат Халық заң жобасы дайындалмай тұрып, алдымен халық талқысына түсуі тиіс деп санайды.

«Егер бір несиесін жабу үшін тағы екі несие алса, ондай азаматтардың жағдайын қарас­тырып, банкрот деп қарас­тыру керек деп есептеймін. Ша­ғын несиелік ұйымдар мен банк­тер біраз шығын көреді. Коллек­торлық компаниялар да. Өйткені өндіру бойынша банктің қарызын өздерінің мойнына алады ғой. Демек, олар ертең үлкен шығынға батайын деп тұр. Сақтандыру компаниялары да біраз шығынға ұшырайды», дейді экономист.

Ал экономист Мақсат Сера­лы­ның сөзіне қарағанда, заң қа­былданса 1,5-2 млн қазақ­стан­дық банкрот болуы ықтимал. Өйт­кені қарызын төлей алмай отыр­ған азаматтар саны осыған таяу.

«Халық, микрокредиттік ұйым, банк орталықтары, Үкімет тара­пы, «Атамекен» ҰКП-дан экс­перттік комиссия құрылуы керек. Олар жан-жақты қарастыруға тиіс. 3 ай мен 6 айдың арасында адамға мүмкіндік беру керек. Өйткені жеке тұлғаны бірден банкрот деп жариялау, яғни қысқа мерзімді мүмкіндік бермеу дұрыс емес» деген ой айтады.

Tukulov & Kassilgov Litigation заңгерлік фирмасының серік­тесі Бахыт Тукулов Парла­мент­­те талқыға түскен «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының кейбір заң­нама­лық актілеріне банкроттық мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу тура­лы» заң жобасын зерделеп, бірқа­­тар ерекшелікті атап өтті. Заң­ның не­гізгі мәтіні жоба­дағы нұс­қа­сы­нан басқаша болуы мүмкін екеніне қарамастан, бұлай­ша түсі­нік беруіміз оқырмандар үшін пайдалы болар еді дейді заң­гер. Оның айтуынша, жоба екі нұс­қада қарастырылуы мүмкін. Алғаш­қысы – қарызы 1000 АЕК-тен (3 063 000 теңге) көп емес және мү­лігі жоқ борышкерлер, одан кейін­гісі – қарызы 1000 АЕК-тен аса­тын­дар. Алғашқылары сотқа ша­ғым­данбай-ақ банкрот атана алуы мүмкін болса, кейінгілері сот процедурасына қатысады. Ол төлем қабілетін қалпына келтіру­ден және мүлікті сатудан тұрады. Соттан тыс банкроттық процесі жүріп жатқан кездегі кедергілер қандай? Сарапшының айтуынша, ол кезде борышкер займ рәсім­демейді, кепілдік бере алмайды және ел аумағынан шыға алмайды. Ал сот банкроттығына қандай жағдайда өтініш беруге болады? Біріншіден, қарыз көлемі 1000 АЕК-тен асып кетсе және ол бір айдан астам уақыт бойы өтелмесе. Екіншіден, қарыз көлемі мүлік құнынан асып кеткен болса.

– Соттан тыс немесе сот бан­крот­тығынан соң үш жыл ішінде қарыз алушы үшін мынадай шектеулер бар. Ол банк немесе МҚҰ-дан займ рәсімдей алмайды. Сон­дай-ақ оның ортақ қарыз алу­шы, кепіл беруші, кепіл немесе кепіл­гер болуға құқығы жоқ. Жеке кәсіпкер ретінде де тіркеле алмайды. Заңды тұлға атануға да құқылы емес. Ондай адамға нотариус, аудитор, жеке сот орындаушы, медиатор, бағалаушы және адвокат болып жұмыс істеуге де тыйым салынады. Қарыз кеші­ріл­генге дейін қарыз алушы ел аумағынан сыртқа шыға алмай­ды. Берешектер есептен шыға­рыл­ғанға дейінгі кезеңде борышкерге Қазақстан аумағынан тыс тұрғылықты жерге кетуге ты­йым салынады, – дейді ол.

Сонымен қатар Б.Тукуловтың айтуынша, жоба қарыздарды ке­шіру мәселесін шешу кезінде сот қарауының еркіндігін көздей­ді. Бұл өз кезегінде соттың түр­лі та­рап­тардан және үшінші тұлға­лар­дан тәуелсіз болуын талап етеді.

– Мұндай жағдайда егер сот объективті болмаса оның қарауы қателіктер тудыруы ықтимал (әйтпесе ешкімнің де қарызы кешірілмейді немесе бәрінікін бірдей кешіреді не болмаса ала-құла шешім туады). Сот жүйесі мұндай жауапкершілікке дайын ба, әлде қарызды есептен шы­ғару кезіндегі сот билігін бір­шама «тарылту» керек пе? Жоба­да қарыз сомасы 100-1000 АЕК ара­лығындағы қарыздарды есеп­тен шығарудың салыстырмалы түрде қарапайым процесі қарас­тырылған. 100-1000 АЕК аралы­ғындағы қарыздарды есептен шығарудың салыстырмалы жеңілдігі банктерді қарызды 1000 АЕК-тен асатындай «ұлғайтуға» итермелеуі мүмкін. Мысалы, қарыз көлемі 1000 АЕК-тен асқанша қарыз алушыны мазаламайды. Біз жобаның осы бөлігіне жасалған бақылау механизмін көрмедік, – дейді заңгер.

Экономист Сапарбай Жо­баев­тың пайымына сүйенсек, Қазақ­станда банкрот болу – қаржылық еркіндіктен ажырау.

«Банкрот болсам, мемлекет бүкіл қарызымды кешіре салады деп жеңіл ойлауға болмайды. Егер заң­ды тұлға немесе кәсіпорын банк­рот болса оның мүлігі, кеңсе тех­ни­касы, үй-жайын сатып, креди­тор алдындағы қарыз бөлігін өтеу­ге болады. Жеке тұлғаның да мү­лігі мен жылжымайтын мүлігін сату­ға болады. Бірақ мүлігі жал­ғыз және қол сұғылмайтын болса, онда оны сату қиын. Демек, клиент­­­тің қарызы кешірілмейді, өтеу үшін кейінге қалдыру мүмкін­ді­гі беріледі. Әйтпесе үлкен мөл­шер­де несие алған кез келген қа­зақ­стан­дық банк алдындағы жауап­­кер­шіліктен жалтару үшін өзін бан­крот деп жариялай беруі мүм­­кін ғой. Сондықтан бұл заң жоба­сы ұзақ дайындалады», дейді С.Жобаев.

Экономист Рахым Ошақбаев заңды дайындау кезінде жұмыс тобына міндетті түрде қарапайым қарыз алушылардың өкілдері қаты­сып, тұтынушылардың да мүд­десі ескерілуі керек деп есеп­тейді. Әйтпесе, мемлекет тағы да банктердің ығына жығылып, ертеңгі күні тек қаржы институттарына ғана тиімді заң айналымға еніп кетуі ықтимал.

«Шынымен қиын жағдайға тап болғандар ғана банкрот болуға тиіс. Ертең бәрі жаппай банк алдын­да­ғы қарыздарынан құты­лып кетуге жол бермеу керек. Ондайда тәуекел өсіп, тұтыну­шылық несие ставкалары жоға­рылап кетеді. Бұл үшін қазір­гі заңды тұлғалар банкрот­тығы туралы заңға және халық­ара­лық практикаға сүйену қажет. Процедура міндетті түрде сотпен рәсімделуге тиіс. Қауымдастық кешірілетін қарыз шегін де ұсынды. Банкрот болып танылғандарды сауықтыру да қаралуы керек. Қазір 3-5 жыл аралығында азамат ешқандай несие ала алмайды, кәсіп­орын құра алмайды де­ген қарас­тырылып отыр. Ол тек жал­дамалы жұмысшы ғана бола алады», дейді Қаржыгерлер қауым­дасты­ғының төрағасы Елена Бахмутова.

Дәл қазір қазақстандықтардың тұтынушылық займы 6 млн тең­гені құрайды. Қаржыгерлер қауым­дастығының дерегінше қарыз алушылардың 19 пайызын­да берешекті өтеу мерзімі 90 күн­нен асып кеткен.