19 Наурыз, 2014

Кімнің киімін киіп жүрсіз?

809 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

киим

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр проблемалары

 Шындығына келсек, бәріміз де өзгенің киімін киіп жүрміз. Иә, көршілердікі, одан қалды көршінің көршісінікі. Не керек, әйтеуір біздікі емес. Сенбесеңіз, үстіңізге үңіліп көріңіз... Ұялған тек тұрмастың жайымен базарға бағыт алдық. «Қазақстанда жасалған» киім іздеп жүрміз. Жағалай импорт. Әлемдік брендтерді былай қойғанда, шетелдің арзанқол тауарларынан-ақ көз сүрінеді. «Мыналар қай жақтан?» дегенімізше болған жоқ, сатушы зуылдай жөнелді: «Қандайы керек, бізде бәрі сапалы, Түркия, Ресей, Германия...». «Өзіміздікі жоқ па?». «Ә-ә, арзан іздедіңіздер ғой, онда Қытай, Қырғыздан бар...». «Қазақстаннан ше?». «Қазақша киім? Ондайлар екінші қабатта, қамзол, шапан, бәрі сонда бар». «Қазіргі заманғы киімдер ше?». Жоқ! Кейде «осы Қытай болмаса, жалаңаш қалар ма екенбіз деп ойлайсың. Тіпті, іш киім мен шұлықтың өзін шетелден киген соң қайтерсіз. Себебі, өз еліміздің жеңіл өнеркәсібі жемісін жегізе алмай жүр. Атауы жеңіл болғанымен, бұл өнеркәсіпті дамыту біздің ел үшін әсте ауыр болған сыңайлы. Мәселен, жеңіл өнеркәсіпте біз өз-өзімізді тауармен 9 пайыз шамасында ғана қамтамасыз етіп отыр екенбіз. Бұл қауіпті, әрине. Аса қажетті, бірінші кезектегі тауарларды да сырттан тасимыз. Былайша айтқанда, импортқа тәуелдіміз. Ал мамандардың айтуынша, елдің қауіпсіздігі үшін, экономикалық тәуелділіктен арылу үшін біз өз-өзімізді кем дегенде 30 пайыз тауармен қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет тарапынан қаншама көңіл бөлініп жатыр десек те, бұл саланың берекесі кірер емес. Қабылданған бағдарламалар бар, бірақ нәтиже жоқ. Соған қарағанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі әлі де жіті мән беріп, «май шаммен» қарауды қажет ететіндей. Мәселен, Қазақстан мақта, жүн, тері сияқты шикізаттарға бай бола тұра, ел ішінде өңдеу ісі өркендемеген. Қарапайым тілмен айтқанда, ештеңе өңдей алмай отырмыз. Бұл салаға келіп жатқан инвестор та жоқтың қасы. Егер де елімізге сырттан тауар ағылмаса, инвестор атаулы ойланбастан келер ме еді, кім білген? Сонда бірлескен кәсіпорындар да, жаңа жұмыс орындары да ашылып, бәсекеге қабілетті тауар да шығарылар ма еді. Былай алып қарасақ, бұл саланың әлеуметтік маңызы өте зор. Жеңіл өнеркәсіп халықты жұмыспен жоғары деңгейде қамтитын әлеуметтік сала болғандықтан, кез келген мемлекетте ерекше мәнге ие. Мысалы, Қырғызстан бұл салаға қосымша құн салығын салмайды, мұндай әдіс Түркияда да бар. Үндістанда жекелеген қорлар қолдау көрсетеді. Қытай елі өндірісшілеріне субсидия береді екен. Ал жеңіл өнеркәсіпке ерекше мән берілген Корея, Жапония сынды елдер 70-80 пайыз өз өнімдерін тұтынады деседі. Бұл ең бірінші – тұрғындар үшін жұмыс орны. Мәселен, Үндістан, Түркия, Қытайда жеңіл өнеркәсіп саласында тұрғындардың 21 пайызы жұмыс істесе, Қырғызстанда халықтың 30 пайызы өз нәпақасын осы саладан табады екен. Ал біз ел-жұртты сырттан дайын өнім әкеліп киіндіріп отырмыз. Анығын айтқанда, еліміз Қытайға, Қырғызстанға, Түркияға инвестиция салып отыр деген дұрыс. Өйткені, біздің ақшаға ол жақта қосымша жұмыс орындары ашылып жатыр. Олай дейтініміз, бізге сырттан келетін киім-кешек килолап емес, тонналап әкелінеді. Ал бұдан сыртқа аз ақша кетіп жатпағанын аңғару қиын емес. Біздің басты кемшілігіміз де осы – сырттан келген тауарды ішкі рынокқа емін-еркін кіргізе салатындығымызда жатқандай. Бұл ретте «Сауда қызметі туралы» заңды белшеден басып жүргендер де аз емес. Қазір тіпті, өз еліміздің өнімін талап етпек түгілі, шетелден келген тауарлар сапасына да жауап беріп жатқан адам жоқ. «Made in .... » деген жапсырмаға өздері қалаған елдің атын жазып өткізе береді. Саудагерлердің айтуынша, бізде өнімнің килосына 0,6 еуро төлеп, тауарды кеденнен еш кедергісіз енгізе алады екен. Ең бастысы, ақшасын төлесең болғаны. Қанша сомаға қандай көлемде тауардың кіріп жатқанын ешкім білмейді. Ал басқа елде шектеу бар, 50 кило кіргізуге құқылысың, одан асса, міндетті түрде декларация қажет. Бізде екі тоннаға дейін тауар әкеле алатынын естігенімізде еріксіз таңданыстық. Әлемнің бірде-бір еліне шетел тауарлары бұлай емін-еркін кіре алмайтын шығар. Осының өзі ел нарығын сапасыз тауарлармен толтырып, өз отандық өндірісшілерімізге кең қанат жайып, тыныстауына мүмкіндік бермей отырғаны айдан анық. Иә, осының салдарынан бұл саладағы біздің өндірісшілер қалың бұқара тұтына қоятын жібі түзу киім-кешек шығара алмай отыр. Өндіріс немесе қандай да бір қоғамдық қызмет саласына арналған «спецовкалар» (арнайы жұмыс киімдері) мен «формалар» тігуден әріге аса алмай келеді. Жеңіл өнеркәсіп дегенде сол «спецовкаларды» көрмеге шығарып мәзбіз. Ал қазір үстімізге «спецовка», аяғымызға «резеңке етік» киіп жүретін заман ба? Әрі кеткенде отандық өнім дегенде, мереке-тойда киілетін аз-мұз ұлттық киімдерімізді алға тартамыз. Өнеркәсіп палатасының деректері жеңіл өнеркәсіп саласында 2012 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2819,7 млн. теңге сомаға 23 жоба қолдау тапты дейді. «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» атты бірінші бағыты бойынша 814,7 млн. теңге сомаға 19 жоба, «Кәсіпкерлердің валюталық қатерлерін төмендету» атты үшінші бағыты бойынша 2004,9 млн. теңге сомаға 4 жоба қолдауға ие болған. «Өнімділік-2020» бағдарламасы шеңберінде арнайы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін лизинг мәні 150 млн. теңгеден 75 млн. теңгеге дейін, яғни екі есеге төмендетілгені тағы бар. Жұмыс істеп тұрған ірі орта тоқыма кәсіпорындарының және өңірлердің саны 68-ді құрады, тоқыма бұйымдар өндірісі – 34, киім өндірісі – 27, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде жетеу деп тізбектеген екен. Жаман көрсеткіш емес. Бірақ одан қарапайым халыққа қажетті тауарлар шықпайтын сияқты. Шықса, неге біз «базардан» байқамаймыз? Неге кимейміз? Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға байланысты 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама да қабылданды. Оған қоса Индустрияландыру картасы бар. Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 707 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Статистика мәліметтеріне жүгінсек, бұл саланың дамуы 2008 жылмен салыстырғанда 2 жарым есеге өскен. Еңбек өнімділігі 1 жарым есеге. Мақтамен қамтамасыз ету 100 пайыз, тоқымадағы үлес – 77, мата тауар – 42, спорттық киімдер – 8, шұлық 5 пайыз, киім-кешек бойынша бас киімдерді тігу 2008 жылмен салыстырғанда 3 есеге артса, нәресте киімі бір жарым есеге өсіп отыр. 2014 жылға қарай жеңіл өнеркәсіп саласындағы дайын өнім экспорты 2008 жылғы жағдаймен салыстырғанда 2,5 есеге өспек. Ал, еңбек өнімділігі болса, 1,5 есеге артады. Өткен жылдың өзінде бұл көрсет­кіш 50 пайызға ұлғайған. Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Жоғарыға жететін есеп осындай. Есепке еш күмәніміз жоқ. Тек нәтижесін неге көрмей жатырмыз деген қарапайым ғана сұрақ туындайды. Жалпы алар болсақ, ертеден қазақ киім тігуден ешкімнен кем түскен емес. Оқалы шапан, бүрмелі көйлек, кестелі орамал, құндыз бөрік тіккен, алтынмен апталған, күміспен күптелген ат-әбзелін жасаған қазақ емес пе едік? Ендеше қазіргі заманауи киімдер тігуге неге шамасы жетпей отыр десеңізші! Тіпті, сонау кеңес кезінде де жеңіл өнеркәсіп еліміздегі ең дамыған саланың бірі болған деседі. Сол кездегі көрсеткіштерге қарасақ, біздегі жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы 15,8 пайызға жетіп, ел бюджетінің 25 пайызын құраған екен. Ал мұндай көрсеткіш әлемді тауарымен жаулап алған Қытайдың өзінде әлі күнге дейін болмаған. Дүниежүзілік даму банкінің мәліметіне қарағанда, бүгінде аспан асты еліндегі жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы 10 пайызды көрсетеді, бұл Қытай мемлекеттік бюджетінің 20 пайызы. Іс жүзінде өзіндік табиғи ресурстары жоққа тән Түркияда да бұл саланың үлес салмағы 10 пайыз, жеңіл өнеркәсіптен түскен қаржы ел бюджетінің 40 пайызын құрайды. Кезінде Алматы мақта-мата комбинатының өнімдері өзімізді қойып, шетел асты десе, біреу сеніп, біреу сенбес. Бұл кәсіпорын Кеңес Одағындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі болыпты. Құрдымға кеткен осындай кәсіпорындар әр облыста қаншама. Ал қазір зауыттардың жоқтығынан қазақстандық мақтаның 80-90 пайызы экспортқа төмен бағамен кетіп, керісінше, содан жасалған мақта-мата тауарлары өзімізге қымбат бағамен әкелінуде. Мұның орнын толтырмаққа, елімізде мақта-мата саласын дамытуға байланысты кластерді дамыту қолға алынған еді. Оған Оңтүстік Қазақстан облысы таңдалып алынды. Бірақ бұл да бізді киім-кешекпен қарық қыла алмады. «Oxy Textile» ЖШС Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтағы тоқыма кластері аясында жүзеге асқан алғашқы табысты жобалардың бірі. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикізатты өңдеуге бағытталған болатын. Мәселен, мақта жібін алу үшін шикізат 2 рет өңдеуден өту арқылы құны 4 есеге дейін өсе түседі. Сонымен қатар, кәсіпорын шығаратын өнім Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады». Міне, 2010 жылдың қазан айында іске қосылған «Oxy Textile» ЖШС туралы осылай делінген еді. Алайда, кәсіпорын жарытып жұмыс істемеді. Мақтадан жіп иіретін фабриканың жобасын қаржыландыруға 5,5 миллиард теңге жұмсалған. Жылына 6 мың тонна жіп иіретін фабрикада 260 адам жұмыс істеуі тиіс еді. Сол жылы-ақ «Ең үздік кәсіпорын» номинациясында «Алтын сапа» сыйлығын алып үлгерді. Бірақ, бірнеше айдан кейін кәсіпорын тоқтап қалды. Айтылған желеу – шикізаттың жоқтығы. Тоқыма өнеркәсібін кеңейту арқылы Оңтүстік аймақтың экономикасын дамытуға септігін тигізбек болған ең қымбат жоба – «Ютекс.кз» кәсіпорнына да миллиардтаған қаражат жұмсалды. Мамандардың айтуынша, жобаның құны 19,3 миллион долларды құраған. Жобада шитті мақтаны ақырына дейін өңдеу көзделген. Алайда, бұл кәсіпорынның тіпті, ғимараты да салынып үлгермеді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тек қаңқасы тұрғызылып, контейнерлер орнатылған. «Шымкент Кашемир» зауытының да тағдыры осыған ұқсас. Кезінде үлкен үміт артылған бұл жобаға 560 миллион теңге жұмсалды. Бүгінде мұнда 230 адам жұмыспен қамтылып, шығарылған тауар алыс және жақын шетелдерге жөнелтілуі тиіс болатын. Алайда, осында жеткізілген шетелдік қондырғылар сол күйі іске қосылмады. Кәсіпорындардың тұралап қалуына бас­ты себеп – сол баяғы шикізат мәселесінің шешіл­меуі. Бұдан бөлек, кәсіпорынның қаржы айналымы да аз көрінеді. Осылай түрлі мәселелер тізбектеліп кете береді. Айналып келгенде, қолға алған жобалардан нақты нәтиже жоқ. Ең өкініштісі, осы жоқтың соңында өзімізде киім жоқ. Бұлай демеске амал нешік, әйтпесе қазақша, яғни ұлттық киім ғана емес, қазіргі заманға лайық қазақстандық киім-кешекті де киіп жүрмес пе едік... Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».