12 Мамыр, 2010

АЛУАН АЙШЫҚТЫ АРАБ МӘДЕНИЕТІ

1409 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстандағы мәдениет күндері қылқалам, қолөнер шеберлерінің көрмелерімен айшық­та­лып, екі елдің өнер иелері қаты­суымен өткен достық рәуіштегі кон­церттік бағдарламамен басталған. Мұсылман әлемімен Қазақ елінің арасындағы рухани байланыстар имани һәм ибалы тұрғыдағы рухани қадам­дар­мен сипатталуы, екі елдің мәдениеті мен өнерінде бір-біріне өте ұқсас болып келетін ізгілікті иірімдер мен ежел­ден егіз өрнектердің, адамгершілік айшықтарының қатар кездесуі бекер болмаса керек. Соңғы жылдары осынау құндылықтардың тамыры едәуір терең­деп, екі ел арасындағы қарым-қаты­нас­тар жан-жақты дамып, мәдени шара­лармен әспеттелуде. Соның бір жарқын мысалы ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы наурыздағы Біріккен Араб Әмірлігіне ресми сапары барысында қол жеткізіл­ген екі мемлекет арасындағы мәдениет күндерін айтуға болады.   Қазақстан­ның Араб еліндегі мәдениет күндерінің күнгейлі сәттері екі ел тарихының ұмы­тылмас парағы болып қатталғанда, ен­дігі айшықты сезімдерді Біріккен Араб Әмірлігінің мәдениет майталмандары жарасымды жалғастырған. “Керуен” сауда-ойын-сауық орта­лы­ғында  “Әмірлік ауылы” атты этно­қа­лашық түріндегі көрме арқылы жұрт­шылық арабтың ұлттық әдет-ғұрпы,  салты-дәстүрі мен мәдениеті секілді  ерек­ше бояулармен жақынырақ таны­суға мүмкіндік алған. Көрме мамырдың 14-іне дейін жалғасады. Астана тұр­ғын­дары мен қонақтарының бұрын кезік­пе­ген неше түрлі жауһарларды тама­ша­лап, арабтардың өмірі мен қазіргі ты­ныс-тіршілігінен мол мағлұмат алуына жағдай жасалғаны тағылымды.  Этно­қа­лашық  Араб елінің кәдімгі күнде­лік­ті өміріндегі уақыт бедерлерін дәл де көр­кем бейнелегені көңілге шуақ се­белейді. Адам өзін бейнебір мұсылман әлемінің әзіз қыраттарын аралап, одан мейірім мен қайырымдылықтың қалт­қы­сыз қасиеттеріне кезіккендей күй кешеді. Түстен кейін Бейбітшілік және келісім сарайының үшінші қабатына қаз-қатар орналасқан қызыл-жасыл, ашық, айқын бояулардың бірін-бірі то­лық­тырып, бірін-бірі байытқан кереме­тіне куә болған көрерменге осы сәттің есте қалар тұстары мол болды десек, қателеспейміз. Мәдениет күндеріндегі іс-шараның бағдарламасы шеңберіндегі көркем бейнелеу өнері, араб музыка және би ұжымдарының өнері, оған Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының симфо­ния­лық оркестрінің өзгеше серпін қо­сып отырғаны ғанибет сезім сыйлады. Нажат Мекки, Халил Абдул Вахид, Фахд әл Абдаллах, Ибдисам Абдул  Азиз, Ахмед әл Ширеф, Хұсейін Ши­реф, Мұхаммед әл Газзаб, Фатма Абдул Вахи, Ибрагим әл Авади, Абдул Рахман Зейнел сияқты бояумен кісі жадында мәңгі қалатын қадау-қадау ойлар айта білетін қылқалам шеберлерінің еңбек­терін жұртшылық қызыға тамашалады. Көбі адам баласының ішкі сезімдеріне мейірімділік нұрын себелесем деп тұрады екен. Жаһанның жанарына сүйіспеншілік сәулесін сыйлап, кісіні шат-шадыман әсерге бөлеп жібереді.  Көрмеге ілінген туындылардың ара­сын­да теңіз бен кемелердің бейнесіне көбірек қалам тербеліпті. Теңіз тең­се­леді. Толағай толқындар жағаға адуын кө­бігін бұрқырата шашып, кеме-тағ­дырға әлек салып-ақ жатыр. Бірақ өмір үшін жанталасқан кеме желкенін желге керіп, алға ұмтылып бара жатыр. Араб халқының өмір үшін аңсарлары осы штрихтармен анық сызылып, сол ойды алақандағыдай етіп жая салыпты. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан қыл­қа­лам шеберлерінің ой-мұраттарымен жұп­тасып, қос халықтың үні де бейбіт заман мен тыныштық сазына үйлесе құрылғанын аңғартады. Сарайдың кіре берісіндегі жұрт өтетін жерге арабтың жиырма шақты өнерпазы жағалай тұрды да қолда­рын­дағы ұрмалы аспаптарын сабалап, ұлт­тық әуендерін әуелете жөнелді. Үлкені де, жасы да тегіс бір түсті киіммен көрер көзге өздерін мұсылман әлемінің өкілі екенін бірден ұқтырып, белдерін ерекше иіп, әндерін барған сайын үдете түскен. Бұл олардың осы кешке жиылған жұртшылықты достық көңіл­мен қарсы алып жатқандарының бел­гісі еді. Дәстүр  деген осындай көрініс­термен кең жайылмақ, салт-сананың көкжиегін кеңейтпек.  Қазақ еліне келіп, сол үрдісті үкілеп жатқан араб­тардың ниет-пиғылынан өз үлгілеріне қашанда мақтаныш сезіммен қарап үйренген халық екені көрінді. Әрмен қарайғы шараны өнер шеберлерінің концерті жалғастырып, екі жақтан жылы лебіздер айтылды. Сахна төріне әуелі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көтерілді. “ Біріккен Араб Әмірлігінен келген достар, аста­налықтар , – деп сөз бастады министр, – бүгін біздің мәдени өмірімізде үлкен тарихи оқиға болып жатыр. Біріккен Араб Әмірлігінің Қазақстанда алғаш рет мәдениет күндері өтуде. Екі ел басшыларының шешімімен өткен жылы Қазақстанның мәдениет күндері Абу-Даби мен Дубай шаһарларында зор құрметпен өткен болатын. Енді, мінеки, Біріккен Араб Әмірлігіндегі бауырларымыз астана төрінде  өнер көрсетпек”. Елордада екі ел Прези­дент­терінің шешімімен құны көп мөл­шердегі ауқымды жоба қолға алынып жатса, ал Ақтауда “Ақтау-ситидің” жаңа құрылысы басталғанын айтып, мұндай өзара сауда-экономикалық, дипломатиялық, саяси, сондай-ақ мә­дениет пен туризм саласындағы бай­ланыстар алдағы уақытта да қарқынды дами беретінін сөз етсе, БАӘ-нің Сыртқы істер министрі, доктор Әнуар Гергаш бүкіл араб халқының Қазақ еліне деген жүрекжарды лебізін жеткізді. “Осы кешке бәріңіздің асыға жеткендеріңіз үшін сіздерге әуелі алғыс білдіргім келеді,– деді ол. – Екі ел басшыларының жүргізіп отырған саясатының арқасында түрлі салалар бойынша қарым-қатынастар барынша дамып келеді.” Сапар барысында мәдени байланыстар ғана жоспар­лан­бай, екі елдің үкіметаралық комиссия­сы да ауқымды жұмыстар атқаратынын әңгімелеген. Әсем Астананың ұнайты­нын айтқан. Қазақ елінің болашағына сенетінін жеткізген. Сондықтан да екі мемлекеттің алдында түрлі салалар бойынша қыруар жұмыстар күтіп тұр­ғанын тілге тиек еткен. Сол мақсаттың өмірдегі нақты көрінісіндей болып, екі елдің мәдениет майталмандарынан құралған кеш Әнұранмен өріле кетті. Сахна төрінде Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі (дирижері Абзал Мұхитдінов) “Қыз қуу” симфониялық күйін орындаса, осы ұжыммен қосылып, БАӘ-нің Хасан Фалех Уед Аббас, Ариф Ахмад Абду Жаман, Уйсам Әли Хасаф есімді арабтың ұлттық музыкалық аспап­тарында ойнайтын шеберлері Халед На­сердің шығармаларын тартты. Н.На­зарбаев пен А.Қоразбаевтың “Үш­қоңыр” әнін орындаған Жасим Мұхам­мад Абдулла Хайдар мен Азамат Жылтыркөзов өнеріне жұрт жабыла қошемет көрсетіп жатты. Қазақтың әнін араб өнерпазының шашаусыз орындауы, сондай-ақ Қазақ елі оркес­трінің қонақтардың шығармаларын шынайы шығаруы көп көңіліне жылы әсер қалдырды. Ал мәдениет пен өнер қашанда халықтар арасын жалғаған жылылық пен мөлдір сезімге толы жылғадай тұнық бастау ғой. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Соңғы жаңалықтар