Тіршіліктің мың-сан түйткілімен сонау Кеңес Одағы дей-тұғын кезеңіңізде Қырғызстан жағына көшіп кеткен Шымболат атты сыныптасым араға бақандай отыз жыл салып келіп тұр. Сансыз сұрақтары мен мән-мазмұнымен сынаптай сырғыған уақыт шіркін қайран досымның қабағына өз өрнегін салыпты. Шымкенттейін шаһарыңызға көптен келмегендігі көрініп тұр. Ол үшін келбетті кент көктен салбырап түсе қалғандай.
– Бізден бар ғой, елу, жо-жоқ, тіпті жүз жыл ілгерілеп кетіпсіздер, – деді досым. «Біз» дейді. Онысы Қырғызстанды меңзегені. Енді отыз жыл сол жақтың суын ішіп, ауасын жұтқаннан соң меншіктеп алғаны да. Келіншегі қырғыз жақтың қызы еді.
Шымболат үшін Шымкент тарс жабық, бітеу әлем сияқты. Туған елге деген сарытап сағынышын кеудесіне тұмшалап жеткен досыма күн шуақты шаһардың айтулы, көрікті, тарихи жерлерін көрсетіп шығу үшін туристерге қызмет көрсететін жол көрсетуші гид болуыма тура келді. Әуелі қырғызстандық досыма Шымкент қаласының ТМД және ЕурАзЭҚ-тың таңдаулы қаласына айналып, арнайы дипломмен марапатталғанын мақтанышпен айтып өттім.
Шымболат шынашақтай шағында шешесімен бірге «Қырғы базарға» келген көрінеді. «Сол маңды бір көрсем» деп көкөрім кезін көксеген досым қолқа салған соң не тұрыс бар, такси ұстап «Көл» аялдамасына тартып кеттік. «Шәмші» гүлзарын көргенде достым таң-тамаша қалды. Аумағы заман талабына сай абаттандырылған «Неке сарайы» асқақтап тұр еді. Жас шіркінге жыл мезгілі тосқауыл қоя алған ба, бір топ көңілді жас қызылды-жасылды киініп сән-салтанатымен «Неке сарайынан» шығып келе жатты. Күлімкөз ару төңірекке жәудір көздерімен еркелей қарайды. Оның отты жанарынан мұз екеш мұз да еріп кеткендей ме, қалай өзі? Шіркін-ай, сол бір бұла күндер қайта айналып келіп, тылсым бір күштің құдіретімен осы төңірекке қас-қағым сәтке болса да тепсе темір үзетін жиырма бес жасымызда тастап кетсе ғой...
– Мұнда әртүрлі мәдени шаралар өтеді. Алаңға адамдар сыймай кетеді, – деп жатырмын.
Тәуке хан даңғылы мен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысындағы орталық субұрқақ және Жастар аллеясындағы «Қызғалдақ» композициясы жаңа хайтек технологиясы бойынша шыныдан жасалған. Субұрқақ маңында гранит тастардан қапталған жаздық сахна бар. Маңайы жарық шамдармен түнде тіптен айшықталып көрінеді. Бассейнге жапсарлас дельфиндер айдынға әне-міне шоршып түскелі тұрған тәрізді.
Абай саябағы осы маңнан таяқ тастам жерде еді. Б.Момышұлының ескерткішіне соғып, одан әрі баққа жаяулатып тартып кеттік. М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғимаратының ауласындағы Жастар аллеясы, жол орталарына қойылған түрлі мүсін-ескерткіштер, түнде «жанып» тұратын еліктер, сәйгүліктер, қаз-үйректерге қарап Шымболат кідіре берген.
«Абай» саябағында хакім Абай мұражайына біраз кідірістедік. Мұражай алдындағы Абайдың ұлы Тұрағұлдың тұғырына тоқтап өттік. Спорт алаңдары мен жаңадан бой көтерген цирк, шекарашыларға, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер, Көркемсурет галереясын аралап біткенімізше бір тәулік жоғалттық.
«Даңқ» мемориалына барғанда Шымболат тіптен дегбірсізденіп кетті. Оңтүстіктен Ұлы Отан соғысына аттанған 140 мыңнан астам адамның аты-жөндері гранит тастарға қашалып жазылған ғой. Шымболаттың әкесінің аты жазылған гранит тасты таптық.
– Бізді де ұмытпапты, – деп Шымболаттың көзіне шық қонақтады.
Мен білгенімді айтып келемін. «Даңқ» мемориалы кешенінің ұзындығы – 285 метр, ені – 22 метр, жалпы аумағы – 6 300 шаршы метр. Мұндағы мәрмәр тақтаға 51 Кеңес Одағының Батыры, «Даңқ» ордені толық иегерлерінің және 1 Халық Қаһарманының аты-жөндері қастерлеп жазылып, ілінген. Ескерткіштің биіктігі – 9,7 метр. Жалпы аумағы – 4 250 шаршы метр. Кешен аумағына екі жерден күмбезді шатыр мен орындықтар, жарық шамдар орнатылған. Осы «Даңқ» мемориалының ашылу салтанатына Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың өзі келіп қатысты.
Ордабасы алаңындағы Тәуелсіздік тұғырын да Елбасымыздың өзі келіп ашты. «Рәміздер» алаңы кешенінде еліміздің картасы таңбаланып, Президент Н.Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген сөзі мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан үзінді жазылған. Тәуелсіздік алаңына Алтын көпір арқылы көтерілесіз. Алаңдағы мәдени кешендер көздің жауын алады. «Отан – Ана» тәуелсіздік монументі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Елбасы Тәуелсіздік алаңына шынар ағашының көшетін екті. Ол бүгінде егемен еліміздің символы сияқты биікке өрмелеп барады. Осы «Алтын көпірден» өтіп бара жатып, көне кенттің келбетін жартылай болса да көзбен шолып өтесіз. Тәуелсіздік саябағының теміржол вокзалына қарай шыға берісінде үлкен қақпа орнатылған. Ол Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай салынды. «Тәуелсіздік қақпасы» аталады.
«Теміржол» деп қалдық. Қабанбай батыр ескерткішіне тәу етіп, әлемнің төрт бұрышына жолаушылар мен жүк тиеп алып сырғып жатқан отарбалар аялдамасы – теміржол вокзалы да бүгінде танымастай өзгерген. Теміржол вокзалы алдындағы алаңда «Жібек жолы» композициясы тұр. Ол төрт мүсіннен құралған. Ақ мұнара мәрмәр тастан жасалған. Мұнараның жоғары жағындағы сағат уақыт шіркіннің пойыз донғалақтарындай толас таппайтынын, толассыз сырғыған дүниенің өлшеулі екенін білдіргендей жүректі сыздата сырт-сырт етеді.
Шым қаладағы Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ бүгінде толығымен қайта жөнделіп бітті. Мұндағы су жүйелері қалпына келтіріліп, ішкі жолдар, атпен және велосипедпен жүретін жолдар реттелді. Дендросаябақ ішінде ардагерлер аллеясы ашылды. Кіреберістегі қақпа (арка) күн нұрына шағылысып, керемет бір көркемдік сыйлап тұрады.
Саябақ сырты қоршалып, қызметтік үйлер жаңғыртылды. Осындағы көл келбеті келушілерді қызықтырады. Оның үстінен жаяу жүргіншілер көпір арқылы әрі-бері өте алады. Көпір үстінде тұрып айдындағы аққуларды тамашалайды. Көпір плиткалармен көмкерілген. 4 мың шаршы метрге аяқжол төселген. Бес жүзге жуық шам саябақ ішіне сәулелі нұр себелейді. Тынығушылар үшін барлық жағдайлар бар. Дендросаябақ қаланың өкпесін тазалап тұрған бірден-бір акваром іспеттес. Осындағы вольерге 20 тиін, 4 елік пен тарғыл бұғы, 10 тауыс жіберілген. Айдын беті жазда аққу-қаздан көрінбейді. Көл тереңіне былтыр 20 000 дәумаңдай балық жіберілген.
Дендросаябақта дәстүрлі мерекелер мен салтанаттар жиі болып тұрады. Бұл – жастар мекені. Сондықтан осында «Жас жұбайлар» аллеясы ашылған. Аллеядағы жас жұбайлар мүсіні өз жарасымын тапқан. Бақ ішінде көптеген субұрқақтар, жан-жануарлар мүсіндері, басқа да кескіндемелер тынығушыларға тамаша әсер сыйлайды. «Махаббат патшалығы» сарқырамасы сиқырлы әлемге сүңгітіп, ғажайып сезім бесігіне бөлейді...
«Шындықтың көбінесе қарапайым болатыны соншалық, тіпті, оған жұрт сене бермейді», депті Ф.Левальд деген данышпан. Ал қазақ әдебиетінің ірі өкілі Ғабит Мүсірепов: «Шындыққа қиянат жасамауымыз керек» деген-тін. Осы екі қағидатты қанат еткен мен тіптен ресмиленіп кеттім білем, көзбен көргендерімізге білгендерімді қосып, қонақты қалжыраттым-ау, шамасы. Жоқ, қателесіппін. Шымболатым ширақ.
– Бір ұлым Мәскеуде, екіншісі Астанада оқиды. Екі ұлым Бішкек жақта сіңісіп қалды. Екеуінің де өз шаруасы, бизнесі бар. Кіндік кескелі көргені сол жер болғаннан соң ба, мұнда келгілері жоқ. Бірақ, менің Отаным – Қазақстан. Оқудағы екі ұлымды қайткенде де Қазақстанда қалдырамын. Өйткені, Қазақстан Мәңгілік Ел болмақ. Шымкентте екі інім бар. Бизнестері дөңгеленіп тұр. Немерелерімді алып осында көшіп келуге біржолата бекіндім. Себебі, Шымкент – жастар қаласы. Олар осында білім алады, оқиды, өсіп-өнеді. Оған барлық жағдайлар бар. Қараңызшы, бүгінгі Шымкент қандай керемет. Ертеңгісі бұдан да жарқын емес пе? Немерелерім осындай үлкен қалада білім алып, болашақтарына бағдар түзсе қандай бақыт, – деп Шымболат өзінің шыңырау ойына шомды.
– Сен білесің бе? – деп сөзімді сабақтадым. – Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетіледі», деп атап көрсетті.
– Иә, Шымкентте тұру үлкен бақыт қой, – деді Шымболат.
– Қазақстанның қарыштап дамуы, озық елдердің қатарына қосылуы, әлемге өзін таныта білуі біздің көреген басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында, – дедім мен.
– Оған дау бар ма?
– Ал, Оңтүстіктегі, оның ішіндегі облыс орталығындағы осынау қыруар тірлік Елбасымыздың сенімді серіктерінің бірі Асқар Мырзахметовтің жетекшілігімен жүзеге асуда.
– Асқар бауырымыздың бастамалары бек жақсы екен.
– Дұрыс айтасың, бұл жолы оның руханият саласындағы еңбектерін ғана айтып өттім. Экономикада, әлеуметтік өмірдің басқа да салаларында қол жеткен табыстарын айтсақ, тағы да ұзаққа сілтеуіміз мүмкін. Айтпақшы, көшіп келер болсаң, ұлдарың да, өзің де жұмыссыз қалмайсың, облыс әкімдігі жанынан құрылған «Шымкент-инновация» ЖШС мен «Кәсіпкерлерге қолдау көрсету» орталығы, сонымен бірге, «Максимум» АИО секілді қаржы институттары жұмыс істейді, – дедім мен.
– Сөз жоқ, ораламын. Онда да тек Шымкентке көшіп келемін, – деп қоштасты Шымболат досым. Тарихы сәт-сайын өшпестей болып мәрмәр тасқа жазылып жатқан шуақты шаһарға тезірек келуіңе тілектеспін, дедім мен іштей.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.