19 Наурыз, 2014

«Аққулар» неден үрікті?

617 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АККУ Құс төресі аққу ақтаулықтар үшін ерекше құрметке ие. Аққу бұл құрметті төрелігімен ғана емес, сұлулығымен, киесімен баурап алды деуге болады. Қыс түсіп, күн суытқан соң көк теңізге маңғаздана ұшып келіп, еркелей жайғасатын ерен құсты қарсы алуға, көркіне көз тойдырып сүйсінуге, өз қолдарымен азықтандыруға ағылатындар аз емес. Осы махаббаттың  әсері болуы керек, соңғы кездері өңірдегі ірі жобалар да аққу атын жамыла бастады. Бірақ, неге екені белгісіз, киелі құс әзір ойлаған жерге оңайлықпен «қонатын» емес... Алдымен, аққу атын иемденген, болашақ өніміне бренд етпек болған Ақтаудағы планшетті компьютер құрастыратын зауыт болатын. Өткен жылы атышулы оқиғаның себепкеріне айналып, масқара ісімен мәшһүр болған «Caspiy Elektronics» ЖШС жобасы ақыры тұралап тынды. Өзі өнім өндіруді білмегенмен, өзгенікін «өзімдікі» деп өтірік жарнамалап, жақсы атаққа қалудың жолын жақсы білетін зауыттың қитұрқылығы әшкереленді. Мем­лекет басшысының алдында тіке­лей телекөпір арқылы ашы­лып, қазақстандықтарды өз өнім­дерімізбен қарық қыламыз деген зауыттың қандай көзбояушылыққа барғандығын республикалық бұқаралық ақпарат құралдары бірінен соң бірі жалпақ жұртқа жария етті. Көріп отырғанымыздай, «атымнан затың садақа» дегендей адал құс өз атын бұл жерге қиған жоқ. Өзге елде құрастырылған теле­­дидарға «Қазақстанда жасал­ған» деп жапсырылған өтірік бел­гіні сыпырғандай, осы істің басы-қасындағылардың бетіндегі бетпердесін де бүркемеленген жал­ған істерін де ашып кетті! Аққуға қатысты екінші әңгі­ме – Ақтаудағы шағын аудан құры­лысына қатысты. Маңғыстау облысы құрылыс басқармасы мәліметі бойынша, «Аққу» шағын ауданы 1-кезегі құрылысының тапсырысшысы «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ екен. Аталмыш Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация «Урбостиль» ЖШС-мен шағын ауданындағы ішкі инженерлік желілер, абаттандыру мен тұрғын үйлердің 1-кезегінің құрылыс жобалық-сметалық құ­жат­тамасын әзірлеу қызметін көрсету жөнінде келісімшарт жасақтайды. «Урбостиль» ЖШС-мен жо­ба­ны әзірлеу жұмыстары 2011 жылғы 11 ақпанда аяқтала­ды, мемлекеттік сараптама қоры­тындысына сәйкес жоба құны 8,2 млрд. теңгені құрайды. Осы жылғы наурызда «Каспий» ӘКК мен «МАГ» АҚ арасында мемлекеттік-жеке мен­шік әріптестік негізінде жасақ­талған келісімге сәйкес құрылыс жұмыстары басталды. Ақтаудың көлемін ұлғайтып, салынып жатқан үйлер санын арттырып, көптеген көңілдерге үміт отын ұялатқан құрылыс «2011-2014 жылдарға арналған тұрғын-үй құрылысының бағдарламасы» аясында жүзеге асатын болып белгіленді. Осылайша, ғима­рат­тарының құрылысы 6 млн. теңге үстінде қаржы құрап, абат­тандыруының өзіне 1 млн.-нан астам қаржы қаралып, қанатын енді қомдай берген «Аққу» кілт кідірді. Құрылыс жұмыстары барысында конструктивтік элементтерде бүгілу мен жарылу орын алған. «Ақылды құрылыс» екен, үй салынып, пайдалануға беріліп кетпей тұрып, жарақаттарын көрсетті. Іске араласқан «ҚазҚСҒЗИ» АҚ «ғимараттардың қаңқасын жобалау кезінде орындалған көлемдік жоспарлау және конструктивтік шешімдер қазіргі нормативтік та­лаптарға сай екендігі туралы» қо­рытындысын ұсынған соң, құ­рылыс жұмыстары қайта жал­ғасады. Бірақ, «аққуымыз» тағы мінез көрсетті – бәле болған бүгілу мен жабысып алған жарылу аяққа тұсау. Тоқтатпасқа амал жоқ, 2012 жылы қыста Маңғыстау об­лысы бойынша мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау, қадағалау және лицензиялау департаменті осындай ұйғарымға келеді. Енді «Урбостиль» ЖШС-мен бірге құрылысы салынған және әлі басталмаған бөліктерді күшей­ту, беріктігін қамтамасыз ету жұ­мыстары қолға алынады. Қа­зір­гі таңда «бұрын құрылыс жұмыстары одан әрі жүре ме деген сауал болатын болса, енді істі аяқтау мерзімі туралы әңгіме айтыла бастады» деп қуантады тиісті орындар. Жалпы, қай істе де қазақтың көкіректері қазынаға толы қарттарының ұғым-уәжіне, өмірден көрген-түйгеніне сүйеніп отырғанның ағаттығы жоқ, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» туралы ұғым осы құрылыс жұмыстары бас­талар тұста ескерілгенде, «Аққу» әбігерге салмас па еді?! Бұл жерде қолдан-қолға өтіп өгейсіреген, жүні ұйпаланып, түтеленген аққу көз алдыма келді... Көтерем – өлік емес, бауырын көтере алмаған құстың да қатарға қосылып, қайта қалықтайтын кездері болады, сондықтан, бұл мәселенің соңын күте тұруға тура келеді... Үшіншісі – осыдан бірнеше жылдар бұрын Ақтауда жаңа амфи-театр салынады екен деген жаңалық тарады. Қуандық. Өйтпегенде ше, осыдан 10-11 жыл бұрын Елбасы мұнайлы мекенге жасаған бір сапарында жастармен жүздескен ғой. Жас буынның арасынан жұлынып шыққан бір қыздың «Маңғыстауда неге театр жоқ?» деген сауалы сол кездегі облыс басшылығының үстіне мұздай су құйып жібергендей болса керек. Мемлекет басшысының «тез арада театр салынсын» деген тапсырмасын орындау жолын­да салынып жатқан әлдебір ғима­ратты «театрға айналдыра» салған ғой. Мамандар келді. Жаңа да жас театр жаман болған жоқ, жетіс­тігі де аз емес. Қалыптасты, бірнеше отандық және шетелдік драматургтердің шығармалары сахналанды. Бірақ... тар, театрға қажетті орындардан мақұрым. Осыны ескерген жергілікті әкімдік аққу бейнелі жаңа театр ғимараты салынатындығын айтқан. Бірақ, аққуымыз алысқа самғап кетті ме, оралған жоқ. Қолда қауырсын. Қарайлап жүрміз. Білуімізше, театр құрылысының жобасын әзір­леуші – «Тасмим» ЖШС екен. Алайда, Ақтау қаласының теңіз жақ бетіндегі 4-ші және 5-ші шағын аудандар аралығында орын тебетін театрдың табалды­рығынан спектакль құмар маңғыс­таулықтардың қашан аттайтыны белгісіз. Сонымен, «Аққулар» неден үрікті? Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.