Экономика • 30 Қаңтар, 2022

Қарызға батқан Қазақстан

5771 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарыз азаймай қал жақсармайды. Өкінішке қарай, ел тұрғындары қарыз үстіне қарыз жамап жатыр.  

Қарызға батқан Қазақстан

Несиеден құтылу үшін несие алудың соңы триллиондаған қарызға әкеп тіреген сыңайлы. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның бөлшек несие портфелі 10,76 трлн теңгені құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары. Бірінші несие бюросы осындай ақпарат таратты.

Бөлшек қарыз портфелінің басым бөлігін кепілсіз несиелер (5,28 трлн теңге) құраса, ипотекалық несие үлесі – 3,39 трлн теңге, автонесиелеу – 1,09 трлн теңге, несие карталары – 348,3 млрд теңге және кепілді тұтынушылық несиелер 498,3 млрд теңге екен. Бұл ретте Бірінші несие бюросы тек екінші деңгейлі банктердің ғана емес, одан басқа да қар­жы ұйымдарының көрсеткішін есеп­ке алған. Айта кеткен абзал, бөл­шек несиенің 90,3 пайызын екін­ші деңгейлі банктер ұсынған.

2021 жылы жалпы 8,9 трлн теңге бөлшек несие берілген. 2020 жылмен салыстырғанда 83,6 пайызға немесе 4,1 трлн теңгеге көп. 25,67 млн келісімшарт жасалса, қарыз алу­шылар саны 6,16 млн адамға жеткен. Осы ретте зейнетақы қорын­да­ғы артық ақшаны пайдалану мүмкіндігі несие көлемінің көбеюіне мультипликативті әсер берген. Бұл ипотекалық несиенің өсуіне де (1,92 трлн теңгеге жеткен) ықпал еткен.

Ал бюро былтыр берген кепілсіз несие көлемі 5,45 трлн теңге деген дерек келтіреді. 2020 жылға қарағанда кепілсіз несие 86,1 пайызға, несие кар­талары 95,2 пайызға (401,5 млрд теңге) өскен. Автокөлік алу мақ­са­тындағы қарыздарға 592,2 млрд теңге бөлінген. Өңірлер бөліні­сін­де займдардың көбі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына және Алматы мен Түркістан облыстарына тие­сілі. Елдегі бүкіл қарыздың 44 па­йыз­ы осы төрт аймақтың еншісінде екен.

2021 жылы БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,5 трлн теңге алынған. Үй сатып алуға – осы қаражаттың 68,5 пайызы, ипотеканы өтеуге – 15,3 пайызы, басқа мақсаттарға 16,2 пайызы жұмсалған. Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, тұрғын үймен жасалған келісім саны 606 мыңнан асқан. Бұл ретте автотранспортты тіркеу бойынша келісімдер біршама төмендеген.

«2021 жылдың 11 айында автотранспортты тіркеу саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға төмендеп, 710,4 мың бірлікті құрады. Мұндай төмендеу екінші нарық есебінен болып отыр. Ал жаңа авто­мобильдердің сатылымы 25,9 пайыз­ға өсіп, 117 мың бірлікке жетті. Со­нымен қатар автокөлік алу мақ­сатымен рәсімделген несиенің жалпы сомасы 57,5 пайызға ұлғайып, 592,2 млрд теңгені құрады», деп мәлімдеді Бірінші несие бюросы.

2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша былтыр несие жүйесі 333 мың қарыз алушымен толыққан. Осыншама адам 2021 жылы алғаш рет несиеге жүгінген және бұрын-соңды несие тарихы болмаған. Олар жалпы сомасы 118,5 млрд теңге көлемінде алғашқы несие рәсімдеген.