Еуропа чемпионатының алдында бірқатар футзал мамандары биылғы біріншілік туралы өз ойларын ортаға салып, В тобындағы төрт құраманың ішінде Италияның келесі кезеңге шығу мүмкіндігін жоғары бағалаған еді. Тіпті сарапшылар «Скуадра адзурралықтар» өз тобында бірінші орын алып, плей-офф сатысына еш қиындықсыз шығатынын айтудан жалыққан жоқ-тын. Өйткені Италия құрамасы 1996 жылдан бері өткізіліп келе жатқан чемпионаттың ең титулды командаларының бірі саналады. Атап айтар болсақ, олар осы күнге дейін 11 мәрте жалауы желбіреген Еуропа чемпионатында 6 рет жүлдегерлер қатарынан көрінген. 2003 және 2014 жылғы турнирлерде бас жүлдені олжалаған болса, 2007 жылғы доданың финалында Испаниядан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтқан. Ал 1999, 2005 және 2012 жылдары үшінші орынға табан тіреген болатын. Кәрі құрлық біріншілігінде осындай жүлдеге ие команда кешегі ойынның сөзсіз фавориті еді.
Гронингендегі матчтың алғашқы бес минутын Италия құрамасы қарқынды бастады. Игита қорғаған қақпаға бірқатар қауіпті шабуыл ұйымдастырып, қақпашымыздың әлеуетін бір байқап көргендей болды. Қуанышымызға орай, бұл жолы Игита өте жақсы ойнады. Ал уақыт ұзаған сайын жерлестеріміз бірте-бірте ойын тізгінін өз қолдарына алып, матчтың 6-минутында кездесудің есебін ашты. Дуглас Жуниордан тамаша пас алған Біржан Оразов қарсыластың қоршауында тұрса да, асқан шеберлігінің арқасында шабуылды голмен түйіндеді. Арада үш минут өткенде Азат Валиуллин мергендігімен көзге түсіп, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Жуырда ғана ұлттық құраманың жейдесін киген Эдсон нәтижелі пастың авторы атанды. Бұл оның үшінші матчтағы төртінші нәтижелі пасы еді. Ойын барысында өзі гол соқпаса да, командаластарының гол соғуына жақсы мүмкіндік жасап бергенін айта кету керек. Бірінші таймның бел ортасынан ауған шағында Италия құрамасынан Николоди есепті қысқартуға мүмкіндік алды – 2:1. Ойынның бірінші кезеңі Қазақстан құрамасының басымдығымен аяқталды.
Үзілістен кейін де Италия құрамасының жігіттері таразы басын теңестірудің қамын ойлап, біздің қақпаға жиі шабуыл жасады. Алайда қорғаныста өте сауатты ойнаған жерлестеріміз қарсыластарына гол соғатындай еш мүмкіндік берген жоқ. Қарсы шабуыл арқылы ойнауды жөн көрген Кака шәкірттері 30-минутта есепті еселей түсті. Біржан Оразов шабуылды өзі бастап, нүктесін де өзі қойды. Алғашқы матчта бір гол соғып, кейінгі екі ойында дубльдің авторы атанған жерлесіміз осылайша 5 голмен сұрмергендер тізімінде көш бастады. Ал матчың аяқталуына екі минут қалғанда Дуглас бос қалған қақпаны дәл көздеп, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:1.
Осылайша, екі дүркін Еуропа чемпиондарынан басым түскен Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орынмен кәрі құрлық біріншілігінің ширек финалына шықты. Сондай-ақ біздің топтағы екінші ойында Финляндия құрамасы Словенияны 2:1 есебімен жеңіп, олар да екінші орынмен ширек финалға жолдама алды.
Өзге топтардың нәтижелеріне тоқталар болсақ, А тобында үш ойынның бәрінде жеңіске жеткен Португалия мен тек бір ойында ғана үздік шыққан Украина жарыстың ширек финалына шықты. С тобында Ресей мен Словакия жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алса, D тобында Испания және Грузия құрамалары ширек финалда бақ сынайтын болды.
Жерлестеріміз жартылай финалға шығу үшін А тобында екінші орынға тұрақтаған Украина құрамасымен ойнайды. Матч бүгін Амстердамдағы Ziggo Dome спорт кешенінде өтеді. Өкінішке қарай, бұл кездесуде Қазақстан құрамасына екінші «сары қағаздарын» алған Тайнан мен Эдсон көмектесе алмайды. Есесіне екі матчқа ойыннан шеттетілген Альберт Ақбалықов бұл ойында алаңға шығады. Сонымен қатар коронавирусқа шалдыққан Шыңғыс Есенаманов та қатарға қосылып қалуы мүмкін.
Егер Қазақстан құрамасы ширек финалда жеңіске жететін болса, жартылай финалда Кака шәкірттері Ресей және Грузия жұбының жеңімпазымен кездеседі.