19 Наурыз, 2014

«Аман-есен жүріңіз!»

527 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атыраулық мұнайшылар Наурыз мейрамын алғашқылардың қатарында атап өтті

Батыс аймақта Наурыз мейрамы көрісумен бастау алады. Бұл күні алдымен жасы кішілер үлкендерге сәлемдесіп, бір-біріне «Наурыз мейрамы құтты болсын! Аман-есен жүріңіз!» деп жақсылық тілеген ақжарма көңілдерде өкпе-реніштің бәрі ұмытылады. Көпті көрген данагөй қариялар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осынау ұлттық дәстүрді жаңғыртуға ірі кәсіпорындар да бет бұрды. Өткен жұмада, яғни, 14 наурызда қазақ мұнайшыларының қара шаңырағы – «Ембімұнайгаз» акцио­­­нерлік қоғамы Наурыз мейрамы ал­дында көрісу шарасын өткізді. Осыған орай Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет са­райы алдында қазақы ою-өрнекпен көм­керілген бірнеше киіз үй тігіліп, нау­рызкөже, тайқазанда дәмі тіл үйірген па­лау пісірілді. Алтыбақанда ұлттық киім киген қыз-жігіттер тербетіліп, бала­лар асық ойынын қыздырды. Бұл күні кәсіп­орын басшыларынан бастап, осында ең­бек ететін әр қызметкер ұлттық киім ки­іп, бір-біріне құшағын аша көрісіп жат­­­ты. Ардагер-мұнайшылар да көңілді, өз­дерінің өнегелі ісін жалғастырып келе жат­­­­қан ізбасарларына ізгі баталарын берді. DSC_5338 DSC_5208 – Мен 40 жылдай «Ембімұнайгазда» электрик мамандығымен жұмыс жасадым. Ол кезде мұндай ұлттық мерекемізді атап өтпек түгілі, ауызға алудың өзі қиын кезең еді ғой, –деп өткен кезін еске алады осы кәсіпорыннан зейнеткерлікке шыққан Гүлзина Исемгелдиева. – Бүгінгі бейбіт өмірімізге тәубе деп айтайық, еліміз егемендігін алғалы бері ұлттық құндылықтарымызға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгін міне, «Ембімұнайгаз» басшылары көрісу шарасын өткізіп отыр. Бұл – біздің халқымызда ежелден бар, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық шара ғой. Биыл «Ембімұнайгаз» АҚ өткізген көрісу шарасына кәсіпорынға қарасты төрт мұнай-газ өндіру басқармасы мен екі құрылымдық құрылымы қатысты. Ал осы кәсіпорында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткер атанған ардагер-мұнайшылар шараның құрметті қонағы ретінде шақырылды. Әр басқарма ұжымы қазақтың ұлттық дәстүрінен сахналық қойылымдар көрсетті. Мәселен, «Жылыоймұнайгаз» басқармасының ұжымы алдымен жеңге мен қайын сіңлі арасындағы жарасымды сыйластық қыз бен жігіт айтысына ұласты. Қазақы әзілге құрылған қыз бен жігіт айтысының шынайылығы шараны қызықтаушылардың ыстық ықыласын туғызды. Қыз бен жігіттің әзіл-қалжыңға құрылған айтысы олардың бір-бірімен кеңірек танысуына жол ашты. Мұның артынан «Жайықмұнайгаз» басқармасының мұнайшылары қазақтың әр шаңырағында әлі күнге дейін болып жататын құда түсу көрінісін көрсетті. Былайғы күндері мұнайшы болғанмен, қазақы шапан мен қалпақ киіп, сахнаға шыққанда құдды театрдың әртістерінен еш айнымайды. Құдалар мен үй иелерінің рөлдерін орындауда кәсіби әртістерден кем түскен жоқ. Тәй-тәй басып жүруге талпынған балбөбегінің қадамы сәтті болсын дейтін игі тілекпен тұсау кесуді ең абыройлы, ең ізгі жүректі адамға ұсынатын қазақ­тың даналығын сөзбен жеткізу қиын шығар, сірә. Дегенмен, «Ембімұнайгаз» мұнайшылары осы бір ұлттық дәстүрдің кейінгі толқынға өнеге боларлық ерекше­лігін кеңінен аша түскені көңілге қуаныш ұялатқанын жасырғымыз келмейді. Қазақ­тың қай отбасысы бесік той болғанын аңса­майды дейсіз. Есте жоқ ескі заманнан бері бесік той әр қазақтың шаңырағын көл-көсір қуанышқа бөлеген. Үлкен әу­лет пен оның барша ағайынын мәре-сәре қуанышқа кенелтетін бесік тойдың ерек­шелігін атыраулық мұнайшылар да жадына мықтап түйгенін аңғартты. Қазақтың мұнайшылары тек мұнай мен газ өндіріп қана қоймайды. Сонымен бірге, халқымыздың бата беру дәстүрі мен ұлттық ойындарын еркін меңгергені «Доссормұнайгаз» және «Қайнармұнайгаз» басқармалары мұнайшыларының сахналық көрініс­терінен айқын аңғарылып тұрды. – Біздің кәсіпорынның межеленген жоспарын орындап, мол табысқа жетуі – ұжымдағы әр қызметкердің қажырлы еңбегінің жемісі, – деді мұнайшыларды Наурыз мейрамымен құттықтаған «Ембі­мұнайгаз» АҚ бас директоры Махамбет Досмұхамбетов. – Өткен жылы мұнай өндіру жоспарымыз артығымен орындалды. Өндірістік жоспардың мерзімінде орындалуы әлеуметтік мәселелердің оң шешілуі мен еңбек қатынасын жақсартуға оң ықпалын тигізіп отыр. Жаңа кен орындарын пайдалануға беру, мұнай алу үшін қабат қысымын жоғарылату шараларын жүргізу, сонымен қатар, ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарын атқару арқылы мұнай өндіру көлемі ұлғайтыла бермек. Елбасы тапсырмасына және «ҚазМұнайГазға» қарасты компаниялар тобының бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне көшуіне байла­­нысты сәуірден бастап қызметкерлер жалақысына 10 пайыз үстеме қосылғалы отыр. Айтқандай, «Ембімұнайгаз» бас­шылығы мұнайшылардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға баса мән беріп отыр. Өткен жылдың аяғында 2014-2016 жылдарға арналған жаңа ұжым­дық келісімшартқа қол қойылды. Бұл құжатта жұмысшы мен жұмыс беру­­шінің құқықтары мен міндеттері, жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау тетік­тері нақтыланған. Қазір 5,5 мың адам жұмысқа тартылып, 97 пайызы кәсіподақ комитетіне мүшелікке алынған кәсіпорынның жаңа ұжымдық келісімшартында жұмысшылардың мүддесі мен денсаулығын қорғау, жұ­мыс барысында және демалыс кезінде барлық жағдайды туғызу тұрғысындағы әлеуметтік жауапкершілігі нақты көрініс тапқан. Әсіресе, жастарды әлеуметтік қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған. – Ел тәуелсіздігімен отандық өн­дірістің еңсесі тіктелді, – дейді 40 жыл­дан бері еңбек етіп келе жатқан байырғы мұнайшы Тәшкент Айтбаев. – Сондықтан біздің жас мамандарымыз мұнай ісін меңгеруде, алдыңғы толқын мұнайшылардан үйренуде ештеңеден қаймықпайуы қажет. Отандық мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуі де, елдің келешектегі қарқынды дами беруі де жас мамандардың біліктілігіне байланысты болады. Шүкір, еліміз әлемге танылды, экспортқа өнім шығару үлесі молайып келеді. Алдағы кезде де тәуелсіз еліміздің ұлттық құндылықтары жарқырай кө­рініп, экономикалық өркендеуі бүгінгі қарқынынан таймаса дейміз. Бұл кәсіпорын шежірелі тарихқа да, еңбек дастанына да бай. Ал «қара алтын» селін тасытуда қажырлы еңбегін сіңірген ардагер-мұнайшылардың ше­жірелі жолы мен еңбек дастанын озық технологияны меңгерген білікті ізбасарлары жалғастырып келеді. Демек, «Ембімұнайгаздың» шежірелі тарихы да, еңбек дастаны да үзілмейді, үздіксіз қаттала береді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.