Қаржы • 31 Қаңтар, 2022

Зейнетақы активтері: кірістілігі һәм инфляция

836 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ұлттық банкке берілген зейнетақы активтерінің кірістілігі былтыр 11,13 пайызды құрады.

Зейнетақы активтері: кірістілігі һәм инфляция

2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша қор салым­шы­ла­ры­ның жинақтары 13,1 трлн теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жарналарынан және инвестициялық табыстан тұрады. Бір жыл ішіндегі инвес­тициялық табыс 1,4 трлн теңге­ні құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 138,2 млрд теңгеге немесе 11 пайызға көп. Осылайша, бас банктің басқаруына берілген зейнетақы активтерінің кірістілігі 2021 жылдың басынан бері 11,13 пайызға тең болды. Ал бұл аралық­тағы инфляция 8,4 пайызды құрады.

Тілге тиек етіп отырған инвес­ти­циялық табыстың құрамына ба­ға­лы қағаздар сыйақысы, қаржы құ­рал­да­рын нарықтық тұрғыдан қайта бағалау, валюталық қайта бағалау тү­ріндегі кірістер және сыртқы бас­қа­ру­дағы активтердің кірістері кіреді.

Жалпы, барлық зейнетақы актив­те­рі БЖЗҚ-ға біріктірілген сәт­тен бастап Ұлттық банк қамта­ма­сыз еткен инвестициялық табыс 6,04 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылған күнінен бастап (1998 жыл) инвестициялық кірістілігі 681,13 па­йызды, ал инфляция 546,77 пайызды құраған. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енген кезден бастап 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 134,36 пайызға тең болды.

Осы орайда зейнетақы жинақ­та­рының ұзақ мерзімді инвестиция­лар­ға жататынын атап өту керек. Сондықтан инвестициялық табыс мөл­шерінің кемінде 1 жылдық кезе­ңі­н­е талдау жүргізу орынды. Өйткені апта сайынғы, ай сайынғы қысқа мерзімді деректер айқын нәтижені көрсетпейді.

Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алу­дың барлық жүйесі ашық екенін ұмыт­паған абзал. Әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен көре алады. Ал зейнетақы активтерін қай­та бағалау апта сайын және айдың соң­ғы күні жүргізіледі.