Алаш ардақтысының 50 жылдығы алдымен 1922 жылы қыркүйекте Ташкентте болды, сол кезде мерзімді баспасөзде С.Сәдуақасов, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров секілді замандастары көрнекті тұлғаның қазақ халқына сіңірген еңбегін жоғары бағалап, мақалалар жариялады.
Ал 1923 жылы 28 қаңтарда Орынборда өткен ұлт қайраткерінің елу жылдығына арнаған жиынды Сәкен Сейфуллиннің өзі басқарып, сөз сөйледі. Дауылпаз ақынның ол сөзі 1923 жылы 30 қаңтар күнгі «Еңбекші қазақ», (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланды. Онда: «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл! Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Әуелі ол школда қазақ балаларын оқытты. «Қазақ» газетін шығарды. Қазақ мектептеріне арнап «Оқу һәм тіл құралдарын» жазып шығарды. Ахаң – байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек, таза ұлтшыл» деп жазған екен.
Жиында қазақ халқының әндерін жинақтаушы, белгілі композитор Александр Затаевич Ахаңның музыкалық шығармаларын орындап, жиылған қауымның көңілін көтеріпті. Осыдан кейін Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы көзі тірісінде өткен жоқ.