19 Наурыз, 2014

Ұшақты іздеу аумағы кеңеюде

248 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Шарайна

8 наурыз күні Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласынан Қытай астанасы Пекинге ұшып шыққан Боинг-777 жолаушылар ұшағы әлі табылмай отыр.  Бүгінде оны іздеу аумағы барынша кеңейтіле түсуде. Осы аралықта қазақстандық диспетчерлер ұшақтың ел аумағына өтпегенін мәлімдеді. Қазіргі кезде Боингті іздестіруге Қытай тарапы да кірісіп кетті. Өйткені, ұшақтағы жолаушылардың үштен екісі осы ел азаматтары болатын. Оның үстіне  жоғалған ұшақ бортындағы қытайлықтардың туған-туысқандары Малайзияның Боингті іздес­тірудегі дәрменсіздігіне наразылықтарын білдіріп жатыр. Енді жоғалған әуе кемесі Австралия құрлығы маңынан да іздестірілмек. Қажеттілік болмай қалған Таиланд басшылығы 19 наурыз, бүгіннен бастап елдегі жаппай наразылықтармен байланысты енгізілген төтенше жағдай режімін алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұл режім  кем дегенде 30 сәуірге дейін жалғаспақ. Биліктегілердің айтуларынша, соңғы уақыттарда төтенше жағдай режімін ұстап тұруға қажеттілік болмай қалған. Шар-1Қажеттілік болмай қалған дегенде, кейінгі кездері Таиландтағы наразылық шаралары әлсірей түскенге ұқсайды. Бұған қоса, режімді алып тастау жөнінде бизнес өкілдері өтініш түсірсе керек. Себебі,  елдегі тұрақсыздық туристер ағымының айтарлықтай азаюына алып келген. Ал Бангкок пен ел астанасына жақын жатқан провинцияларда төтенше жағдай режімі үстіміздегі жылдың 22 қаңтарында үкімет басшылығына сайлау нәтижесіне наразылар көптеп бой көрсетіп, жаппай тәртіпсіздіктер орын алған соң енгізілгені белгілі.

Қысқа қайырып айтқанда:

 Францияда полиция қызметкерлері «Фессенхайм» АЭС-і аумағына еніп кеткен 17 белсенді экологты қамауға алды. АЭС аумағына барлығы 40 адам өткен екен. Олар көнерген стансаны жабуды талап еткен. Белсенділердің пікірінше, тозған АЭС бүкіл Еуропаға қауіп төндіруі ықтимал.  ИТАР-ТАСС агенттігі кеңестік кезеңдегі атауы – ТАСС атауына қайта оралатын болды. «Российская газетаның» хабарлауынша, мұндай шешім агенттіктің 110 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша ұйымдастыру комитетінің мәжілісінде қабылданған. Бұл бастама бірауыздан қолдау тапқан. Енді соңғы сөзді агенттіктің құрылтайшысы – Ресей үкіметі айтатын болады. Экстремиске – 10 жыл түрме Тәжікстанның Гафур ауданында шаштараз болып істейтін Хамидов деген біреу исламшыл «Хизб-ут-Тахрир» ұйымына қатысқаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Тергеу деректеріне қарағанда, Хамидов аталған ұйым қатарына  2005 жылы кірсе, шаштараз болып жұмыс істей жүріп, ұйым мүшелерінің тапсырмаларын орындап келген. Оны арнайы қызмет орындары үстіміздегі жылы қамауға алған, бірақ нақты қай кезде екені айтылмайды. Енді Хамидов жазасын күшейтілген режімдегі колонияда  өтейтін болады. «Хизб-ут-Тахрир» (Ислам азат ету партиясы) ұйымына келсек, ол алдына ислам мемлекетін құруды мақсат етіп қоятыны мәлім. Оған көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстан да бар, тыйым салынған. Ресми дерекке сәйкес, Тәжікстанда қазіргі кезде «Хизб-ут-Тахрирдің» 500 мүшесі қамауда отырған көрінеді. «Прогресшілердің» сайлаудағы жеңісі Сербияда кезектен тыс парламенттік сайлау болып өтті. Енді жеңіске жеткен «Сербия прогрессивті партиясының» серкесі Александр Вучич премьер-министр портфелін иеленетін болды. Сөйтіп, ол пар­­ламенттік көпшілікті басқа партиялармен коалицияға бірікпей-ақ өз бетінше қалыптастыра алады. Республикалық сайлау комиссиясының деректері бойынша, «прогресшілер» сайлаушылардың шамамен 50 пайыз дауысын алған. Бұл оларға жобамен алғанда 160 депутаттық орынтақты иеленуге мүмкіндік береді. Екінші орында іс басындағы премьер-министр  Ивица Дачич жетекшілік ететін «Сербия социалистік партиясы» тұр. «ССП» сайлаушылардың 15 пайыздай дауысын алса, парламентте 50 орыннан үміті бар. Үшінші, төртінші  орындардағы «Демократиялық партия» мен «Жаңа демократиялық партия» 5 пайыздық кедергіні зордың күшімен болса да  еңсере алыпты. «Ағаш түбіндегі» мол қазына Калифорния штатының солтүстігінде мол байлық табылды. Сарапшылардың сөздеріне қарағанда, одан 10 млн. долларға дейін табыс табуға болады. Қазынаның құрамына 1427 алтын тиын кіреді. Олардың номиналды құны – 27 мың доллар. шар-2Қазынаны тауып алған ерлі-зайыпты Мэри мен Джон (тектері айтылмайды) оны сатуды көздеп отыр. Ал тиындар туралы көп нәрсе белгісіз. Белгілісі – көпшілігі Сан-Франциско қаласындағы тиын сарайында соғылыпты. Басқа қалаларда шығарылғандары да бар, бірақ олар аз. Ерлі-зайыптылар қазынаны өздерінің иттерімен қыдырыстап жүріп тауып алған. Жерден бір нәрсенің ұшы шығып тұрғанын көрген олар жақындап келгенде қаңылтыр банкіні байқаған. Алып шығып қараса, ішінде кілең мұқият жиналған алтын тиындар екен. Джекпот иесі – автослесарь Бұған дейін Ұлыбританияда белгісіз біреу 107,9 млн. фунт стерлинг лотерея джекпотын ұтып алғаны хабарланған болатын.  Енді оның кім екені белгілі болып отыр. Аяқ астынан миллионер атанған бақыт иесі автослесарь  болып шықты. Оның қауіпсіздігі үшін әзірше аты-жөні айтылмауда. Лотереяны ұйымдастырушылардың сөздеріне қарағанда, автослесарь  ұтысына келіп те үлгерген. Жақында ол отандастарына таныстырылатын болады. 107,9 млн. фунт стерлинг ұтыс үстіміздегі жылғы Ұлыбританиядағы ең ірі ұтыс болып табылады. Бақытты билет сатып алған автослесарь лотерея джекпотын ұтып алған ең бай адамдардың тізімінде төртінші тұр.  Бірінші орынға 2011 жылы 161 млн. фунт стерлинг ұтып алған Колин және Крис Уйэрлер орналасыпты. Интернет материалдары негізінде әзірленген.