19 Наурыз, 2014

Игі дәстүрдің жаттығы жоқ

625 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ERA_2206 наурыз 1 (1) Күллі мұсылман халқы сынды қазақтар да Наурыз тойын ежелден бері атап өтіп келеді. Алтайы мен Аты­рауының арасы айшы­лық алыс жол болса да, қазақтың Нау­рызды тойлауында көп өзгешелік жоқ. Бәрі де алты ай қыстан аман шыққан елдің арқа-жарқа жай-күйін дәріптеп, көкке мойын созып, аққа ауызы тиген мал-жанның бірлігі мен тірлігін марапаттап, көбесі сө­гілген қардан кейін ат-түйеге та­қым артып, ауыл-ауылдағы аға­йын-туысқа сәлем береді, соғым со­ңын қазанға сап, нау­рыз көжеден ауыз тиеді. Ұлы Абай айтпақшы, «Кү­­лімдесіп көрісіп, мауқын басып, қырдағы ел ой­дағы елмен ара­ласып» жүретін шақ нақ осы Наурыз. Әр кәсіпке күн арнап, жеке-дара шара­ға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маңдайына жазған екі-үш мейрамы болған. Соның ең үлкені де, ұлысы да осы Наурыз тойы. Наурыз то­йы­­ның ерекшелігі – күллі қазаққа ғана емес, барлық мұсылман баласына ортақ мереке.  Бірақ халқымыздың көне заман­ғы ауызша тараған күнпарағында жаңа жылды наурыздың он төртінен бастайды. Оған дәлелді тым әріге бармай-ақ, шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Һаямның «Наурызнәмесінен», бас­қа да көне әдебиет­терден көруге бо­­лар еді. Оның мәнісі – қашан да әр ай­­дың он төртінде Ай толысады. Со­ған сай хал­қымыз ол күнді айдың (жұл­дыз­дың) бір жаңасы дейтіні белгілі. Өйт­кені, жұлдыз қазақ ұғымында айдың си­но­нимі. Оған бір дәлел келтірейік. Ыбырай Ал­тын­­сариннің жұртшылыққа жақсы таныс: Кім сендерді сағынар шетке кетсең, Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең. Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын, Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін, – деген жолдарындағы «жұлдыз са­йын хат жазып тұр» дегені күнбе-күн деген ұғымды бермейді, есесіне ай са­йын дегені ғой. Яғни, біздің осы күнгі «Айдың пәленше жұлдызы» деуіміз түбірімен қате. Енді толған айға қайта оралсақ, қисса-дастандарымызда сұлу қызды «он төртінде толған айдай» деп жатсақ, ол әбден бойжетіп, кемеліне келгені. Сайып келгенде мұның бәрі күллі қазаққа тән ортақ ерекшеліктер. Бірақ осы наурыздың барша қазаққа ортақ емес бір жері бар, ол – көбіне-көп кең-байтақ Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән – наурыздың алғашқы күні кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жекжат, барлық мұсылман баласына қол алысып көрісуі. Бір қарағанда, ол қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан игі дәстүрі. Ол жаңа жылмен бас­талып, келесі жаңа жылға дейін мән-мағынасын жоймайды. Наурыздың алғашқы күні кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп амандасады. Қол ұсы­ну кезегі жастыкі. Үлкендер ылғи да жас­тардың көрісуін дәметіп, күтіп оты­ра­­ды. Бұл кейінгілердің аға ұрпақты сый­­лауы, құрметтеуі. Яғни бірінші жақ «Қолым­да ешнәрсе жоқ, ақ-адал дос­пын, сізге Алланың нұры жаусын» десе, үлкені міне, «Менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жау­сын, аман бол» дегенді білдіреді. Аста­рын­да жақсылық-жамандық адамның қолымен жасалады, қол таза болса, ниет түзу, пейіл ақ деген ұғым жатыр. Көрісу наурыздың бірінші күні басталады. Соңғы кезде халық юлиан күнтізбесі бойынша наурыздың 14-інен бастап көріседі. Ал 22 нау­рызды үлкен мерекеге айналдырады. Осы арада аталған көрісудің ерекше­лігі қандай деген сұрақ туады. Көрісуде ер адамдар мен әйел адамдардың арасында шектеу болмайды.  Тек атасы мен қайнағасы келіндеріне қол беріп көріспейді, келіндері де солай. Ал ер адам ата-ене, әке-шешеден бастап, бар­лық тума-туыстарымен көрісе бере­ді. Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып, әрі қарай жалғасады. Алыстағы ағайынға арнайы барып көріседі. Көрісу адамдардың жынысына қарай бөлінеді. Жастар үлкендерге сәлем беріп, кейін екі қолын ұсынып көрісу шартын жасаса, жасы ұлғайған аналар бір-біріне алақанға алақан тосып құлаштаған күйі әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіріп, құшағын жазған күйі төске-төс түйістіреді, қайтадан алақандарын қосып көріседі.  Ал жалпы, ер адамдар қос қолын ұсынып көрісе береді. Көрісу кезінде ертеде кем дегенде бес үйге бас сұғып, сәлемдесу міндет болған. Көрісу күні ешкім ешкімді шақырмайды, бірақ жастардың үлкенге сәлем беруі – парыз. Көрісу әдетте жыл аяғына дейін жүре бергенімен, бір ай шамасында өтетін игілікті шара – науқан. Оның бұзылмас заңы ер адам жасы үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көріседі. Жөн білетін бәйбішелер ондайда қонақ алдында қызармас үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, осы шараға сақтайды. Сондай-ақ, Нау­рыз мерекесі кезінде үйдегі барлық киім-кешектер мен өлі мүліктер де сандықтар мен бумалардан шығарылып, адалбақанға ілінеді. Ол, біріншіден, Наурыз мерекесі кезінде барлық жанды-жансыз жылды көруі керек деген қағидадан туындаса, екіншіден, малдан басқа мақтанары жоқ көшпенділердің табиғи мақтанышы – үй көрсетуі. Бұрынырақта байлар асыл мата, қымбат аң терілерін киіз үйдің сыртына шығарып ілдірткен. Сонда қыр басынан қарағанда, түрлі-түсті дүниеден тұратын керемет көрме секілді әсер қалдырған. Сондай-ақ, айт пен тойдан басқа күндері қарапайым киіммен-ақ ауыл-ауылды аралай беретін қазекең наурызға бір қабат болса да жаңа киім ауыстыруға тырысқан. Яғни, күллі дүние жаңарып-жасарып жатқанда табиғаттың төл пер­зенті саналатын адамның одан шет қал­ғы­­сы келмеген. Және ескі жылдағы қай­ғы-қасірет пен өкпе-реніш сол ескі киім­мен келмеске кетсін дегенді де меңзеген. Көрісу – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, адамзаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – тағы бір жылға, көктемге жеттік, енді қысылыс жоқ, адамның аузы аққа (уызға), мал аузы көкке тиді,  адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек. Міне, бұл – бізге өткеннен жеткен игі дәстүр. Наурыз бақты, ел ақты, жұртымыз тыныш болсын!  Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, жазушы. Атырау облысы.