Серіктестік директоры Қадыржан Құлтекеновтің айтуынша, жаңғыртудан өткен зауыттың қуаты екі есе артып, жылына 57 мың тонна металл құймалары өндіреді. Қазір мұнда 130 адам жұмыс істейді. Болашақта жұмысшылар саны 240-қа дейін көбейіп, екі ауысыммен металл құймаларын дайындау көзделіп отыр. Зауытты жаңғырту үшін қажетті құрал-жабдықтар шетелден жеткізілген. Өндіріс орны 90 пайыз автоматтандырылған. Қазірдің өзінде көршілес елдерден сұраныс түсіп жатыр. Алдымен Өзбекстан Республикасына металл құймалары жіберіле бастамақ.
– Алдағы мақсатымыз – металды терең өңдеу. Өйткені мұны отандық нарықты ғана емес, экспортқа дайын өнім шығару үшін қажетті жоба деп есептейміз. Біздің бұл жобамыз Құлсары аталатын моноқала экономикасын әртараптандыруға ықпал еткенін қалаймыз, – дейді Қ.Құлтекенов.
«МеталлПродукт» ЖШС-нің зауытында ұзындығы 6 метр, салмағы 1 070 килограмм болатын металл құймалары шығарылып жатыр. Тапсырыс берушінің қалауына сай құймалардың пішіні өзгереді.
– Металл құймаларын шығаратын зауыттың құрылысы 2008 жылғы 15 қазанда басталған еді. Металл балқыту, қыздыру пешінен алғашқы өнім 2012 жылы алынды. Бастапқыда зауытқа Үндістаннан 7 тонна металды электрмен балқытатын екі пеш сатып алды. Содан бері құрылыс индустриясына қажетті металл құймалары тұрақты шығарылды. Ал 2018 жылы зауыттың қуатын арттыру үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге шешім қабылдадық. Осылайша, Түркиядан 10 тонна металды балқытатын электр пеші мен әлемдік стандартпен болат құймаларын дайындайтын қондырғы әкеліп орнаттық. Қазір біздің өнімімізді Өзбекстан Республикасының екі зауыты алуға келісім беріп отыр. Зауытты қайта жаңғыртуға 2 млрд 800 млн теңге инвестиция салынды, – дейді Қ.Құлтекенов.
Атырау облысы