Коронавирус • 01 Ақпан, 2022

Қауіп азайған жоқ

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде жыл басынан бері 10 мыңнан астам адам қатерлі дерттің қармағына ілініп, бұл орайдағы көрсеткіш 6,9 пайызға өскен. Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуы­на қарағанда, сырқаттардың дені – екпе алмағандар.

Қауіп азайған жоқ

Соңғы бір тәулікте 976 адам­­ның бойынан қатерлі індет белгі­лері анықталған. Жұқпалы аурулар стационарларында 642 науқас ем қабылдауда. Үш адам­ның жағдайы өте ауыр.

– Бүгінде облыс орталығы мен Бурабай ауданында эпиде­мия­­лық ахуал өте күрделі, – дей­ді облыстық бас санитарлық дәрі­­гері, – бір тәулікте облыс ор­та­­лы­ғында 480, Бурабай ауда­нын­да 80 дерек тіркеліп отыр, өзге ау­дан­дардағы ахуал да алаң­датарлық.

Білім ошақтарындағы қазіргі жағдай өте күрделі. Облыстағы 75 мектептің 109 сыныбы қа­шықтан оқу форматына ауыс­қан. Деректерге қарағанда, коро­навирустың соңғы штамы білім ордаларында жайылып бара жатқанын байқауға болады. Оқу­шылардың саны көп мектептерде қатаң санитарлық талаптар сақталуға тиісті. Әзірге карантинге толығымен жабылған мектептер жоқ. Соңғы тәулікте мек­теп оқушылары арасында 127 жағдай тіркелген. Оқу жы­лы­ның басынан бері білім ошақ­тары қызметкерлері арасында 744 оқиға анықталды. Демек мек­тептегі санитарлық сақтық ша­ра­лары әлі де талапқа сай емес.

Дерт қаупі өте күшті екенін тағы бір еске салуға тура келеді. Жаңа жылдан бері індеттен облыс­тың 17 тұрғыны көз жұм­ды. Өткен аптаның өзінде ғана 6 404 адамның коронавирус ін­детінің қармағына іліккені белгілі болып отыр. Күн сайынғы денеңді түршіктіретін деректерді саралайтын болсаңыз, қауіптің күннен күнге күшейіп келе жат­қанын байқауға болады. Осы сала мамандарының пікіріне сүйенсек, пандемия басталғалы  індеттің мұншалықты өсу көр­сеткіші болмаған.

– Жағдай өте күрделі, – дей­ді об­лыстық денсаулық сақ­тау бас­қар­масының басшысы Нари­ман Сыздықов, – ауру­ха­наларда төсектік орындар жет­­кілікті болғанымен, індет­тің тез тарайты­ны соншалық, қауіп күшейе түс­кен. Бұрын дайындалған төсектік орындар­дың 50 пайызы толып қалған.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, басты себеп – екпе алудан жалтару. Ал адам­дарға екпе жасап, қауіптің бетін қайтаруға толық мүмкіндік бар. Өткен жылдан бері өңірге 1 млн-нан астам вакцина дозасы жеткізілген. Жыл басынан бері «Спутник Lite» вакцинасының 4 мың дозасы алынған. Солай бола тұра, жаппай екпе алып, тұтас қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағы әлі де кемшін. Сөз арасында 226 мыңнан астам облыс тұрғыны мүлде екпе алмағанын айта кету керек. Олардың 3,7 па­йызы, яғни 8 747 адам індет жұқ­тырып отыр. Ал екпе алған­дар арасында биыл 343 адам сыр­қатқа шалдыққан. Екпе ал­ған адамдардың ешқайсысы жан сақтау бөліміне түспегенін ескерсек, қауіпсіздік шарасының тиімділігі көзге көрініп тұр.

«Қызыл» аймақтың құр­сауын­­дағы індет демігіп тұр. Соңғы деректерге қарағанда, 40-қа жуық науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Екпе елді аман алып қалатын бірден бір жол екенін естен шығармаған жөн.

 

Ақмола облысы