Коронавирус • 01 Ақпан, 2022

Балалар арасында ауырғандар артты

152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық жағдай күрделі. Қаңтар айының ішінде ғана 5 722 адам коронавирус жұқтырған. Соңғы аптада облыс стационарларындағы төсек саны көбейтілген.

Балалар арасында ауырғандар артты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ахуалды жария етті. Мәселен, 21-27 қаңтар аралығында алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 27%-ға, 2 188-ден 2 997-ге дейін өсті.

Облыс эпидемиялық ахуал бо­йынша 14 қаңтардан бері «қызыл» аймақта. Жалпы, эпидемия басталғалы 45 792 адам осы ауруды жұқтырса, 859 адам COVID-19-дан көз жұмған.

«Аурушаңдық деңгейі көтері­ліп, стационарлардың то­лым­­дылық пайызы артқан соң төсек санын 619-дан 751-ге дейін ұлғайттық. Осылайша, Бәйте­рек аудандық ауруханасын­да – 30 төсек, КВИ оң нәтижелі босанатын әйелдер үшін облыстық перина­талдық орталықта – 20 төсек және облыстық инфек­ция­лық ауруханада балаларға ар­нал­ған төсектік орындар ашыл­ды», дейді облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасы бас­шы­сы­ның орынбасары Асхат Балықов.

Дәл қазір облыс бойынша 13 инфекциялық стационар істеп тұр. Мұнда 310 науқас ем алуда. 76 реанимациялық төсектік-орында 18 науқас емделуде.

Өңірде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған адам саны 265 637-ге жеткен. Бұл жалпы жоспардың 64,1%-ын құрайды. Оның ішінде «Спутник V» вакцинасын 190 116 адам, «QazVac» вакцинасын 20 545 адам, «Hayat-Vax» вакцинасын 25 010 адам, «Corona-Vac» вакцинасын 7 729 адам, «Vero Cell» вакцинасын 22 237 адам алған. Вакцинаның ІІ компонентімен барлығы 248 727адам егіліпті.

«Қазіргі таңда Pfizer компа­ниясының «Комирнати» вакцинасын 8 385 адам алды, оның ішін­де 4 330-ы – жасөспірім, 294-і – жүкті және 3 761-і бала емі­зе­тін әйелдер», деп хабарлады Асхат Жәрдемғалиұлы.

Бүгінде облыстың 40 453 тұр­ғыны ревакциналаудан өткен. 25 қаңтарда облысқа «Спутник Lite» вакцинасының 3 мың дозасы жеткізілді.

Өңірдегі санитариялық-эпи­де­­мио­­логиялық бақылау депар­­та­менті басшысының орын­басары Нұрлыбек Мұстаев­тың айтуынша, инфекция, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында кең тарап барады. Мәселен, жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі – 505, 15-17 жас аралығындағы 156 жасөспірім вирус жұқтырған. Олардың арасында – 431 оқу­шы, балабақшаға баратын – 42, бармайтын 153 бала бар екен. Covid-19 диагнозы, сондай-ақ 178 мұғалімге, 156 дәрігерге де қойылған. Арнаулы орта оқу орындарының 24 студенті, ЖОО-лардың 20 сту­денті де вирус жұқтырып, есепке алынған.

2022 жылғы 27 қаңтарда Бас мем­лекеттік санитариялық дәрі­­гер­дің міндетін атқарушы­ның қолданыстағы шектеулерді жеңілдетуді көздейтін жаңа №7 қаулысы қабылданған болатын. Соған сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын нысандар үшін жұмыс және демалыс күндері уақыт бойынша жұмыс режімін шектеу алынып тасталды.

Сондай-ақ эпидемия­лық тәуекел аймағына қарамас­тан, салтанатты кештерді, еске алу, ойын-сауық, спорттық іс-ша­ра­ларды, көрмелер мен кон­фе­рен­­циялар, форумдар өт­кізу, спорт кешендерінің, сауық­тыру және діни нысандар­дың, ойын-сауық кешендерінің, сауда желі­лері мен бассейндер қыз­метінде қыз­меткерлер мен келу­шілердің қауіп­­сіз «жасыл» мәртебесі бо­йын­­­­ша жұмыс істейтін объек­ті­лер үшін шектеу алынып тас­талды.

 

Батыс Қазақстан облысы