Қазақстан Республикасының саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлау өткізілгелі 20 жыл толды. Бұл сайлау еліміздегі бәсекеге қабілетті алғашқы сайлау болып танылуымен қатар, өркениетке ұмтылған қазақстандық қоғамды демократияландыру үдерісін жеделдетті. Мәслихаттар заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтыды.
1994 жылдың 7 наурызында облыстық мәслихат депутаттарын сайлау үшін округтер құрылып, Жетісу жерінде 44 депутат сайланған еді. Шыны керек, сол депутаттардың әрқайсысы өңір экономикасын өркендетуге, жалпы, өмір қажеттілігін өтейтін барлық саланы дамытып, ел рухын көтеруге өзіндік үлестерін қоса білді. Сөйтіп, сайлаушылары алдындағы төл міндеттерін адал атқарып, сол елдің алдына әрдайым ұялмай жарқын жүзбен шыққаны да ақиқат. Мұны бүгінгі тарихқа айналған кешегі өмір белестері дегеніміз де жөн.
Алматы облыстық мәслихатының I шақырылым депутаттары жұмыс істеген уақыт еліміз егемендігін жариялағанымен, алғашқы қадамын апыл-тапыл басқан қиын да ауыр кезең болатын. Облыстық мәслихаттың сол кездегі басты міндеті жергілікті бюджеттегі шектеулі қаржының мейлінше тиімді және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайының одан әрі төмендеуіне жол бермеу, елді мекендерде орын алып отырған проблемаларды дер кезінде шешу және алдын алу болды.
1997 жылғы 22 сәуірде Елбасының «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын оңтайлы ету жөнiндегi шаралар туралы» №3466 Жарлығымен Алматы облысының шекаралары оның құрамына Талдықорған облысының аумағын қосу арқылы өзгертіліп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысындағы өзгерiстер жағдайындағы жергiлiктi өкiлдi органдар жүйесi туралы» №130 Конституциялық заңға сәйкес бұрынғы Талдықорған облыстық мәслихатының депутаттары өз өкілеттіктерін сақтап, Алматы облыстық мәслихат депутаттары корпусының құрамына енгізілді.
Елбасының Жарлығын газеттерден қиып алып төс қалталарына сақтап, жүрген жерлерінде шадыман шаттықтарын ірікпегені де рас. Тағы бір баса айтар жайт – осыдан 20 жыл бұрын Елбасы алдымен – экономика, сосын саясат деп шегелеп тұрып айтатын. Бұл ұлағатты өз басым 1995-2004 жылдар аралығында екі мәрте Парламент Мәжілісінің І және ІІ шақырылымдарының депутаты болған кезімде көкейіме түйген едім. Енді ше, жұмыс бабымен халықтың арасына барғанда ел-жұрт Астанаңызда не жаңалық, мемлекетіміздің ұстанған бағыты ше? деген секілді тосын сұрақтар қойғанда еш кідіріссіз Елбасының әуелгі кезек экономиканы дамыту керек деген сөзін түсіндіре айтып беретінбіз. Сондықтан Мемлекет басшысының көрегендігін кешегі күнмен байланыстыра айтқан жөн.
1999 жылдың 10 қазанында ІІ шақырылған Алматы облыстық мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өткізілді. 44 депутаттық мандатқа 80-нен астам кандидат тіркелді. Осынау маңызды шараның «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес өтуін 3,5 мың байқаушы жіті бақылап отырды. ІІ шақырылымдағы депутаттық корпус жергілікті атқарушы органдар ұсынымы бойынша салық салу және бағдарламалық құжаттарды бекіту мәселелеріне біртіндеп ауыса бастады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылғы 14 сәуірдегі «Алматы облысының облыс орталығын көшіру туралы» №585 Жарлығына сәйкес, Талдықорған қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болып, осы жағдай облыстың одан әрі қарқынды дамуына үлкен серпін берді. Өтпелі кезең қиындықтарынан ығыр болған елдің сол кездегі қуанышын айта білу де бір ғанибет. Мемлекеттік саясатқа сай өңірді дамытқан үстіне дамыта түсуге өз кезектерінде облыстық мәслихат депутаттары білек сыбана кірісті. Талдықорған өңіріндегі тоқырап тұрған өндіріс орындарының тың қарқынмен әрі уақыт талабына сай жұмыс істеуіне, Талдықорған қаласы инфрақұрылымдарының жаңартылуына, инвестиция тартуға, жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлердің салынуына баса көңіл бөлінді.
Ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымының мүмкіндігін пайдалана отырып, V шақырылған облыстық мәслихат депутаттарымен тұрақты қайырымдылық қызмет атқарған, яғни әрқайсысы 5 миллион теңгеден қайырымдылық жасаған Ерғали Миразовтың, Усеин Қасановтың, Сергей Калининнің және Әбдіжапар Қыстаубаевтың, сондай-ақ, 3,7 миллион теңгеден қайырымдылық жасаған Серік Донбаевтың, 180 орындық балабақша салдырған Еркін Белгібаевтың, 2 мектеп оқушысының «Ғұмыр Дария» халықаралық байқауына бару шығындарын төлеп берген Валерий Сапожниковтің есімдерін құрметпен атап өткеніміз орынды.
Облыстық мәслихатта былайғы жұрт назар аудара бермейтін басты жұмыстың бірі ретінде экономикалық-әлеуметтік және тағы басқа бағдарламалардың уақытымен қаржыландырылуын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің ұсынымы бойынша облыс бюджетін бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралады. Бұл ретте өңір басшысын қолдап және ретіне қарай халық өтініштеріне орай өзекті мәселелерді қолдай білетін облыстық мәслихат депутаттарының белсенділігіне де мың алғыс.
Жалпы айтқанда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәслихаттар жергілікті өзін өзі басқаруда және барлық сайлау науқандарында негізгі рөлге ие болғанын сеніммен айтуға болады. Осы жылдары еліміздің саяси және экономикалық бағыттарында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл табыстарда жергілікті өкілетті органдар өкілдерінің де сүбелі үлесі бар. Жергілікті өкілді органдарға сайланып, депутаттық қызметін атқарған әрбір халық қалаулысы Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосты. Рухани деңгейі жоғары елі бар мерейлі мемлекетте тұратын жас ұрпақтың бүгінгі буын, оның ішінде, мәслихат депутаттарының атқарған қызметін лайықты бағалайтындығы еш күмән туғызбайды.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
Алматы облыстық мәслихатының хатшысы.
Алматы облысы.