Аймақтар • 01 Ақпан, 2022

Жайылымы, жері жоқ, жұртың қайтіп күн көрер?!

535 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауылының тұрғындары жайылымның жоқтығынан мал баға алмай отыр. 200-ден астам ауыл тұрғыны жер теліміне өтініш бергенімен, үй салатын алақандай жер жоқ.

Жайылымы, жері жоқ, жұртың қайтіп күн көрер?!

Ауылдық жерде тұрып, үй салатын жер жоқ дегенге сенудің өзі қиын. Тіпті көз алдыңызға елес­тете алмас едіңіз. Елдің өк­пе­­сін қара қазандай қылған, орын­ды өкпе-назын туындатып отырған жайылым мәселесі талайдан бері айтылып келеді. Бұл жайға ел Президенті де көңіл аударған. Мәселен, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан хал­қы­­на Жолдауында былай деп айт­қан болатын: «Жайылым­дық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай ал­қап­­тарды кейбір белгілі адам­­дар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қор­шап тастаған. Әкімдер түр­лі себеп­терді сылтауратып, ық­­палды адам­­дардың ығына жығы­лып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкі­мет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзге­р­тетін батыл шаралар қабыл­дауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашы­лық­тардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселе­сіне айрықша назар аудару қа­жет. Олардың құқықтық мәр­те­бесі және көрсетілетін қол­дау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруа­шылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс».

Алдымен жайылым мәселесі туралы айта кетелік. Садовый ауылдық округіне Елікті және Зареч­ный елді мекендері қарай­ды. Округ орталығы Садо­вый ауылын қоса есептегенде, осы үш ауылдағы мал сүмесімен күн көріп отырған қауым қазір зар илеп отыр.

– Осыдан екі жыл бұрын бәрі ойдағыдай еді, – дейді ауыл тұр­ғыны Тәуекел Тұрсынбек, – кейін ауылдың іргесіндегі жердің бәрін «Агротрейд Көкше» ЖШС алды да, бізге мал жаятын тоқымдай жер қалмады. Жайы­лым серіктестіктің егін егетін алқабының арғы жағында. Төрт аяқты мал аталған жайылымға жете алмайды. Егіннің үстінен басып өтуге болмайды. Ал сонда халық күн көріп отырған төрт түлігін қалай бақпақ? Қысы-жазы қораға қамап тағы баға алмайсың. Ауыл тұрғындарының өкпе-назы осыдан басталды. Аудан басшыларына арыздандық, жа­зылған шағымда есеп жоқ. Кейін серіктестік басшылары ел тілегін ескеріп, ені 100 метр болатын жол қалдырды. Бірақ аяқты малды жайқалып өсіп тұрған көк егіннің арасымен айдап өту тіпті мүмкін емес, ұзындығы бір шақырымнан асатын жолдан өткенше бақташы қайырып үлгермейді. Түні бойы қамауда тілін тістеп тұрған аш мал жайқалып өсіп тұрған егінге түсіп кетеді. Өйткені мал айдайтын жол өте тар. Ал егінге түссе, амал жоқ айыппұл төлейміз.

Жайылым бар, тек алыс­та. Көкшетау-Атбасар тас жо­лының бойындағы осы ауылдан 15-20 шақырым жердегі Ақадыр ауылының маңында 10 мың гектар құнарлы жер мал бағылмай, егін егілмей тусырап бос жатыр. Бұл жерді де серіктестік жалға алған екен. Бірақ кәдеге асырмаған. Осы жайылымда ауылдың төрт түлік малын бағуға әбден болады. Бірақ оған жете алмайсың. Жол бойы егістік алқаптары. Демек округ, аудан басшылары егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер мен қожалықтарға жер бөлген кезде ауыл тұрғын­дарының мүддесі мүлдем еске­ріл­меген. Тығырықтан шы­ға­тын жол әлі де бар. Кәдеге аспай жатқан 10 мың гектар жер­ді егін шаруашылығымен айналысатын, егістік алқаптары ауылдың іргесінде орналасқан серіктестіктерге беріп, маңайды босатса, ешқандай өкпе-наз тумас еді. Ауыл тұрғындарының көпшілігі қазір жайылымдық, шабындық жер болмағандықтан, мал ұстай алмай отыр. Облыс орталығының іргесіндегі ауыл тұрғындары азды-көпті мал ұстаса, артық өнімдерін сатып күнкөрістеріне жаратпай ма?! Таяуда ауыл адамдары жылдар бойы қордаланып қалған осы өткір мәселені айтып, облыстық әкімдікке дейін барған. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов Зеренді ауданының басшылары және «Агротрейд Көкше» ЖШС басшысының орынбасары Қайрат Жандаевпен ақылдаса келіп, егін үстінен малды жайылымға өткізетін жолдың ауқымын 300 метрге дейін кеңейтуге келісті. Уәденің қалай орындалары белгісіз. Әйтсе де, ауыл тұрғындары үміт­теніп отыр.

Ауылда мал ұстап, өз күні­мізді өзіміз көреміз деп алға ұм­тылған адамдар аз емес. Со­лар­дың бірі – Бейсенбек Зинатбек. Алдынан жұмыс үркіп отыратын азаматтың өкпе-назы да орынды. Қазір бір өзі 70 бас ірі қара бағып отыр. Шабындық жер болмағандықтан, мал азығын сатып алады. Биыл оған 4 млн теңге қаражатын жұмсапты. 35 сауын сиырының сүтін көрші-қолаңға литрін 150 теңгеден сатады. Мал бағуға жайылым болмағандықтан, жағдайы жоқ ауыл тұрғындары сүтті сатып алуға мәжбүр.

Маған бар-жоғы 10 гектар жер керек. Сол жерге жүгері, екпе шөп егіп, мал азығын қамдасам, шаруам түзеліп қалар еді. Несиеге мал алып, бағып отырмыз. Жаздыгүні малды осы арадан 50 шақырым жердегі басқа ауылдың жайылымында бағып лаждадым, – дейді шаруа қожалығының басшысы Бейсенбек Зинатбек, – бұл да оңтайлы жол емес.

Шаруа қожалығы басшысы­ның айтуына қарағанда, үй ірге­сін­дегі шарбағының арғы жағы егістік алқабы. Жаздың күн­дері егістікке сепкен химия­лық дәрінің иісі тыныс алдырмайды. Қазір ауыл тұрғындары 200-ге жуық қара мал мен 300-дің үстіндегі қой-ешкіні әрең-әрең бағып отыр. Қаражаты барлар жем-шөбін сатып алады. Бірақ олай мал бағудың өзі тиімсіз, өйткені биылғыдай құрғақшылық жылы мал азығы күрт қымбаттап кеткен.

Мән-жайды ауылдық округ әкім­­дігінің бас маманда­ры Олжас Қайыржанов пен Фариза Аман­баевадан білдік. Танаптың табал­­дырыққа дейін жыртылуы шын­дық. Оны айтасыз, осы ауыл­дың тұрғындары онда­ған жыл бойы үй салатын жер теліміне қол жеткізе алмай отыр. Кезекте тұр­ғандардың саны 200-ден асқан. Барлығы 649 адам тұратын ауыл үшін өте көп кезек. Ал кезек­тің алға жылжитын түрі жоқ. Өйткені ауылдың ірге­сі­не дейін егін егілгендіктен, алақан­дай жер қал­ма­ған.

Ауыл тұрғындары аспандағы айды алып беріңдер деп буынсыз жерге пышақ ұрып отырған жоқ. Бар болғаны мал жаятын жайылым мен шабындықтың және үй салатын жер телімінің мәселесі шешілсе болғаны. Жұрттың жанайқайына назар аударатын, түйінді мәселені біржола шеше­тін уақыт әбден жетті. Жан-жағының бәрі шөбі шүйгін алқап, ел іргесін жанай өтетін өзені бар жерде өріс таппай қиналғандықтары кімнің болсын жанына батқандай. Өкінішті-ақ!

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы