Қазақстан Республикасы Президентінің ел халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында ұзақ мерзімге бағдарланған «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын асқаралы міндеттер және бір сараланып, ел халқы таяу жылдарда іске асыруға тиіс нақты тапсырмалар алға қойылды. Жаңа технологияға, инновацияға, ауыл шаруашылығын жаңаша дамытуға, әлеуметтік салаға қатысты сан алуан мәселелер қамтылған құжатта әлемдегі аса дамыған озық 30 елмен иық теңестіру үшін не істеу керектігі тұжырымдалып, тиісті орындарға бағыт-бағдар берілді. Соның ішінде Жолдауда мемлекеттік билік органдарына қатысты мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру керектігі, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажеттігі атап көрсетілген.
Елбасының осынау жасампаз саясатын заң тұрғысынан сүйемелдеуге Парламент Сенатының депутаттары да, оның ішінде «Өңір» депутаттық тобы да өз үлесін қосуға ұмтылады.
Жалпы, Қазақстанның өңірлерін дамыту мәселесінің үнемі Елбасының назарында екенін, осыған орай Мемлекет басшысының елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіргеннен кейін көп ұзамай-ақ астананың елді өркендетуде локомотив болуға тиістігі жөнінде айтқан бейнелі сөздерінің бүгінде ақиқатқа айналғанын көріп отырмыз. Күннен күнге көркейе, әсемдене түскен Астанаға қарап бой түзеген Қазақстан өңірлері, облыс орталықтары, қалалар, аудандар серпінді даму үстінде.
Әрине, бұған қарап, бізде бәрі тамаша екен ғой деген қорытынды жасаудың жөні жоқ. Өмір болған соң түйткілді мәселелер кездеспей тұрмайды. Демек, сан алуан проблемалар да туындайды. Оның ішінде күрмеуі күрделілері де бар.
Атап өткен «Өңір» депутаттық тобының негізгі мақсаты да Қазақстан өңірлерінің халқымен тығыз байланыста болып, Елбасының тапсырмаларын орындау барысында ел арасында туындайтын әлеуметтік-экономикалық мәселелерге назар аудару, зәру проблемаларды қажет кезінде жергілікті жерде талқылап, тиісті орындарда мәселенің дұрыс шешілуіне көңіл аудару болып табылады.
Сөз ретіне қарай, 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Өңір» депутаттық тобы Сенат депутаттарының ерікті түрдегі бірлестігі екенін, оның жұмысының басым бағыты Елбасының халыққа жолдауларынан туындайтын тапсырмаларына сәйкес республика өңірлерінің дамуына жәрдемдесу болып табылатынын назарға сала кеткіміз келеді.
Бұл жәрдемдесудің қай тұрғыда жүргізілетінін таратып айтар болсақ, ол – өңірлерді дамыту мәселелеріне қатысты заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, осы бағытта қабылданған қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізуді және өңірлерді дамыту мәселелері бойынша қоғамдық пікірді зерделеуді, елді және өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы мемлекеттік саясат жөнінде халықты хабардар етуді, өңірлерді дамыту саласындағы заңнаманың жай-күйіне жұртшылықтың назарын аударуды, Парламент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңеспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді, республика мәслихаттарының депутаттарымен ұдайы байланыста болуды, өңірлерді дамытудың барлық мәселелері бойынша Үкіметпен өзара іс-қимыл жасауды және басқа да мәселелерді қамтиды.
Әлемдік тәжірибе географиялық орналасуының, табиғи-климаттық, демографиялық жағдайының, тарихи дамуының сан алуандығына және басқа да факторларға орай өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің әркелкі болып келетінін көрсетеді. Сондықтан әрбір мемлекет өңірлердің тұрмыс деңгейін жақсартуға ұмтылады, яғни өңірлердің даму деңгейін арттыруға бағытталған өңірлік саясат жүргізеді.
Мәселеге осы тұрғыдан келгенде «Өңір» депутаттық тобы өзі құрылғалы бергі уақыт ішінде өңірлерді дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу және олардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуы жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталған бірқатар іс-шараларға қозғаушы болды. Атап айтқанда, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері ел Үкіметіне, орталық мемлекеттік органдарға жолдаған өздерінің сауалдарында өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың перспективалық мәселелерін, оның ішінде білім берудің, денсаулық сақтаудың, коммуналдық меншіктің, жергілікті өзін өзі басқарудың жай-күйін, ауылды ауыз-сумен қамтамасыз етудің барысын, балалар үйлеріне қамқорлықтың жағдайын, сондай-ақ, облыстар мен аудандардағы, қалалар мен ауылдардағы елді мекендердің шұғыл шешуді талап ететін және басқа да мәселелерін көтереді.
Әдетте депутаттық сауалдарда айтылған мәселелерді Үкімет зерделейді, көптеген сауалдар қолдау тауып, оларда көтерілген мәселелер бойынша шаралар қабылданып жатады. Бұдан Үкіметтің депутаттық сауалдарға сергек қарайтыны байқалады. Осыған байланысты бір ғана мысал келтірейік. Бірер жыл бұрын «Өңір» депутаттық тобы «2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» тақырыбына тиісті құзырлы мекемелерді қатыстыра отырып арнайы отырыс өткізіп, онда елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге арналған аталған бағдарламаның орындалу барысындағы кемшіліктер сынға алынып, тиісінше Үкіметке сауал жолданған еді. Осы сауалға орай Үкімет тарапынан алынған жауапта депутаттар сауалында қойылған мәселенің, тиісті органдарға айтылған сынның орынды екені, одан қорытынды шығарылатыны айтылған.
Парламент Сенаты жанындағы «Өңір» депутаттық тобының жұмыс жоспарына сәйкес, өңірлерге шығып, жергілікті жерлерде көшпелі отырыстар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Халықпен жұмыс істеудің мұндай тәсілінің бірсыпыра артықшылықтары бар. Біріншіден, жергілікті жердегі жағдайды өз көзіңмен көріп, танысасың. Екіншіден, тұрғындармен кездесу мәселенің анық-қанығын жете түсінуге көмектеседі. Осылайша, тиісті орындардың алдына мәселе қою барысында өзің қабылдаған шешімнің дұрыстығына толық сенімді боласың.
Соңғы жылдарда қай жағынан алғанда да пайдалы осындай бірнеше көшпелі отырыстар өткізіліп, оларда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты әртүрлі мәселелер көтерілді. Олардың бірі Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту перспективасына, енді бірі Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамытудың келешегіне, үшіншісі, жергілікті өзін өзі басқару тұжырымдамасын іске асыруға және бірі халықты жұмыспен қамту мәселесіне арналып жатады. Бұлардың бәрінде де өңір үшін, жалпы, халық үшін шешімін күткен зәру мәселелер қозғалатыны, оларды шешудің жолдары қарастырылып, тиісті орындардың алдына мәселе қойылатыны айтпаса да түсінікті.
«Өңір» депутаттық тобы мүшелерінің, облыс әкімдігі қызметкерлерінің, облыстың өкілді органдарының, «Нұр Отан» партиясының, үкіметтік емес ұйымдардың және оқу орындары өкілдерінің қатысуымен өткен жылдың соңында Алматы облысында болған көшпелі отырыстың мазмұнына қысқаша тоқталып өтейін. Көшпелі отырыс барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының аясында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатқа қатысты мәселелер кең ауқымда талқыланды.
Ең алдымен, елімізде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сарапқа салынды. Биліктің заң шығару тармағы мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының осылайша бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей бірлесе жұмыс істеуі облыстардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамуына қолғабыс жасайтынына сенім білдірілді. Мұнан соң елімізді Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында, соңғы үш жыл ішінде жүзеге асырылған игі істерге шолу жасалып, ішкі жалпы өнімнің өсіміне өндіруші сала ғана емес, өңдеуші саланың да алғаш рет айтарлықтай үлес қосып отырғаны ортаға салынды.
Жалпы, бағдарламада белгіленген кәсіпорындар толықтай пайдалануға берілгенде, 181 мың тұрақты жұмыс орындары пайда болатыны түсіндірілді. Аталған бағдарлама жұмыс істей бастағалы бері республикада өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендердің саны 25 мыңға қысқарғаны жеткізілді. Жалпы, жұмыспен қамту мәселесінің Алматы облысында жақсы жолға қойылғаны аңғарылады. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына былтыр облыстың 5,5 мыңнан астам тұрғыны қатысқан, тағы 4,5 мыңға жуық адам мемлекетпен әлеуметтік келісімшартқа отырған. Тұтастай алғанда, облыс бойынша бағдарламаны іске асыруға 10 миллиардтан астам теңге бөлінген болса, өткен жылы соның 7 миллиарды игеріліпті.
Көшпелі отырыс барысындағы кездесу аясында, сондай-ақ, ауыл жастарымен жұмыс, келешегі жоқ ауылдардың тұрғындарын экономикасы дамыған орталықтарға көшіру, облыста кәсіби және техникалық білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыға салынды. Жұмыссыздық пен кедейлікті азайту, кадрлардың әлеуетін және кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыруға ықпал ететін бірқатар нақты ұсыныстар дайындалды.
Өңірлермен бірлесіп жүзеге асырылатын мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Соның бірі – республиканың жергілікті жерлеріндегі мәслихаттармен бірлесіп жүргізілетін жұмыстар көбіне Сенат қабырғасында қабылданатын заңдармен байланысты болып келеді. Атап айтқанда, депутаттық топ өздерінің заңнамалық бастамаларын іске асыру үшін облыстық, аудандық мәслихаттармен ынтымақтастықты жүйелі түрде іске асырады. Мысалы, өткен жылдары «Мемлекеттік мүлік туралы», «Энергия үнемдеу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа (фермерлік) қожалықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Азаматтық қорғау туралы» және «Жол жүрісі туралы» заң жобалары алдын ала тиісті мәслихаттардың қарауына жіберіліп, пысықталды, пікір алмасулар жүргізілді, мәслихат депутаттары тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынды. Мұның өзі заң сапасын жақсартуға белгілі бір дәрежеде әсерін тигізетінін уақыт дәлелдеп отыр.
«Өңір» депутаттық тобы мүшелерінің мәслихаттармен өзара іс-қимылы Сенатта құрылған орган – Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес шеңберінде де жүзеге асырылады.
Депутаттық топ мүшелерінің «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау орындарында азаматтарды қабылдауға, олармен бетпе-бет жүздесіп, халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қолдан келгенше қолғабыс жасауға ұмтылатынын айта кеткен жөн. Жергілікті атқарушы органдардың әртүрлі құрылымдарының өкілдері белсене қатысатын партияның қоғамдық қабылдау орындарында жүргізілетін жұмыс, шынтуайтына келгенде, азаматтардың өзекті проблемаларына ден қойып, тез арада шешім қабылдаудың неғұрлым тиімді нысаны болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында айтылғандай, әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады.
Жолдаудың осынау жасампаз жолдарынан біз Қазақстанымыздың, оның өңірлерінің бүгінгіден де зор қарқынмен қарыштап дамығанын көргендей боламыз. Еліміздің өркендеуіне үлес қосу әр азаматтың парызы деп санаймыз.
Ермек ЖҰМАБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты,
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі,
«Өңір» депутаттық тобының жетекшісі.