Үкімет • 01 Ақпан, 2022

Үкіметте тұрғын үйді жалға алудың жаңа тәсілдері қаралды

1714 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй саясатындағы және тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялаудағы жаңа тәсілдер қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметте тұрғын үйді жалға алудың жаңа тәсілдері қаралды

«Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту - мемлекеттік саясаттың ең маңызды міндеті. Осы міндетке жетудің басым бағыттарының бірі – тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы елдегі жалпы құрылыс саласы жыл сайын оң динамика көрсетіп, өсіп келе жатқанын айтты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша  17,1 млн шаршы метр үй салынды. Тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Бірақ, бұл көрсеткішке қарамастан, қарапайым азаматтардың басым бөлігі баспана ала алмай жүр. Сол себептен үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Мұнда «Отбасы банкіне» ерекше орын беріледі, ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін қалыптастыру және оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сату бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарады.

Қазіргі таңда азаматтарға үй сатып алу мақсатында өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» депозиттерге салу мүмкіндігі берілді.

Заңнаманы реформалау аясында тұрғын үйді кірісіне қарай сату, арендалық төлемдердің бір бөлігін субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу механизмдері енгізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды. Баспанаға мұқтаж 70 мыңға жуық отбасы аталған механизм аясында жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады.

«Жалпы, жаңа тәсілдер мен механизмдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, аренданы субсидиялау механизмін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1 мамырына дейін нақты іске асыруға кірісуді тапсырды.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сапасын арттыру және одан әрі жеңілдету үшін ҚР ИИДМ-ге құрылыс саласын реттеуге цифрлық технологияларды енгізу бойынша заң жобасын осы жылғы 1 сәуірге дейін Үкіметке енгізу тапсырылды.

«Құрылыс маусымын уақытылы бастаудың маңызы зор. Ол үшін өңір әкімдері күн жылынған соң құрылыс жұмыстарын барынша тездету үшін ерте бастан жер телімдерін бөлуді, жобалық құжаттарды әзірлеуді, қажетті инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс», деді Премьер-Министр.