Мектеп оқушыларының республикалық Мұқағали Мақатаев оқулары мұзбалақ ақынның туған ауылы Қарасазда өтті.
Абайдың жырұйық Жидебайы сияқты, Мұқағалидың қара шалғын өлеңді Қарасазы да қазақ жырының бір Меккесіндей, адамды алыстан баурап тартатын қасиетті мекен десек, мүлт кетпеспіз.
Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз,
Қасиетінен суыңның!
Сенің әрбір бұлағың
Менің әрбір қан тамырым емес пе?
Қасиетті тұғырым –
Қасиетінен суыңның!
Осындай ауылда, осындай берекелі-мерекелі ел мен жерде туған ақынның бақытына шүбәсіз сенгендейміз. Қарасаздың Мұқағали жырламаған бір қурайы, бір тасы да қалмағандай. Сонымен бірге ол қазағының, халқының ақыны болғаны үшін бақытты еді ғой. Шыннан-ақ, Атырау-Алтай, Алатау-Арқа аралығында Мұқағали жырға қоспаған қазақ жерінің бірде-бір пұшпағы, рухымыз бен діліміздің бірде-бір пұшайманы жоқ екені байтағымызға белгілі. Қырықтың бесеуінде жарық сәулемен зарыға қош айтысқанға дейін осыншалықты ұлан-ғайыр мұра қалдырып, ұлттың ұстынды ақынына айналған нақ осындай дарқан дарын және сирек.
Шынайы ақындық бақыт осындай-ақ болар. Көзі тірісінде мойындалды, өзі кеткесін қастерленіп келеді. Халқының махаббаты Мұқағалиға құлап түсті. Осының бір айғағындай, 10 шақты жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі Мұқағали оқуларына асыққан оқушы өрендер наурыздың 13-і күні Қарасазға атбасын тіреді. Тірісінде тойланбағанына наз айтып, болашаққа арыз жазып кеткен ақынның шын туған күні де осы көрінеді. Қарасаздың да кәрі-жасының Мұқағали дегенде шығарда жаны ғана басқа-ау. Ақын мұражайының сырлы жәдігеріне айналған «Мен өскен лашық бір бөлмесі», «Су сұраса сүт берген, айран берген қайран жеңгесі», тіпті, «Қарғаның валетіндей едірейген» қара мұртқа дейін асыл рухты аңсап келген қонақтарға қуанышын білдіргендей.
Мұқағали оқуларын өткізудің аманат парызын Алматы облыстық білім басқармасы арқалап жүр. Оқулардың салтанатты ашылуында басқарма бастығының орынбасары Жаңыл Сүлейменова, облыстық мәслихат хатшысы Ермек Келімсейітов және басқалар бұл игі істің еліміздің жас ұрпағын отаншыл рухта тәрбиелеудегі маңызына баса тоқталып, оған қатысушы жас талаптарды жадыра жүзбен құттықтады. Қарасаздың мектеп оқушыларының бұл күнгі кештегі ауылдың алты ауызындай кәделі концерті де көңілден шықты. Ал ертеңгі өнер сайысында жас талаптардың да қанаттары талмай, биікте самғай білгенін айтқан ләзім.
Республиканың түкпір-түкпірінен келген 29 жас өрен екі кезеңде алты түрлі атаулы сынға түсті. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп айдарланған соның біріншісінде талапкерлер Мұқағалидың бір өлеңін нәшіне келтіре мәнерлеп жатқа оқыды. «Көкірегінде жыр сәулесі маздайды» аталымында оқушылар өз өлеңдерін паш етсе, «Жыр эстафетасында», «Райымбек, Райымбек!» және «Аққулар ұйықтағанда» поэмаларын жатқа айту жөнінен бейне- бір сүре айтыстағыдай аламан сынға түсті. Одан әрі жас дарындар берілген ұйқастарға өлең құрап, ақындық қабілеттерін ортаға салды. Ал бұдан кейін Мұқағали шумақтарын талдап сөйледі. Ең соңында он сұрақпен Мұқағали мұрасын кім көп білетіні сарапқа салынды.
Осынау мектеп оқушыларының өнері, қабілет-дарындары кімді болса да тәнті еткендей еді. Олар Мұқағали поэзиясын қалтқысыз сүйетінін және білетінін көрсетті. Қазақ рухының, қазақ тілінің болашақ жаршылары да осылар. Жоғарыдағы сындарда көпшілігі жасындай жарқылдап, мұзбалақ ақынның жыры туған елінде жалғасып жатқандығын айғақтады. Бас жүлдені Алматы қаласындағы №62 Шона Смаханұлы атындағы гимназия оқушысы Аяулым Тоқтасын еншіледі. Екі бірінші орынды ұлы Абай елінен келген Қарауыл орта мектебінің оқушысы Марал Түгелжан мен қарасаздық мектеп-гимназия өрені Бірлік Бекмұханбет қанжығаларына байлады. Үш екінші жүлдеге Алматы облысы Панфилов ауданы, Ә.Қастеев атындағы мектептен Мөлдір Нұриева мен Алакөл ауданы, Үшарал қазақ гимназиясынан Сәулет Дәукен және Павлодар облысы Екібастұз қаласы, Атығай орта мектебінен Ақмаржан Тілеген ие болды. Үшінші орын тұғырынан түгелдей Алматы облысының оқушылары көрінді. Олар – Ескелді ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен Зағипа Ризабек, қарасайлық Алтынсарин атындағы орта мектептен Аймереке Жанашбаева және Райымбек ауданындағы А.Нүсіпбеков атындағы орта мектептен Дінмұхамед Мұхаметжан. Мұқағали оқуларының арнайы жүлдесіне Батыс Қазақстан облыстық С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернат оқушысы Индира Қамиева лайық деп танылды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Қанат Біржансалұлы.