Үкімет • 03 Ақпан, 2022

Мақсат – барлық бастаманы сапалы заңдармен қамтамасыз ету

370 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Мәжіліс Төрағасы күн тәртібіне кіріспес бұрын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстан құру жолында Парламентке артылар жүк те, жүктелер жауапкершілік те өте зор екенін атап өтті.

Мақсат – барлық бастаманы сапалы заңдармен қамтамасыз ету

«Осынау сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, Президент бастамаларын барынша қолдау – басты міндетіміз. Сайлаушылар тарапынан депутаттарға қойылатын талап қашанда жоғары екенін өздеріңіз білесіздер. Әсіресе кешегі «Қаңтар оқиғалары» бүкіл еліміз үшін үлкен сын болды. Күн тәртібінде тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалу мәселесі тұрды. Елдігімізге қауіп төнген осы сын сағатта Мемлекет басшысы барлық жауапкершілікті өзіне алып, батыл шешімдер қабылдады», деді Палата Спикері.

Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Пре­зи­дентіміз халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екендігін өз ісімен дәлел­дегенін, ендігі жерде бұл талап басты қағида болуға тиіс екеніне назар аударды.

«Бірінші кезекте, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет. Халық сайлаған депутаттар ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болу керек. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты екені түсінікті.

Сондықтан алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан ары жандандырамыз. Бұл – Президент бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асы­ру­дың басты ұстанымы. Алдымызға қойыл­ған жаңа міндеттерді табысты орындау үшін аза­маттық қоғаммен қатар, мемлекеттік орган­дар­дың барлық тармақтарымен, соның ішінде Се­натпен, Үкіметпен, сот саласымен өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз», деді Е.Қошанов.

Сонымен қатар Палата Төрағасы жұртпен қарым-қатынас, олардың мүдделерін қорғау Мәжілістің күнделікті жұмысының негізі еке­ніне баса назар аударды.

«Депутаттардың сайлаушылармен тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды және қосымша мүмкіндіктерді қарастыруымыз қажет. Мүмкін, халықпен кездесу форматын қайта қарауымыз керек шығар. Тамыршыдай тап басып, жұрттың мұң-мұқтажын білу үшін және заңдар қабылдау арқылы олардың көкей­кесті проблемаларын шешу үшін біз сайлаушылармен жиі кездесуге тиіспіз.

Жұмысымызда осы принциптерді бас­шы­лыққа ала отырып, бүкіл қазақстандықтардың мүдделерін лайықты білдіре аламыз деп сенемін. Біздің мақсатымыз айқын, міндетіміз ортақ. Ол – елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы жолда, құрметті депутаттар, бірлесе еңбек етіп, тиісті нәтижелерге жетеміз деп сенемін», деді Мәжіліс Спикері.

Отырыс барысында депутаттар «Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобасын дайындаудың мақсаты – қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және нарықтық экономика жағдайында асыл тұқым­ды мал шаруашылығы саласының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайтын заманауи норма­тивтік-құқықтық базаны қалыптастыру әрі асыл тұқымды мал шаруашылығындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру. Одан басқа, заң жобасын қабылдау арқылы қолданыстағы асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамадағы қарама-қайшылықтар, олқылықтар мен коллизияларды жою қарастырылады», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Заң жобасын қарау барысында депутат­тар заң жобасының негізгі ережелерін нақ­ты­лауға бағытталған бірқатар өзгеріс пен толық­тыру енгізді. Мәселен, заң жобасына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер өз қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органды өз қызметінің басталғаны туралы хабардар етпестен жүзеге асыратыны күтілген еді.

Сонымен қатар бонитирлеу, қолдан ұрық­тандыру және эмбриондарды ауыстырып салу бойынша мамандар көрсететін қыз­меттер сапасының төмендеуіне жол бермеу мақсатында осындай жеке тұлға-мамандардың өз қызметін бастағаны туралы уәкілетті орган­ды міндетті түрде хабардар етуін қалпына кел­тіру ұсынылды.

Бұл ретте, олардың қызметіне қойылатын негізгі талаптар айтарлықтай жеңілдетіледі. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың «ауыл шаруашылығы және биоресурстар» немесе «ветеринария» бағыты бойынша білім туралы дипломы болса жеткілікті. Бұл көптеген адамға қолжетімді болмақ. Өйткені білімге қойылатын қазіргі талаптардың өз ерекшелігі бар.

Техник-ұрықтандырушының білім туралы дипломы не ауыл шаруашылығы малын қолдан ұрықтандыру курстарынан өткені туралы құжаты не осы бейін бойынша кемінде алты ай жұмыс өтілін растайтын құжат қажет. Сонымен бірге бұл мамандар оқу және біліктілігін арттыру курстарынан тұрақты негізде өтуге міндетті. Ал олардың ұзақтығын уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді.

Бұдан басқа, «Асыл тұқымды мал шаруа­шылығы туралы» Заң малды әлемдік практикада кең таралған геномдық бағалауды жүзеге асыру нормаларымен толықтырылды. Бұл әдіс табынның өсімін одан әрі молайту және қажетті селекциялық өлшемдерге ие төл алу үшін перспективалық дарақтарды ерте кезеңде іріктеп алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бонитирлеу, индекстік бағалау, ұрпағының сапасы бойынша бағалау, өз өнімділігі бойынша бағалау (сынау) сияқты асыл тұқымды малдарды бағалаудың өзге де түрлеріне қатысты ережелер нақтыланды. Бұдан бөлек, заң жобасында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу мақсатында қабылданған алдын алу тетігі көзделген.

Мәселен, уәкілетті орган ведомствосының бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профи­лактикалық бақылауды жүзеге асыру мүм­кіндігі қарастырылған. Асыл тұқымдық және дистрибьютерлік орталықтар, бюджеттік суб­сидиялар алған жеке және заңды тұлғалардан бөлек, республикалық палаталар да профи­лак­тикалық бақылау субъектілері (объектілері) саналады.

Отырыс барысында «Еуразиялық эконо­микалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара саудасын жүзеге асыру кезінде ЕАЭО кедендік аумағы арқылы үшінші елдермен сау­дада тарифтік емес реттеу шаралары қол­да­нылатын қауіпті қалдықтарды трансше­ка­ралық өткізуге байланысты қатынастарды реттейді.

«Қазақстанда қауіпті қалдықтарды әкелу, әкету және транзитін заңнамалық реттеу Базель конвенциясы және Экологиялық кодекс нормаларымен жүзеге асырылады. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге қатыс­ты лицензиялық тәртіп қолданылады. Лицензия беруді министрлік 2019 жылдан бастап, яғни ол құрылғаннан бастап жүзеге асырады.

Жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін қалдықтарды трансшекаралық өткізуіне ты­йым салынады. Келісім талаптарын сақтау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қауіпті қалдықтарды экологиялық негізделген түрде жоюға және қайта өңдеуге, қоршаған ортаның ластануының алдын алуға жол ашады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешев.

Қалдықтарды мүше мемлекеттің аума­ғынан басқа мүше мемлекеттің аумағына өткізу кезінде ЕАЭО мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы трансшекаралық өткізу Базель конвенциясының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Мүше мемлекеттерде қалдықтарды трансшекаралық өткізуді бақылау және қадағалау мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, қал­дықтарды көму және залалсыздандыру мақсатында оларды трансшекаралық өткізуге жол берілмейді.

Қалдықтарды трансшекаралық өткізу Еура­зиялық экономикалық комиссия бекітетін бірыңғай нысан бойынша құзыретті орган беретін қорытындының негізінде жүзеге асырылады. Келісімде көрсетілмеген, қал­дықтарды трансшекаралық өткізу тәртібіне, сондай-ақ тасымалдаушыға және авариялық жағдайларды болғызбау және жою, адамның денсаулығына және қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру жөніндегі іс-шара­ларды жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптар мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.

Сондай-ақ отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конс­ти­туциялық заңдарына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

«Заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында тағы бір қосымша түзету енгізілді. Атап айтатын болсақ, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бо­йынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сымен келісуді көздейтін «Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның 1-бабының алтыншы бөлігін Парламент Сенаты алып тастау­ды ұсынды. Себебі Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 1-тармағына және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Республика Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, сондай-ақ ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді», деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Қаржы мониторингі агент­тігіне жолдаған сауалында Мақсат Раманқұлов Tax Justice network халықаралық ұйымының мәліметіне сүйене отырып, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылғанын атап өтті. Бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. «Кейбір мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша екі жүзден астам іс қозғаған. Алайда нақты нәтижелері туралы ештеңе белгісіз. Сонымен қатар қаңтар қасіреті кезінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар», деді депутат.

Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат Берік Дүйсенбинов квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам қадағалауы қажет деп мәселе көтерді. Оның айтуынша, мәселе экономикамыздың 60 пайызын құрайтын, 6,5 мың заңды тұлға кіретін квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігінде жатыр. «Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда олардың жұмсалуы, яғни кеңселер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустардың қалай бөлінуінің барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ. Сондай-ақ олардың қандай табыс тауып және оны қалай ұстайтындарын да ешкім білмейді. Дәл осы жерде жүйелі заңбұзушылық орын алып, жемқорлық тамырын жаюда және мемлекет есебінен еш шектеусіз баю көзіне айналған. Шығынға белшесінен батып жатса да, менеджерлер өздеріне миллиондаған сыйақы бөліп, бүкіл халықтың мойнына жүктелетін сыртқы қарыздың қомақты бөлігін қалыптастырып отыр. Сондықтан квазимемлекеттік мекеменің бюджетін қоғам мен Парламенттің қадағалауына қайтару – өте маңызды шара», деді депутат.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында депутат Ерлан Саиров халықтың тұрмысына қатысты мәселе көтерді. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды. Осы орайда Дүниежүзілік банк табысы орташадан төмен елдер үшін күніне ең төменгі табысты бір адамға 3,2 доллар деп есептеген.

«Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл ертедегі үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңірі шыққан» кедей болуың керек! Осы тавталогияның салдарынан 2020 жылы баға­ның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік кө­мекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтыл­ған адамдардың саны азайған. Бұл фактор өз ке­зегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдем тұралатып жіберді», деді Е.Саиров.

Сондай-ақ Аманжан Жамалов, Вакиль Нәбиев, Дания Еспаева, Юлия Кучинская, Ди­нара Зәкиева, Бекқали Торғаев, Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев, Андрей Линник, Гүлнар Бижанова депутаттық сауал жолдады.