Қоғам • 03 Ақпан, 2022

Аңшылықта да айтарлықтай мәселе бар

1178 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аңшылық – қазақ халқымен мыңжылдықтармен бірге жасасып келе жатқан кәсіптің бірі. Ұлы даланың ұланғайыр кеңістігінде жортқан табиғаттың тірі байлығы әлі де бар. Жалпы, тарихы мол аңшылық дәстүр туралы қазақ әдебиетінің жауһар­ларында да кездеседі.

Аңшылықта да айтарлықтай мәселе бар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, құда болуға серттеске­нін бәріміз білеміз. Сол сияқты, хакім Абай да «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп, әсерлі суретті көз алдымызға әкеледі. Ал жазушы Мұхтар Мағауин «Шақан шері» романында «Жолбарыс аулау – қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері. Төріне тарғыл жолбарыс ілінбеген үйде найза ұстар ұл тумайды деген бабаларымыз. Ол заманда ұзын аққан Сыр-Дария, қамысы қалың Шу бойы қаптаған жыртқыш екен. Ал Іленің етегінде жапырлап жүрсе керек», деп жазады. Ата-бабаларымыз қастерлеген бұл аңшылық та бүгінде көзсіз құмарлықтың, табыс табудың құралына айналып бара жатқан сияқты. Мұндай жағдай Жамбыл өңірінде соңғы кезде жиі байқалады. Мәселен, қазіргі кезде аймақта заңсыз аң атып, құс аулағандар көбейіп кеткен. Бұларға заң жүзінде шаралар қолданылғанымен, толыққанды тоқтам болмай тұр.

Табиғаттың иен тегін байлығы Әулиеата өңірінде де жетерлік. Жал­пы, облыста аумағы 2 млн 457,7 мың гек­тар­ды құрайтын 52 аңшылық алқап бар. Оның ішінде 176,6 мың гектар болатын 37 аңшылық алқап 24 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген екен. Ал табиғат пайдаланушыларға бекітілген аумақтардан тауешкі, елік, қабан, түлкі, қарсақ, борсық, қоян, суыр, қырғауыл, шіл, кекілік, қаз, үйрек, қасқалдақ, кептер, бөдене, ұлар секілді аң-құстың 19 түрін аулауға рұқсат етілген. Сондай-ақ жануарларды қорғау жұмыстарымен 141 қорықшы айналысуда. Өткен жылы аңшыларға берілмеген 14 аңшылық алқапты мекендейтін жануарлардан 40 құлан, 920 қарақұйрық, 526 арқар анықталған. Мемлекет тарапынан бәрі де бақылауда. Бұл ретте орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыс бо­йынша аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов «Қансонар» қоғамдық бірлестігі қыз­меткерлерінен құрылған жұмыс тобы мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі және еліміздің Зоология институтының ғылыми қызметкерлері «Қызыл кітапқа» енген тау арқарына тікұшақпен және қарақұйрыққа, құ­лан­ға жүргізілген жерүсті санақ жұ­мыс­­тарына мемлекеттік бақылау жа­сай­тынын айтты. Ал жыртқыш аң­дарға жүргізілген биылғы санақ бо­йын­ша өңірде 1 826 қасқыр, 1 848 ши­бөрі бар екен. Бөлім басшы­сының айтуынша, қасқыр мен ши­бөрінің санын реттеу мемлекеттік қызмет көрсету түріне жатады. Сон­дық­тан да оларды аулауға рұқсат қағаз инспекция тарапынан әуесқой аң­шы­лардан түскен өтініштер бойын­ша «Е-лицензиялау» веб-порталы ар­қылы беріледі екен. Биыл он айда атал­ған портал арқылы са­ны реттеуге жататын жануарларды аулау бойынша аңшылардан 1 245 өті­­ніш түсіп, оның 537 өтініші қа­нағат­­тан­дырылған. Аңшыларға облыс­қа бөлінген лимит бойынша 453 қас­қыр мен 470 шибөрі аулауға рұқсат берілген.

Дегенмен, аңды әркім әрқалай ниет­пен аулауы мүмкін. Бүгінде бұл саланы кәнігі аңшылықтан гөрі, әуес­­қойлық басып бара жатыр деуге бола­ды. Көп жағдайда рұқсат етіл­ме­ген аумақта рұқсат қағазы жоқ аң­шы­лар күн сайын ұсталуда. Облыс әкім­­дігі жа­нындағы «Табиғатты қор­ғау ке­ңесі­нің» төрағасы Ерназар­бек Жа­н­таев браконьерлік­пен айналы­са­тын­дар­дың әлі де тыйыл­май тұрғанын айтты. Кезінде облыс әкімі болған Асқар Мырзахметовтің ше­ші­мімен құ­рыл­ған «Сапсан» жедел тобы да өңір­дегі аң-құстарды қорғау мен таби­ғат байлығына заңсыз қару кезен­ген қаскөйлерді құрықтау мақ­сатында жұмыс атқаруда. Биыл­дың өзінде аталған мекеме 102 рейд жасап, 109 әкімшілік хаттама толтыр­ған. Нәти­жесінде, 5 қылмыстық іс тіркелген. Заң бұзушыларға 14 млн теңгеден астам айыппұл салынса, 13 млн теңгеден астам қаражат мем­лекет пайдасы үшін өндіріліпті. Мәсе­лен, бүгінде тұқымы жойылып бара жатқан, «Қызыл кітапқа» енген үш қарақұйрық, екі доңыз бен бір таутеке заңсыз ауланған. «Қазір де заң­сыз әрі рұқсат етілмеген аумақта аң-құс аулайтындар көп. Олардың қолға түскендері құзырлы органдарға тап­сырылуда. Мәселен, 2019 жылдың 23 қа­рашасында Байзақ ауданында ор­наласқан «Үмбет» ерекше қорғауға алынған табиғи аумағында алматылық азамат екі аңшы мылтығымен және бір доңызбен ұсталды. Заң бойынша мылтық тәркіленуі керек еді. Алайда құрықталған азаматтың «Етті көлі­гіме кім салғанын білмеймін» деген жауабына бола іс қысқарып кетті. Был­­тыр Талас ауданының Үшарал ауылын­­да да бір адам 12 қырғауыл және 1 бұлдырықпен ұсталды. Бұл іс бо­­­йын­ша бізде аудандық полиция бас­­­­ты­­ғының орынбасарынан бас­тап, учас­­келік полиция инспекторы­на дейін, бас-аяғы 6 құқық қор­ғау қыз­мет­­кері қол қой­ған акт бар. Өкі­ніш­­ке қарай, іс әлі созылуда», дейді Ер­­на­зар­бек Жантаев. Сол сияқты, биыл қаң­­тар айында Т.Рысқұлов ауданы­­ның Кө­гер­шін ауылын­да да сібір тау­теке­­сін сойып жатқан азамат қолға түс­­кен болатын. Айта берсе, мұн­­дай мы­­сал­­дар көп. Сонымен қатар Ер­­назар­­­бек Жантаевтың айтуын­ша, об­лы­с­та аң-құстың да санағы дұрыс жүр­­­­гі­зіл­­­мейді екен. «Негізі есеп­ті бе­ре­­­тін табиғат пайдаланушылар. Аң­шы­­­лық алқаптағы аң-құсты ешқан­дай ме­­кеме қызметкерлері тау-тасты кезіп жүріп санаған емес. Табиғат пайда­лану­­шы­лар жалған ақпарат беріп отыр. Өйт­кені табиғат пайдаланушы ша­руа­­шы­­лық­тар мемлекеттен квота көбі­рек алуы үшін аң-құстың есебін ұл­­ғай­­тып бере­ді. Шын мәнінде, бізде тау­­теке де, қара­құйрық та, доңыз да, киік те тым аз», дейді ол. Ал өзі аз нәр­сені орын­ды, орынсыз қыра берсек, ертең та­­би­ға­т­тың тірі бай­лы­ғынан тұяқ та қал­мауы мүмкін.

Алайда өңірдегі көптеген аңшылар лицензияның жыл басталғаннан кейін араға бір ай салып барып берілуін дұрыс емес дейді. Олар лицензияның жыл басында берілгенін жөн санайды. Олар лицензияны тек ақпан айында ғана алады екен. Бірақ лицензиясыз да аң аулап жүргендер көп. Биылдың өзінде табиғат заңнамасын бұзған 41 дерек анықталған. Заңбұзушылықтар бойынша оларға 124 мың теңге әкім­ші­лік айыппұл салынып, табиғатқа келтірген 56,6 мың теңге шығын то­лы­ғы­мен өндірілген. Заңсыз 4 қару тәр­­кі­леніп, аудандық полиция бөлім­дері­не тапсырылған. Сондай-ақ 1 заң­сыз аңшылық ісі сот органдарына жол­данып, кінәлілер әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған. Десе де, аңшы­лық мәселелерін реттеуде түрлі кедергі­лер азаймай отыр. Ол кедергілерді тудырушылар да адамдардың өзі. Сол баяғы көзсіз құмарлық, әуестік, қала берді кәсіптің көзі болуы да мүмкін. Ал Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері» шығармасында жазылғандай, Шу бойындағы бір кездегі қалың қамыс­тардың ішінде жолбарыс бүгінде атымен жоқ. Тек, Меркі тауларында қар бары­сының бейнетұзаққа түскенін көр­геніміз бар. Сондықтан да күн санап дала киелерінің азайып бара жат­қанын көруге болады.

 

Жамбыл облысы