Қоғам • 03 Ақпан, 2022

Балаларды оңалтудың мүмкіндіктері

596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы «Балалар жылында» балаларға жан-жақты жағдай жасау – басты назарда. Бұл ретте балаларды оңалту іс-шараларын одан сайын күшейте түсуге ерекше мән беріледі.

Балаларды оңалтудың мүмкіндіктері

Осы жылды «Балалар жылы» деп бел­гілеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрынғы Жолдауында қамкөңіл балаларға айрық­ша көңіл бөлу қажет екенін алға тартып, оңалту орталықтарының санын арттыруды тапсырған еді. «Тек ресми статис­тика бойынша 80 мыңнан аса бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қол­дау көрсетуді жақсарту үшін шара­лар қа­был­дауы керек. Балаларға қол­жетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бір­дей мүмкіндік жасауға мін­деттіміз. Мен бұл тура­лы өзімнің сайлау алдын­дағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын», делінген Президент Жолдауында.

Кейінгі жылдары Қазақстанда меди­циналық оңалту, соның ішінде балаларды оңалту белсенді түрде дамып келеді. Бүгінде елімізде 36 оңалту ор­та­лығы жұмыс істейді. Бұл қатарда «Бал­бұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығы бар. Аталған орталық 1995 жылы жүйке жүйесі зақымданған, психоневрологиялық аурулары бар, негізінен БЦП диагнозы қойылған балалар үшін ашылды. Еліміздің барлық өңірінен балалар қабылдайтын орталық 75 төсектік орынға арналған.

«Балбұлақ» оңалту орталығында бала­­ларға диагностика, зерттеу және емдеу­дің заманауи әдістерін қол­дана отырып, мамандандырылған ке­шен­ді емдеу-сауықтыру, медициналық-диаг­ностикалық, пси­хо­логиялық-пе­да­гогикалық және әлеу­мет­тік-бе­йім­­­деу көмегі көрсе­ті­леді. Жыл са­йын орталықта психо­нев­ро­логиялық аурулары бар 900-ге жуық бала емделеді. Оның 60%-дан астамы – БЦП диагнозы бар балалар.

Жыл сайын елімізде стационар жағ­дайында медициналық оңалту алған балалардың саны артып келеді. Мәселен, 2019 жылы 15 063 бала медициналық оңалту алса, 2021 жылдың алғашқы жар­тыжылдығының өзінде бұл көр­сеткіш екі есеге артып, оңалтудан өткен балалардың саны 31 671-ді құрады. Бұл оң өзгеріс биыл одан сайын жақсара түседі деген үміт басым.

Сонымен қатар былтырдан бастап алғаш рет амбулаториялық оңалту енгі­зілді. 28 мыңнан аса бала емханалар деңгейінде 1,3 млрд теңге сомасына оңалту қызметтерін алды. Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жү­йе­сін енгізумен медициналық оңал­туды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 10 есеге ұлғайды (2019 жылы – 6,7 млрд теңге). 2021 жылы оңалтуға бөлінген қаржы көлемі 61,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде балалар үшін қаржыландыру сомасы 27%-ға артып, 11,4 млрд теңгені құрады.

Балаларды медициналық оңалту қызметтерімен қамтуды ұлғайту және олар­дың қолжетімділігін арттыру жө­ніндегі жұмыс жалғаса береді.