Қоғам • 03 Ақпан, 2022

Бағаны тұрақтандыру қадамы

1057 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда да күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттағаны байқалады. Бағаның ырыққа көнбегені – жергілікті әкімдерді ойландыратын мәселе. Осыған байланысты мұнайлы өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға 1 млрд 35 млн теңге бөлінді. Бірақ бұл қаржының қайтарымы болады.

Бағаны тұрақтандыру қадамы

«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпора­циясы» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Дмитрий Дю­дың мәліметіне сүйенсек, тұрақтандыру қорының қоймасында 216 тонна азық-түлік, 2 379 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін «Атырау» ӘКК» АҚ төрт сауда желісі мен тауар өндірушілерге айналым қаражатын толық­ты­ру үшін 1 млрд 35 млн теңге көлемінде қарыз беріп отыр. Енді кәсіпкерлер алдында әлеумет­тік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру міндеті тұр.

– «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерінің 39 сауда нүктесінде азық-түлік 33 пайыздық төмен бағамен сатылып жатыр. Тауарлар күн сайын сауда нүктелеріне жеткізіледі. Азық-түлік өнімдері супермаркеттер желісінде «Тұрақтандыру қорының тауарлары» деген жазуы бар арнайы сөреге орналастырылған. Атырау қаласындағы төрт базарда ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы нарықтағыдан 63 пайызға төмен. Мәселен, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы – 80-82 теңге. Ал сиырдың жауырын және төссүйегі бар еті – 1 853, 10 дана жұмыртқа – 360, картоп – 185, пияз – 80, сәбіз – 145, қырыққабат – 125, қызылша бағасы 170 теңге тұрады. Көкөністер «Дина», «Сарайшық», «Насиха» және «Көктем» базарларында сатылымға қойылды, – деп мәлімдеді Дмитрий Дю.

 

Атырау облысы