Білім • 03 Ақпан, 2022

Жетінші сынып оқушысы сайт жасады

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде білім мен ғылымға құмар оқушылар өсіп келеді. Бұған өскелең ұрпақтың қолынан шыққан пайдалы өнертабыстардың көптеп жария болуы дәлел. Солардың бірі – Ақсу ауданындағы Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 7 «б» сынып оқушысы Тимур Біріжанов.

Жетінші сынып оқушысы сайт жасады

Заманауи техниканың тілін білуді мақсат еткен Тимур жа­қында өз мектебінің жеке сайтын жасауды қолға алған екен. Аз күнде оған қол жеткізіпті. Оқушы мектептің сайтын қа­зақ, орыс және ағылшын тілде­рінде жасап шығарған. Бұл сайтта «Біздің мектеп», «Бай­ланыстар», «Галерея» сияқ­ты бөлімдер бар. Сайттан оқушылар мен ұстаздар мектеп­тің тыныс-тіршілігімен таныса алады.

– Бұл сайттың пайдасына келер болсақ, мектепке жаңадан келетін оқушылар болса, мектеп туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Болашақта онлайн кітапхана құру жоспарда бар. Мектептің сайтына QR код арқылы кіруді ойластырып қойдым. Сонымен қатар сайтқа оқушылар мен ұстаздарға ар­налған чат құруды бастадым, – дейді жас өнертапқыш.

Айтпақшы, Ж.Сыдықов атын­дағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Тимур Бірі­жанов былтырғы оқу жы­­­лында аудандық «Менің Отаныма – менің бастамам» шы­ғармашылық жобалар бай­­қауына қатысып, оның «Ме­диа жобалар» бағыты бо­йын­ша жүлделі І орын алып­­ты. Сондай-ақ облыстық «Ме­нің Отаныма – менің бастамам» шығармашылық жобалар бай­қауының «Медиа жобалар» бағыты бойынша да жүлделі ІІ орын иегері атанған.

– Тимур – біздің мектептегі дарынды оқушының бірі. Ол мектеп сайтын құрастырып жасауда. Сонымен қоса сани­тар­лық авиация саласында қолдану үшін тікұшақ маке­тін құрастырды. Осы жобасы­мен былтыр «Ұлы өнертап­қыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың облыстық байқауынан «Авиа­ция саласындағы жобалар» аталымы бойынша жүл­делі 1-орын иегері атанып, рес­пуб­ликалық байқауға жолдама алды. Тимурдың алар асу­лары, шығар белестері көп еке­ніне сенеміз, – дейді жас өнер­тапқыштың жетекшісі, мектептің информатика пәнінің мұғалімі Гүлжан Құлынбаева.

 

Алматы облысы