20 Наурыз, 2014

47 мүгедек бір күнде жұмыс орнын тапты

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл жолғы жұмыс жәрмеңкесі мүмкін­дігі шектеулі жандарға арналды. «Базарға барып бағыңды сына» дегендей, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп ұйымдастырған жәрмеңке туралы оларға алдын ала хабарланып, жұмысқа тұру мүмкіндігі ұсынылды. Бұл жұмысқа жарамды жетпістен аса ғаріп жандардың күтпеген қуанышы еді. Шараға облыс өңіріндегі мемлекеттік органдардың барлығы дерлік қатысты, оның сыртында жиырмадан аса бизнес құрылымдары да келді. Аурумен алысып жүріп, мамандық алған жастардың талабын әр жұмыс беруші бағалай білсе керек. Иван Першиннің мамандығы программист. Жасынан компьютерге ынтық болған ол мектепті бітірген соң, Қостанай политехникалық колледжіне түсіп осы мамандықты игеріп алды. Алайда, жұмысқа орналасуды ойлағанда ойы он санға кететін. Аяқ-қолы балғадай жастар жұмыссыз жүргенде, оны кім ала қойсын деп тартына беретін. Жәрмеңкеге келген Иванның жолы болды. Ол Қостанай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына ақпараттық технологиялар технигі болып орналасты. Оны осы уақытқа дейін тәжірибең, еңбек өтілің жоқ деп қайтара беретін еді. Жігіттің қуанышында шек жоқ. Жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі жандарға шағын және орта бизнес кәсіпорындары басшылары күзетші, программист, аудармашы, іс жүргізуші сияқты көптеген жұмыстар ұсынды. Бір күнде 47 мүгедек жұмыс берушілермен келісіп, жұмысқа тұратын болып, қуанып қайтты. Көпшілігі бірден келісімшартқа отырды. – Бір күнде мүмкіндігі шектеулі 47 адамның жәрмеңкеден жұмыс табуы бұрын-соңды болған емес. Олардың қуанышын көрсеңіз. Мүгедек жандарға әр есікті қағып, жұмыс іздеудің қиындығын кім түсінеді? Ал жәрмеңкеде кәсіпкерлер мен басқарма басшылары олармен кездесіп, білімі, біліктілігі, әлеуметтік жағдайлары туралы хабардар болды. Жұмысқа алуға уәдесін берді, енді олар ешқандай кедергісіз жұмысқа орналасады, – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Ардагерлер және мүгедектермен жұмыс бөлімінің жетекшісі Нұрзия Әбішева. Бүгінде облыс өңірінде І-ІІ топтағы жұмысқа жарамды 17 мың мүгедек жандар есепте тұрады. Оның 4 мыңының нәпақасын тауып отырған жұмыс орны бар. Соңғы айларда өткізілген жәрмеңкелер арқасында тағы да екі жүзден аса адам жұмысқа орналасты. Жәрмеңкемен қатар облыста кедергісіз қоғам орнату жұмыстары жүргізілуде. Қалалар мен аудандарда, тіпті ауылдарда бес мыңнан аса көлік, әлеуметтік коммуналдық қызмет көрсететін нысандар тіркеуге алынған. Олардың барлығында дерлік мүгедек жандардың кедергісіз жүріп-тұруына қажетті пандустар, санитарлық бөлмелер жарақталынуда. Бір қоғамда өмір сүріп отырып, ала-құлалық болмаса керек-ті. Адамның адамнан айырмасы мүмкіндігінің шектеулілігінде емес, мәдениетінің деңгейіне байланысты ажыратылмақ. Ал мүгедек жандардың жағдайына қарап, оларға қамқор қолымен қатар жұмыс ұсыну да мәдениет деңгейін білдірсе керек. Қайырымдылық жан байлығының белгісі. Жәрмеңке осыны ұғындырғандай болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.