Аймақтар • 03 Ақпан, 2022

Әйтенов тұрғындардың мәселесін тыңдады

583 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Нұршуақ шағын ауданы тұрғындарымен болған кездесуде ай сайын өткізілетін жеке қабылдаудан бөлек, әр тоқсанның бір айын тұрғындармен кездесуге арнайтынын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әйтенов тұрғындардың мәселесін тыңдады

Әкім өз сөзінде жыл басынан бері өзекті мәселесі бар 32 шағын аудан мен тұрғын алабы халқының мәселесін тыңдағанын атап өтті. Абай ауданына қарасты бұл шағын аудан тұрғындарын электр жарығы, табиғи газ, мектеп, емхана, көшелерге шағал тас төсеу, қоғамдық көлік пен Әл-Фараби көшесіне шығатын балама жол қарастыру мәселесі толғандырып отыр.

4165496

Қала басшысы көтерілген мәселелердің шешу жолын сала жетекшілерімен талқылап, жергілікті тұрғындарға жұмыстың атқарылу барысын түсіндірді.

«Шағын ауданның өзекті мәселесін ескере отырып, ең алдымен газ, жарықты шешуді қолға алдық. Өздеріңіз көріп отырғандай былтыр таза ауыз сумен толық қамтылдыңыздар. Бүгінгі таңда электр қуатын жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылы газ жүйесін тарту жұмыстары басталады. Оның құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Өткен жылы 14 көшеге шағал тас төселсе, ауыз су жүйесі жүргізілген 6 шақырым жолға шағал тас биыл төселетін болады. Инженерлік коммуникациялардың құрылысы аяқталғанда жолды асфальттау жұмыстары басталады», деді әкім.

65965

Бұдан бөлек, шаһар басшысы 2023 жылы Нұршуақ шағын ауданына 1200 орындық мектеп салынатынын, екі елді мекенге ортақ емхана құрылысы Ынтымақ шағын ауданында жеке инвестор есебінен бой көтеріп жатқанын атап өтті. Заманауи емхана тәулігіне 500 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы.

325616

Сөз соңында тұрғындар әкімге ашық диалог тәртібіндегі кездесуі үшін алғысын білдіріп, жұмыстың сапалы жүргізілуіне атсалысатындарын айтты.