Татулықтың шынайы мекені
Әлемде үлкенді-кішілі ел көп. Ал біздің тәуелсіз Қазақстанымыз – жаһан жұртына темірқазықтай мықты саяси тұрақтылығымен танылған санаулы елдердің бірі. Қазақтың кең-байтақ жерін көп ұлт мекен етіп ғана қоймай, татулық пен достықтың буынын бекітіп, еліміздің әлемдік дамудың көшбасшысы болуына атсалысып келеді. Біздегі саяси, экономикалық тұрақтылықты Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елімізді жаһандық өркениет көшінің алғы шебіндегі қуатты мемлекеттердің қатарына шығарудағы өлшеусіз еңбегімен байланыстыра аламыз. Мұны қазақ жерінде өсіп-өркендеп, осы елден бақыт тапқан өзге ұлттардың барлығы да сезінеді. Әрине, тек сезінеді деумен шектелсек үстірттеу пікір болар. Шындығын айтсақ, бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті, алыстағы көптеген мемлекеттердегі қаржылық дағдарыстың шырмауын, ішкі дүрдараздықты көргенде, Қазақстандағы этносаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың маңызы арта түседі. Міне, сол себептен Қазақстандағы әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің тіні бұзылмауына, отандық экономиканың жаңа технологиялармен қарқынды өркендеуіне қызмет етеді. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанды мекен еткен әзербайжандардың да қосып отырған үлесі зор. Мен Атыраудағы әзербайжандардың басын қосқан «Новурз» этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесімін, әрі төрағаның орынбасары ретінде ұлтаралық достықты нығайтуға белсенді үлесімді қосып келемін. Этномәдени бірлестікке мүше болғаннан кейін өз ұлтымның өкілдерімен де, өзге де бірлестіктерге біріккен корей, неміс, чешен, ингуш, орыс, грузин, болгар және басқа ұлттардың өкілдерімен жиі кездесемін. Сонда олар «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді үнемі айтып жатады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғышарты ретінде алдымен экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға тартып келеді. Сондықтан «...алдымен – экономика» қағидасын ұстануын орынды санаймын. Ал экономиканың әр саласында белсенді еңбек етіп жүрген әр ұлттың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы өзге елдерге үлгі-өнеге болатындай қадам еді. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі беделі тек этносаралық достықты нығайтумен ғана шектелмейді. Ассамблея мүшелері әр этностың мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен дінін сақтаумен бірге, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытындағы барлық іс-шараға белсене араласады. Парламент Мәжілісіне де Ассамблеядан арнайы депутаттар тобының сайлануы осынау құрылымның беделін көтере түсуге септігін тигізді. Өзге этностар арасында қазақ тілін жете меңгергендер де бар. Өзім де қазақша тәп-тәуір сөйлеймін. Елбасының толеранттылық ұстанымына сәйкес келетіндіктен, қазақ жерін мекен еткен өзге этностар жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін ғана жетік біліп қоймай, мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысы ұдайы қолдау тауып келеді. Өйткені, қазақ халқының дархан көңілі, досы түгіл қасына да қастық жасамайтын кеңпейілдігі барша ұлысты бір шаңырақтың астына ұйыстыруға себеп болып отыр. Рас, қоғамдық дамудың ұдайы өзгеріп отыратын өзіндік заңдылықтары бар. Дегенмен де, нарықтың қиындығынан аман өтіп келеміз. Еліміз жаһанға тұрақтылықтың, экономикалық өркендеудің мекені ретінде танылды. Біздің елімізде ұлтаралық татулықтың, достықтың, сонымен бірге, конфессияаралық келісімнің де берік негізі қаланды. Бұл күндері, тәубе деп айталық, аға буынның өкілдері ұрпағының келешегіне еш алаңдамайтын болды. Әр этностың өскелең ұрпағы құтты мекеніне балайтын тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мәдениетін білумен бірге, өз ұлтының құндылықтарын да еркін меңгеріп өседі. Мұндай мүмкіндік әлемнің қай елінде жасалып отыр? Ал бұл – Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр азаматына, әр этностың өкіліне үлкен жауапкершілік. Сол себептен біздің басты мақсатымыз – ішкі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта беру, сонымен бірге, тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанның өркендей беруіне адал қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу. Барша қазақстандықтар үшін ең басты құндылық – ұлтаралық татулық! Ширази АЛИЕВ, Атыраудағы «Новурз» әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары. Атырау облысы.Бірлігіміз – баға жетпес байлығымыз
Әлемнің ешбір мемлекетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) сынды қоғамдық институт жоқ. Ел тарихындағы рөлі ерекше ҚХА бүгінгі күні қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтайтын және қамтамасыз ететін органға айналған. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесін Ресей, Қытай, АҚШ, Франция сияқты көптеген шетел мемлекеттері зерттеуде. Еліміз әлем мемлекеттерімен өзінің ұлттық саясаттың стратегиясымен, саяси тұрақтылықты, қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы тәжірибелерімен бөлісуде. Мемлекетіміздің саясаты халықтың рухани-адамгершілік құндылығын сақтау мен байытуға бағытталған. Осынау бірегей ұйым Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың тілі мен мәдениетін сақтауына, этно-мәдени бірлестіктердің жұмыс істеуіне бағыт-бағдар беріп, басшылық жасап келеді. Бүгінде облыс орталығындағы Достық үйінде 22 этномәдени бірлестік бар. Олардың арасында біздің “Радзіма” беларусь мәдениеті орталығы” қоғамдық бірлестігі де өңіріміздегі 10 мыңға жуық беларустардың басын қосып, ана тіліміздің, мәдени салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауды, ұлттық сана-сезімімізді нығайтуды, этносаралық бірлікті, бейбітшілікті, достықты сақтауды басты мақсат тұтады. Облыстық ассамблея өткізетін шараларға белсене қатысады. Мерекелерде, кездесулерде, концерттерде беларустардың тарихы мен мәдениеті, қымбат құндылықтар үлгі етіледі. Ұлттық жаңғырту мектебінде беларус тілінде арнайы сынып жұмыс істейді. Тарихи отанымызбен тығыз байланыс орнатылған. Орталықтың Минскіден алатын “Голас Радзімы” газеті оқырмандарын Беларусь Республикасында болып жатқан жаңалықтармен, оқиғалармен таныстырады. Аталмыш газет шетелде тұратын отандастар үшін арнайы шығарылады. Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасындағы қашықтық 3 мың шақырымдай болса да, Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңістік бір-бірімізді тіпті жақындата түсті. Республикамызды мекен ететін 100 мыңдай қандастарымыздың көпшілігі солтүстік өңірлерде тұрады. Олардың қай-қайсысы болсын Қазақстанды Отаным, туған жерім деп ерекше қадірлейді. «Бес саусақ жұмылса – жұдырық» деген нақыл сөз бар. Ортақ экономика мен мәдениетті құра отырып, біз – еліміздің барлық этностары ортақ болашағымызға ұмтылған Қазақстанның біртұтас халқымыз. Біз Елбасы, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанды гүлдендіре, қуаттандыра беретін боламыз. Қазір шығыстың жаңа жылы, әз Наурызға тыңғылықты әзірліктер жасаудамыз. Еліміздің басты мерекесінде қазақ, беларусь тілдерінде әндер шырқап, билер билеп, белсене атсалысатын боламыз. Біз үшін кез келген мейрам достық, бірлік туы болып табылады. Раиса СОЛОПОВА, Петропавлдағы «Радзіма» беларусь мәдени бірлестігінің төрайымы. Солтүстік Қазақстан облысы.Айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа
Достықтың қадірін бір білсе, біздің дүнген халқы жақсы біледі. Сонау жылдары қуғын-сүргін көріп, тау асып, тас басып, арып-ашып келген ата-бабаларымызды қазақ халқы бөтенсімей, бауырына басты. Міне, содан бері біздің бірнеше ұрпақ өсіп-өніп, бүгінде жемісі жайқалған мәуелі дараққа айналып отыр. Олар облысымыздың Қордай, Жамбыл сияқты іргелі аудандарында бейбіт те беймарал өмір сүріп жатыр. Бұл үшін біз, ең алдымен, қиын-қыстау заманда басымызды сүйеген қазақ халқына қарыздармыз. Қазір де арқа тұтар асқар тауымыз сияқты көреміз. Әлеуметтік жағдайымыз қазақ мемлекеті тәуелсіздік алғалы бері бұрынғыдан да жақсара түсті. Бүгінде дүнген халқының өкілдері облыстың ауыл шаруашылығы жұмыстарына, медицина саласына, мәдениеті мен өнеріне және спортына хал-қадерінше атсалысуда. Мен тұрып жатқан бұрынғы Дунгановка, бүгінгі Жалпақтөбе ауылы облысқа ғана емес, республикамызға танымал ауыл. Мұнда кезінде атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың өзі тұрып, белгілі «Дүнген қызы» әнін дүниеге әкелген. Мен Шәмші ағаның басқа емес, тура біздің үйде тұрғанын осы күні мақтанышпен айтып жүрмін. Ол кісіні біздің отбасына жақындастырған да ұлы достық. Біздің үйдің қасынан өзіне жеке үй саламын деп іргетасын қалаған кезде Осман деген інім ұлы сазгердің қасынан табылып, көмек қолын созды. Шәмшіні анам да баласындай жақсы көріп, «бұл сендердің ағаларың болады» деп отырушы еді, жарықтық. Айтайын дегенім, біздер дүнгендер бүгінде қазақ халқымен төскейде малы, төсекте басы қосылған мыңжылдық құда, дос-жаран болып кеттік. Діліміз ғана емес, тілегіміз де бір. Ол тілек – тәуелсіз Қазақстанның ғасырлардан ғасырларға гүлденіп, көркейе беруі. Дүние жүзінің ең өркениетті, ең дамыған озық елдерінің қатарынан көрінуі және соған дүнгендер тарапынан үлкен үлес қосу. Әрине, мен бүгінде зейнеттегі офицермін. Бірақ, тілегім ел үстіндегі бейбітшілік пен береке екенінде сөз жоқ. Балаларым мен немерелеріме де осыны айтып, Қазақстанның бейбіт саясатын ұдайы насихаттап отырамын. Қазақта «Айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа» деген тамаша мақал бар. Қазақстанды Отаным деп түсінетін еліміздегі жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне айтарым, бір-бірімізді сыйлап, бір-бірімізді құрметтеуді ешқашан ұмытпайық. Күні ертең тойлағалы отырған Наурыз мерекесінің тілегі де достық, бірлік, береке емес пе. Ендеше, елде тек қана тыныштық болсын! Әумин! Илья ГАШИЗОВ, Тараздағы «Вынхуа» дүнген мәдени бірлестігі ассоциациясының мүшесі. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы.