20 Наурыз, 2014

Жемқорлықты ауыздықтау жолдары

485 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінде дүние жүзінің бірқа­тар елдерін, соның ішінде біз­дің де елімізді жаулаған сыбай­лас жемқорлық әлемдік қауым­дастықтың бас ауыртар мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Жемқорлық елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүргізуге кедергі келтіріп, мемлекеттің халықаралық беделіне үлкен нұқсан тигізуде. Сондықтан да қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әкімшілік, заңдылық, ақпараттық секілді кешенді бағытқа негізделуге тиіс. Өйт­кені, жемқорлықпен күрестегі жетістік, тек барлық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғам мен көпшіліктің араласуы арқасында ғана тиімді болмақ. Бұл орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанда Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының бірқатар қағидалары мен қалып­тарын енгізуді алға қойғаны белгілі. Міне, осыған байланысты Қаржы полициясының академия­сы «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және халықаралық (Швед) тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференция жұмысына ЕЫҚҰ Астана қаласындағы орталығының басшысы Наталия Зарудня, Швецияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы инс­­­титутының басшысы, Стокгольм университетінің құқық профессоры Клаес Сандгрен және Президент Әкімшілігінің, Премь­ер-Министр Кеңсесінің, Қауіп­сіздік Кеңесінің, құқық қорғау және күштік құрылым органдарының, ведомстволық оқу орындарының, ЖОО-лар ректорлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияда Экономи­калық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары А. Лукин сөз алып, жемқорлыққа қарсы тиімді күресті ұйымдастыра білу мәселесі Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі бірден-бір басым бағы­ты болып табылады деді. Бү­гінгі таңда елімізде бұған қар­сы күрестің 2011-2015 жыл­дар­ға арналған салалық бағ­дар­ламасы жүзеге асырылуда. Онда ұлттық заңнаманы жетіл­діруге, жемқорлық көріністерін төмендетуге, «кө­леңкелі» экономика көлемін тежеуге бас­ты назар аударылған. Осы салалық бағдарлама және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұйымның ұсыныстары шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамаларын жандандыру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның бірі ретінде жемқорлық құқық бұзушылық аясында «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы», Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің жаңа нұсқалары секілді Қазақстан Республикасының жаңа заң жобалары жүзеге асырылуда. Конференцияда сыбайлас жемқорлық еліміздегі жоғары білім беру жүйесін тұтас жайлап бара жатқандығы айтылды. Сондықтан, егер онда жүргізіліп жатқан реформаларда жемқорлықтың түп тамырын қию секілді нақты шаралар қолға алынбаса, ешқандай нәтиже бермейтіндігі де баса айтылды. Әрине атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Алайда, қолға алынып жатқан сол қатаң шараларға қарамастан жемқорлық сапасыз білім берудің өзегіне айналып тұрғанын жасыру мүмкін емес көрінеді. Сондай-ақ, конференцияда­ «Сыбайлас жемқорлықпен кү­рес­тегі жалпы тәжірибе», «Ұйым жұ­мыстарының тиімділігін арттыру мен ұйым құрылымын дамыту», «Швеция сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес институтының тәжі­­­рибесі», «Сыбайлас жем­­­қор­­лық­қа қарсы күрес: Қазақ­стан Рес­публикасының тәжі­ри­бесі», «ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнін­дегі үйлестіру кеңесін құру туралы» және т.б. тақырыптар талқыға салынды. Осы талқылау барысына сай тиісті ұсынымдар қабылданды. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».