Экономика • 03 Ақпан, 2022

Диқандар судан таршылық көрмесін десек...

1586 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде орын алған қуаңшылықтың салдарынан шаруа­лар шығынға батып, отандық агроөнеркәсіптік кешенге нұқсан келгені мәлім. Биыл да аграршыларға оңай тимейтін сыңайлы. Экология министрлігінің дерегіне сүйенсек, алдағы вегетациялық кезең оңтүстік өңірде күрделі өтеді деп болжанып отыр.

Диқандар судан таршылық  көрмесін десек...

Егін судың 90 пайызы оңтүстікте

«Қазіргі су шаруашылығының жағ­дайын ескерсек, алдағы веге­тациялық кезең оңтүстік өңірде күрделі өтеді деп күтілуде. Ең қиын жағдай Арал – Сырдария бассейнінде орын алуы ық­ти­мал». Бұл Экология, геология жә­не табиғи ресурстар вице-ми­нистрі Серік Қожаниязовтың таяу­да айтқан сөзі.

Еліміздегі егінге арналған судың 97%-ы Арал – Сырдария, Шу – Талас және Бал­қаш – Алакөл бассейндеріне тиесілі еке­нін айта кеткен орынды. Ал су тас­қы­ны қаупі жоғары бассейндерге Есіл, Нұ­ра – Сарысу, Ертіс және Тобыл – Тор­ғай өзендері жатады. Жауапты ведом­ство­ның ақпаратына сәйкес вегета­ция­лық кезеңде Арал – Сырдарияда өзендердің сулылығы нормадан 86% деңгейінде сақталады.

Биыл Тоқтағұл су қой­ма­сын­дағы (Қыр­­­­ғызстан) судың көлемі 9 млрд 196 млн текше метрді құрады (2021 жы­лы – 10 млрд 868 млн текше метр), бұл былтырға қа­ра­ғанда 1 млрд 672 млн тек­ше метрге төмен. Бахри – Точик су қой­масындағы (Тә­жік­стан) су­дың қоры да 3 млрд 414 млн тек­ше метр деңгейінде жиналып (2021 жылы – 3 млрд 443 млн текше метр), бір жыл бұ­рын­ғы кезеңмен салыстырғанда 29 млн текше метр­ге азайды.

Шардара су қой­масындағы судың мөлшері – 3 млрд 214 млн текше метр (2021 жылы – 3 млрд 759 млн текше метр). Демек 2021 жыл­дағы көрсеткішке қарағанда 545 млн тек­ше метрге төмен. Көксарай контр ре­т­те­гішінде жиналған судың көлемі – 24 млн текше метр. Былтыр оның көле­мі 503 млн текше метрді құраған еді. Осы дерекке қарап оның қаншалықты азайғанын бағамдауға болады. Балқаш-Алакөл бассейніне келсек, Қапшағай су қоймасының жобалық сыйымдылығы 18 млрд 450 млн текше метрді құрайтынын ескерсек, онда жиналған судың мөлшері 15 млрд 820 млн текше метрге жетіп, былтырғы көрсеткіштің сақталғаны байқалады. Жыл басындағы көрсеткішке сәйкес Балқаш көлінің деңгейі Балтық жүйесімен есептегенде (БК) 341,85 метрді (2020 жылы 342,51 М БК) көрсе­тіп отыр. Бұл ретте қауіпті өлшем 341 метр БК-нен басталатынын айта кету керек. Шу-Талас бассейніндегі ахуалды бағамдасақ, Қырғызстанның аума­ғындағы Киров су қоймасындағы судың қоры 300,72 млн текше метрді (54,7%) көрсетіп, 2021 жылмен салыстырғанда, бұл 38,4 млн текше метрге (2021 жылы – 262,3 млн текше метр) артық. Ал Ортотокой су қоймасында (Қырғызстан) керісінше судың деңгейі былтырға қарағанда 113 млн текше метрге азайған. Атап айтқанда, оның 251 млн текше метрге (2021 жылы – 364 млн текше метр) төмендегені байқалды. Шу өзеніндегі Тасөткел су қоймасында (жобалық көлемі – 620 млн текше метр) рұқсат етілген судың мөлшері 472 млн текше метр екенін ескерсек, қазір онда 330,7 млн текше метр немесе 2021 жылға қара­ғанда 64,7 млн текше метрге (2021 жылы – 266 млн текше метр) артық су жиналған.

Былтырғы жағдай қайталанбас үшін жауапты ведомство электр энергиясымен алмасу аясында, сондай-ақ веге­тация­лық кезеңде су қоймаларының жұмыс режімін келісу мақсатында Тоқ­то­ғұл және Бахри Точик су қойма­ла­­ры­нан қо­сымша су жіберуді қамта­ма­сыз ету бойынша Қырғызстан, Тәжік­стан және Өзбекстанмен келіссөз жұмыс­тарын жалғастырмақ ниетте. Бұдан бөлек, Шу және Талас өзендеріне су түсім­дерінің жоспарлы көлемін қамту бағы­тында Қырғызстанмен жұмысты жалғастыру, трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пай­да­лану арналарында қалпына келті­ру жұмыстарын орындау, суланды­ру желісінің магистральді және ша­руа­шылықаралық арналарын тазарту, сон­дай-ақ мақта, күріш, пияз сын­ды ыл­ғалды көп қажет ететін дақыл­дарды қысқартып, Түркістан және Қы­зыл­орда облыстарында күріш егуге арналмаған жерлерде алдын алу ша­раларын қабылдаумен бірге ведом­ствоаралық меморандумға сәйкес күріш алқаптарының алаңдарын азайту көзделген.

Жайық-Каспий бассейніндегі ахуалға тоқталсақ, Ириклин су қоймасындағы жиналған қордың көлемі – 2 млрд 515 млн текше метр. Яғни 2021 жылмен салыс­тырғанда 159 млн текше метр­ге аз (2021 жылы – 2 млрд 674 млн текше метр). Бү­гін­де Январцево гидро­бекетіндегі өзен деңгейі 126 см, былтыр оның деңгейі 127 см болған еді, демек су шығыны – 61,5 тек­ше метр секунд. Ертіс бассейніндегі жағдайды сараптасақ, Бұқтырма су қойма­сындағы судың мөлшері – 30 млрд 548 млн текше метр. 2021 жылы оның көлемі 36 млрд 487 млн текше метрді құраған-ды. Осы өлшемге қарап, оның былтырғы көрсеткіштен 5 млрд 939 млн текше метр­ге аз екенін аңғаруға болады. Аталған ны­санның жобалық көлемі – 49 млрд 620 млн текше метр. Өскемен су қоймасында су­дың көлемі 632 млн текше метрді құ­рап, былтырғы деңгей сақталып отыр. Шүл­­бі су қоймасында судың көлемі 2021 жыл­­дағы кезеңнен 70 млн текше метрге төмен, нақты айтқанда 2 млрд 236 млн текше метр.

Теріскейде тасқын қаупі сейілмей тұр

Есіл бассейнінде 5 негізгі су қоймасы бар. Айталық, Астана, Сілеті, Чаглинка, Сергеев және Петропавл. Қазір бұл су қоймалары жоспарлы кестелерге сәй­кес жұмыс істеп, олардың толуы 58%-дан 88%-ға дейін құрап отыр. Қа­лып­тасқан гидрометеорологиялық жағ­дай нормаға жуық немесе орташа көпжылдық көрсеткіштерге жақын дейді мамандар.

Нұра-Сарысу бассейнінде 35 су қой­масы бар. Мәселен, Нұра өзенінің бас­сей­нінде 24 су қоймасы, сол секілді Сарысу өзенінде оның 11-і орналасқан. Ведомствоаралық маңыздағы 4 ірі су қоймасы ерекше бақылауға алыныпты. Атап айтсақ, Кеңгір (судың қоры – 319 млн текше метр), Шерубай-Нұра (274 млн текше метр) және Самарқанд (253,7 млн текше метр). Қазір бұл нысандар штаттық режімде жұмыс істеп жатыр.

Тобыл-Торғай бассейніндегі негізгі су қоймалары Жоғарғы Тобыл (816,6 млн текше метр) және Қаратомар (586 млн текше метр). Жоғарғы Тобылда судың көлемі – 467,9 млн текше метр. 2021 жылы оның мөлшері 479,6 млн текше метр болғанын ескерсек, былтырғы кезеңнен 11,7 млн текше метрге төмен екені анық. Қаратомарда жиналған қордың көрсеткіші – 265,2 млн текше метр (2021 жылы – 240,9 млн текше метр).

Қостанай облысында көктемгі су тас­қы­ны көпжылдық бақылауға сәйкес нау­рыздың соңына, демек сәуірдің басына келуі мүмкін. Бұл – жауапты органның болжамы. Қазгидрометтің мәліметтеріне сенсек, өзендер бассейнінде қардың орташа биіктігі 2021 жылдан 4 см-ге және қардағы судың қоры орта есеппен 17 мм-ге жоғары.

Тұтастай алғанда, су тасқыны қаупі жоғары бассейндерде қардың жинақ­талу үдерісі наурызға дейін жалғасып, көктемге арналған негізгі гидрологиялық болжам 1 наурызда ұсынылады, дейді ведомство өкілдері.

2030 жылы су тапшылығы байқалады

Құзырлы орган климаттың өзгеруі, сондай-ақ су шаруашылығында жинақ­талған өзекті мәселелер еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуында тежеуші факторға айналуы мүмкін екенін жасырмайды. Осы орайда шекаралас мемлекеттерден келетін су ресурстарының азаюы мен еліміздің ішкі және сыртқы антропогендік әсерлерін ескеріп, 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшы­лығы шамамен 23%-ды құрауы мүмкін.

Арнайы талдау көрсеткендей, Қазақ­станның су шаруашылығындағы негізгі проблемаларға суармалы алқап­тардың 80%-ға жуығы шоғырланған оңтүстік өңірлердің трансшекаралық өзендерге тәуелділігі, су шаруашылығын­дағы ин­фра­құрылымның әбден тозуы, сол секілді суды бөліп есепке алу про­цесіндегі автоматтандыру мен цифрландырудың баяу жүруі (соның салдарынан тасымалдау кезінде суармалы судың 40%-ға жуығы жоғалады), үнемдеу технологиялары мен су ресурстарын ұтымды пайдаланудың тиімді тетіктерінің қарастырылмауы және саланы ғылыми тұрғыда дамыту мен білікті кадрлардың болмауы жағдайды жақсартуға қолбайлау болып тұр. Енді осы қордаланған мәселелерді министрлік «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы арқылы шешіп көрмек.

Бұдан басқа су саласындағы мемлекет­аралық аса маңызды мәселелерге бай­ланысты шешімдерді әзірлеуде Қазақ­станның ұстанымын күшейту үшін Премьер-министрдің басшылығымен су кеңесін құру көзделіп отыр. Екіншіден, Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту де күн тәртібіндегі мәселе. Осы ретте бассейндік инспекцияларды су ресурс­тарын мемлекеттік басқарудың негізі ретінде қарау қажет, дейді жауапты ведомство. Себебі инспекторға түсетін жоғары жүктеме қазір артылған міндетті толық көлемде орындауға мүмкіндік бермей отыр. Айталық, бассейндік инспекцияның бір қызметкері аумағы 41 мың шаршы шақырымды құрайтын 93 ауылдық елді мекенде орналасқан 48 су қоймасы, 70 өзен, 55 мың гектар суармалы жерді алып жатқан аумақта қызмет көрсетіп келеді. Бассейндік инспекциялардың материалдық-техни­ка­лық тұрғыда қамтамасыз ету деңгейі де өзекті мәселеге айналғалы қашан?!

Үшіншіден, «Қазсушар» кәсіпорнын акционерлік қоғам ретінде қайта құру мәселесі де пысықталып жатыр. Вице-министр С.Қожаниязовтың айтуынша, осы арқылы қызмет саласы кеңейіп, тарифпен немесе бюджет қаражатымен жабылмайтын түрлі жобаларды іске асыруға жол ашылады. Оның ішінде автоматтандыру, суды есепке алу сынды мәселелерді айтуға болады. Бұл шешім арқылы ведомство мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуды қарастырмақ.

Төртіншіден, су ресурстарын басқа­руда ғылымның рөлі мен маман даярлау мәселесін шешіп, арттыру үшін Қазақ су шаруашылығы ғылыми институтының жанында Ақпараттық-талдау орталығын ашып, күшейту көзделіп отыр.

Мамандар жоғарыда аталған жұмыс­тарды іске асыру үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажет екенін айтады. Сондықтан қазір жаңа Су кодек­сін дайындау қолға алынды. Одан бө­лек, су ресурстарын басқару жүйе­сін дамытудың 2021-2025 жылдарға ар­нал­ған тұжырымдамасының жобасы әзір­леніп жатыр. Мақсат – еліміздің су ресурстарын сақтап, ұтымды пайдалану проблемаларын шешу, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттілігінің теңгерімін қамтамасыз ету саналады.