Қазақстан • 04 Ақпан, 2022

Ауыл шаруашылығы неге драйверге айналмады?

486 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жалпы, біздегі көп мәселенің тіні жең ұшынан жалғасқан жемқорлық­та жатса керек. Мемлекеттің дамуына мінсіз қызмет етуге тиіс жауапты шенеуніктердің сыбайласу арқылы қазына қаржысын қарпуының салдары тиісті саланың туралауына ғана әкеліп қоймай, тұтас экономиканың тығырыққа тірелуіне мәжбүр еткені анық.

Ауыл шаруашылығы неге драйверге айналмады?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Соның бірі, оның ішінде де ең ірісі – еліміздің агроөнеркәсіп кеше­ніне қатысты болып отыр. Әйт­песе, аграр­лы мемлекетте ауыл шаруашы­лығы­ның дамуы қамшы салдырмауы керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Ел ішінде қосынын тігіп, көшін түзеген шаруалар қатары мол бол­­ғанымен, салаға қатысты мәселе де жет­кілікті. Мұның бір сыдыр­ғы­сын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтып, қатаң сынға алғаны рас.

– Бұл сала жылдар бойы жемқор­лық­қа белшеден батуда. Соның ке­сірі­нен мемлекет үлкен зиян шек­ті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқ­­сан келді. Атап айтқанда, жайы­лым­­дық жерлерді суландыруға бө­лін­ген 80 млрд теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, бұл батареялар ауыл тұр­ғындарына неге қажет екеніне еш­кім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көр­сетілген. Мұның бәрі уәкілетті ор­ган­дардың жауапсыздығынан бол­ған. Тіпті кейде мемлекеттік ор­ган­дар­дың өздері тікелей араласып, заңсыз әрекет жасаған. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен әкім­дер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек. Бұл салада жемқорлық­қа қатысты дау-дамай жиі туын­дайды. Біресе элеваторда сақтау үшін берілген астық көлемі туралы жалған қолхаттарға қатысты шу шығады. Біресе су шаруашылығынан шикілік туындайды, – деді Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде.

Осы жерде сын тезіне ұшыраған суб­сидияға қатысты деректер тіптен сұм­дық. Мемлекет ауыл шаруа­шы­лы­ғын қолдау мақсатында соңғы 5 жыл аралығында 2 трлн теңгеден артық қаржы бөлген. Алайда нақты нәтиже болмай отыр. Есесіне, ауыл шаруашылығы саласына қатысты тексеру жұмыстарының нәтижесінде, 960 заң бұзу дерегі анықталып, 450 шенеунік қылмыстық жауапкер­ші­лік­ке тартылды. Демек ел қазынасынан бөлінген қаражат мал өсірген шаруа мен жер емген диқанның қолына түспей, орта жолдағы ұйымдасқан топтың қалтасына түсіп отырғаны жасырын емес. Мұндай деректер Алматы облысында да жиі кез­де­седі. Бұған дейін субсидия үшін сер­­гел­деңге түсіп, бірнеше жыл қата­ры­нан әділдік іздеген шаруа тура­лы бірнеше мәрте жазғанбыз. Пан­филов ауданындағы «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Ақынов асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидияға қол жеткізбегенін айтып, шағымданған. Жеке шаруа 2015 жылы «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасына құжат өткізіп, 6 млн теңге несие алады. Бұл қаржыға 230 бас асыл тұқымды қой мен қошқар сатып әкеледі. Бағдарлама шарты бойынша төленетін 14 пайыздың 10 пайызын мемлекет субсидиялауы керек болатын. Дау осы арадан туындаған екен. 2016 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өтемақы дауы 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдағаннан кейін ғана облыс әкімінің құлағына жеткен еді.

– Сол кездегі облыс әкімі Аман­дық Баталовтың қабылдауына 3 жыл­ға жуық жазылып, сұранып жү­ріп, кіре алмаған едім. Ол мені Пре­зи­­­дент­тің атына ашық хат жазған соң ғана қабылдаған болатын. Тиіс­ті мә­се­ленің қайдан шыққанын анық­тап, кінәлі адамды тауып, субси­дия төлеудің жолын қарастыруды тап­­сырған еді. Бірақ тапсырма алған шен­ді­­лер жақын күндері нәтижесін ха­бар­лай­тынын айтып, шығарып сал­ды. Өкінішке қарай, одан нақты жа­уап алмадым. Ақыры өз күнімді өзім көріп, мемлекеттің қолдауынан мүл­дем түңілдім. Бірақ мені әбден сер­гел­деңге салған сол шенеуніктер ке­йін­нен субсидияға қатысты қыл­мыс­пен ұсталып, сотталып кетті, – дейді шаруа.

Біз сөз еткен мәселе өңірдегі суб­си­­дияға қатысты бір мысал ғана. Өкінішке қарай, мұндай мысал­дар­дың көп болуы тұтас ауыл шаруа­шылығы саласының артта қалуына және осы бағыттағы өнеркәсіптің ұлт­тық экономика драйверіне айнал­мауына нақты себеп болып отыр­ғаны жасырын емес. Бірақ ай­мақ­тағы агроөнеркәсіп кешенінің жетіс­­тіктерін айтпай кету әділетті бол­мас еді. Өйткені негізінен ауыл шаруа­шылығына арқа сүйеген облыс үшін тұрғындардың негізгі табыс көзі – төрт түлік мал мен жер ему екенін естен шығармау керек.

– Ауыл шаруашылығы саласында 400 мыңға жуық адам еңбек етіп, облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Біз өткен жылды жақсы нәтижелермен аяқта­дық. Агросектордағы өндіріс көлемі 1 трлн-ға жетті. Былтыр өңірде 16 мың­­нан астам шаруашылық құры­лым­­дарына бюджеттен 50 млрд теңге көлемінде қаражат берілді, оның 43 млрд теңгесі – субсидия. Пре­зи­­денттің агроөнеркәсіп кешен­ін­дегі еңбек өнімділігін жəне өнім экс­­п­ортын 2,5 есеге арттыру тура­лы тап­сырмасын орындау мен жос­пар­ланған іс-шараларды іске асыруға облыста барлық мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Жетісудың ирригациялық желі­лері­нің жалпы ұзындығы 17 мың шақы­рымды құрайды. Бұл ел бойынша ең үлкен жүйе қатарында. Енді осы желілерді қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарына жыл сайын қыруар қаражат жұмсалуда. Мысалы, 2020 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,662 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 2 300 га суармалы жер пайдалануға берілуге тиіс болған. Ал айтылған цифрлардың іс жүзінде жүзеге асуына қатысты есеп әлі нақты емес. Бірақ жайылымдық жерді су­лан­дыруға бөлінген қаражаттың сұ­рауы болуға тиіс. Бұл бағытта ел қазы­на­сы­нан 80 млрд теңге бөлініп, оның тең жартысы мақсатқа сай жұм­сал­ма­ғанын Президент атап өткен еді...

 

Алматы облысы