Аймақтар • 04 Ақпан, 2022

Тараптар талаптарды талқылады

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырғы қарашаның жетісі күні Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментіне қарасты «Абай» шах­тасында көмір мен газ атындысының салдарынан 6 кенші қаза бол­ған еді. Апаттан кейін құрамына кеншілердің кәсіподақ ұйымдары, шахта­лардың белсенділері, жергілікті атқарушы орган өкілдері енген келісім комиссиясы құрылып, шахтер қауымы көтерген өзекті мәселелер бойынша жұмыс істей бастаған болатын.

Тараптар талаптарды талқылады

Ал таяуда облыс әкімі Жеңіс Қасым­бек кеншілердің бастамашыл тобымен кездесіп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ұжымдарының келі­сім комиссиясы қабылдап алған талап­тарының орындалуы бойынша кеңес өткізді.

Жиын барысында алпауыт ком­па­нияның атқарушы директоры Әлішер Әбенов кеншілердің бас­ты талабы­ның бірі – көлік паркін жаңартудың ойдағыдай іске асқанын баян­дады. Нақтырақ айтқанда, бес жаңа автобус алынып, тағы жетеуі жақын арада компания иелігіндегі көліктердің қатарына қосылмақ. Жалпы алғанда кәсіпорын биыл 56 заманауи автобус сатып алуды жос­парлап отыр.

Еске салар болсақ, апаттан кейін кеншілер компания басшылығы алдына барлығы 12 талап қойған болатын. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бүгінде сол талаптардың түгелге жуығы орындалған. Тек, жұ­­мыста персоналдың норма­тив­тік санын, жабдықтың техника­лық аудитін ес­кере отырып, инвес­ти­­циялық бағ­дарламаны жаңартуға қа­тысты бір­неше тармақ қана қалған.

Сонымен қатар кездесуде кен­шілер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотекалық бағ­дар­лама мәселесі де көтерілді. Жалпы, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен миллиард теңге бөлінген болатын. Осы орайда, «Отбасы банкінің» Қарағанды облыстық филиалы ипотека алуға тілек білдірушілерді көбірек қамту үшін қосымша қаржыландыруды бастамақшы. Жиында аталған банк филиалының директоры Бауыржан Жуаспай кәсіподақтардың 67 адамнан тұратын алғашқы тізімді бергенін хабарлады.

Аталған жиында өңірдегі моно­қалаларды дамыту мәселелері де сөз болды. Соңғы жылдары Қарағанды облысында моноқалаларды дамыту­ға көп көңіл бөліне бастағаны рас. Дегенмен, атқарылып жатқан жұ­мыс­­тарға тоқмейілсуге болмайды. Мәсе­лен, Шахтинск, Саран және Абай қала­ларында тұрғын үй салу, жол­дарды жөндеу және әлеуметтік инфра­құрылымды жақсарту әлі де болса күн тәртібінде өткір тұр.

Тұрғындарының басым бөлігі кеншілер болып келетін Шахтинск қаласында биыл бес қабатты үй салу жоспарланған. Қаладағы Абай атын­дағы орталық даңғылда жөндеу жүр­гізіледі, мәдениет және демалыс сая­бағын абаттандыру жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ Шахтинскіде заманауи хоккей корты пайда болады. Мұның бәрін кеңес барысында қала әкімі Әскербек Халтонов мәлім етті.

Сол сияқты Саран қаласы мен Абай ауданында да осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыс қолға алынған екен. Мысалы, Саранда тұрғын үй салудан бөлек, газдандыру мәселесінің де оң шешім таба бастағаны белгілі болды. Қала әкімі Ержан Темірханов көгілдір отынды шаһар іргесіндегі Ақтас кентінен бастап берудің жос­парланғанын жеткізді.

Ал Абай ауданының басшы­сы Бауыржан Асанов болса, «Абай» шахтасының жолын жөн­деу жұмыс­тарының аяқталуға жа­қын екенін ха­барлады. Сондай-ақ кен­шілер­дің ша­ғымынан кейін Вольный кентінде дәріхана ашылатын болды. «Абай-Вольный-Қызыл» бағыты бойынша автобус рейстерінің саны да арта түс­пек. Аудан әкімі бұл мәселелердің таяу арада оңынан шешілетініне уәде берді.

Жиында «Тентек» шахтасының тау-кен шебері Нұрболат Әбдірах­манов өткен жылдың қарашасынан бастап ай сайын облыс әкімімен, компания басшылығымен кездесулер болып келгенін айтты. Соның нәтижесінде көптеген пайдалы ше­шім­дердің қабыл­данғанын, талай ша­руаның тын­дырылғанын атап өтті.

– Бұл кездесулер өте қажет. Та­рап­тардың, талаптардың орындалу барысын талқылағаны өзінің оң нәтижесін бере бастады. Жалпы, ұжымдарды толғандыратын барлық мәселе кө­терілуі керек, – деді ол.

Кеншілердің бастамашыл тобымен кездесуді қорытындылған өңір басшысы барлық мәселе шешімін толық тапқанға дейін жұмыс тобы өзінің міндетін орындауды жал­ғастыра бере­тінін мәлімдеді. Сонан кейін кеншілер ұжымдары көтерген мәселелерді ше­шудің жіті бақылауда екенін атап өтіп, бір айдан кейін дәл осындай форматта тағы кездесу өтетінін хабардар етті.

 

Қарағанды облысы