Таланттары топ жарған Ковент-Гарден Корольдік балеті, америкалық балет театры және Квинслендск балетінің жетекші солистері қатысқан әлемдік деңгейдегі гала-көрсетілім 26 қаңтардан 5 ақпанға дейін жалғасады.
Осы айтулы іс-шарада Бақтияр Адамжан мен Шұғыла Әдепхан А.Хачатурянның «Спартак» балетінен бір нөмірді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Бақтияр Адамжанның өнердегі табысты жолы Спартак партиясынан басталып, ол бірнеше мәрте Нью-Йорк, Ыстанбұл, Сеул, Мәскеу және т.б. шаһарларда өткен халықаралық балет байқауларының лауреаты атанды. Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсетті.
– Алғашқы орындауымыз керемет болды, – дейді Бақтияр. – Көрермен бізді өте жақсы қабылдады. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Жұртшылықтың қошеметі бізге шабыт сыйлады, − дейді ол.
Ballet International Gala балеттің жетекші әртістерін жинауы көпшіліктің назарын аударып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңірек айтылды. Соның ішінде оқырмандардың қызығушылығын оятқан орындаулардың бірі «Астана Опера» әртістерінің нөмірі болғандығын бірқатар аустралиялық және әлемдік БАҚ өкілдері жазыпты.
Әсіресе аустралиялық сыншылардың бірі Фил Браун The Courier Mail газетінде Бақтияр мен Шұғыланың өнеріне жоғары баға берген.
«Спартак» балетінен үзінді орындаған қазақстандық қос биші – Бақтияр Адамжан мен Шұғыла Әдепханды көргеніме сене алар емеспін. Оларға мұнда өнер көрсету оңай болмады, сонда да олар өз мақсаттарына жетті. Өткен кеште қазақстандық жұп кезінде жазылған ең әдемі әуендердің бірі – Арам Хачатурянның музыкасына керемет биледі. Және де Бақтияр Адамжанның бейнесі шынайы Спартактан айнымады. Шын мәнінде, Григорович оны рөлге әдейі таңдап алған себебі де түсінікті. Бұл жұптың өнер көрсетуі бізді таңғалдарды», дейді ол.
Бір сөзбен айтқанда, отандық балет әртістерінің осындай ауқымды шараларға қатысуы олардың деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.