Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кезінде ұлт ұстазының көзін көрген, сол үшін жазықсыз қудаланған кісілердің әңгімесін тыңдаған көнекөз қариялардың айтуымен Ахаңның туған үйінің орны анықталып, іргетасы қалпына келтірілген.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Сартүбекте 1960 жылдарға дейін сиыр фермасы болған. Ферма қорасының, баздардың орны әлі күнге дейін бар. Тоқсаныншы жылдары Ахаң ақталып, алғаш экспедиция келе бастағанда сол кезде ауыл басқарған Рақымжан есімді ақсақал Байтұрсын үйінің орнына екі қатар саман кірпіш қалатқан. 2007 жылы сол маңайдағы екі ауылдың тұрғындары бірігіп, екі қатар саманның үстіне қазіргі үйді көтереді. Сондықтан бұл – сол жердегі халықтың асарлап жүріп қолдан кірпіш құйып, сол кездегі бар мүмкіндікті пайдаланып жоқтан бар жасап тұрғызған үй. Әу баста сыртқы қоршауы да болмапты, кейінірек Арқалық қаласында тұратын Абыл Ерденов деген азамат келіп, қоршап кетеді.
Кейін ел ішінде «Ахаңның үйі осы» деп айтыла бастағанда, бұған аудан әкімдігі де назар аударып, айналасын абаттандырып, коммуналдық меншікке алады. Бүгінде жергілікті маңызға ие киелі нысандар санатына енген Ахаңның үйі ауыл әкімдігіне қарайды. Үйге электр сымы тартылған. Бірақ ішінде жалғыз сынық парта мен суық пеш және төргі бөлмеге ілінген «Рухани жаңғыру» деп жазылған Алаш көсемдеріне арналған билбордтан басқа түк жоқ. Жәдігерсіз музей секілді қаңырап бос тұр.
Биыл ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін мерейтой барысында Ахаңның бұл үйі де жөнделіп, бүтінделетін болыпты. Мұны Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановтан естідік.
– Сол жердегі екі ауылдың тұрғындары жылда ақтап, сырлап, маңайының тазалығын сақтап келді. Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының аясында осы үйді жаңарту мәселесін қолға алайын деп отырмыз. Жоспар бойынша Ахаң үйінің қазақы келбеті сақталады. Біздің жасап қойған жобамызбен облыс әкімі танысып, бұған тағы да өзіміз алып-қосатын боламыз деді. Өйткені біздің жобамыз шамалы қазіргі үлгіге жақындап кетіпті. Сондықтан бұл жобамен тиісті мамандар тағы айналысады. Оған 22 млн теңге бөлінді. Енді мемлекеттік сатып алу өткізіп, мердігерді анықтау жұмысы қалды. Басты мақсат – үйдің ішіне кіргенде сол заманның рухы сезіліп тұруға тиіс. Қазіргідей төбесі аласа болмайды. Ахаңның аталары да, әкесі де дәулетті адамдар болған. Сондықтан бұл үйді де сол кездегі ауқатты адамдардың тұрмысына лайықтап жабдықтаймыз, – деді әкім.
Қостанай облысы