Алматы әкімі Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлерімен кездесіп, телемедицина орталығы мен медициналық мекеме бөлімшелерінің жұмысымен танысты.
Кездесу барысында Ерболат Досаев аурухана қызметкерлеріне қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қызметтік борышын кәсіби деңгейде атқарғаны үшін алғыс айтты.
Қызметкерлер жарақат алғандар мен зардап шеккендерге, бас-ми жарақаттары мен атыс жарақаттары бар әскери және азаматтық тұлғаларға көмек көрсетті.
Қаңтардың қайғылы оқиғалары кезінде клиникаға барлығы 300-ден астам зардап шеккендер жүгінді. Дәрігерлер 250-ден астам ота жасады. Көптеген пациенттерге олардың жағдайын тұрақтандыру және өмірге қауіп төндірмеу үшін шұғыл оталар жасалды.
Қала басшысы қабылдау бөлімінің, операциялық залдың, реанимация және офтальмологиялық бөлімшенің жұмысымен де танысты. Ол, сондай-ақ балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа корпусы құрылысының барысын бағалады. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.