Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Құлпынай өсіруге құлық жоқ

499 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ішкі нарықтағы баға саясатының жүгенсіз кетуі елдің тұрмыс жағдайына тікелей әсер етіп, оның соңы әлеуметтік толқуға ұласқаны белгілі. Яғни тұтыну нарығындағы қымбатшылық тұрғындардың күнкөріс деңгейімен салыстырғанда дабыл қағатын жағдайдан асып кеткені жасырын емес.

Құлпынай өсіруге құлық жоқ

Мұның себеп-салдарын отан­­дық тұтыну нарығын қол­же­тім­ді бағадағы азық-түлік пен тауар түрлерімен қамтитын тетік­тер­дің жұмыс істемеуінен іздеген дұрыс. Әсіресе өңірдегі өн­дірісті дамытудың тиісті алғы­шарты­ның жасалмауы мен сырт­қы өндірушілердің мүддесін қор­ғайтын лоббилердің жүгенсіз кетуі отандық нарықтағы арзан азық-түлік өнімдерінің тап­шылығын туғызып қана қой­май, жергілікті өндіріс пен шаруа­шылық секторының дамуына кері әсерін тигізіп келді. Осы жер­де халық тұтынатын мың сан өнімдердің ішінен бір ғана же­міс-жидек саудасына қатысты айтсақ жеткілікті. Оның ішінде қазақстандықтар тұтынатын кәдімгі құлпынайдың көп бөлігі шетелден келетіні туралы деректер көңіл жабырқатады. Яғни ауыл-аймақтағы тұтынушылар бұл жеміс түріне зәру ғана емес, маңдай термен тапқан ақша­сы­ның көп бөлігін сыртқы өндіру­шілердің алақанына салып беруге мәжбүр болып отыр.

Негізі, бұл үрдіс Еуразиялық экономикалық одақ аясында қызу талқыға түсетін-ақ тақырып. Өйт­кені осы одақтағы жеміс-жидек айналымы 1 млрд долларды құрайды екен. Салыстырып қарасақ, 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша, ЕАЭО елдерінің ішкі нарығындағы алма мен ал­мұрттың импорты ғана 860 млн доллардан асқаны жайында дерек бар. Мұның көп бөлігі Қазақ­станға тиесілі. Бұл – ойландыратын цифр. Оның үстіне одаққа кіретін елдер­дің арасында біз жеміс тұтыну жөні­нен төменгі орын­­дамыз. Жал­пы, елімізде құл­пы­най, өрік, шаб­далы, қара өрік өндірісін ұлғай­ту үшін қажетті жағдай жасалғаны­на қарамастан, нарықтағы теңгерім­сіздік неге ушығып отырғаны түсініксіз.

Тағы бір ойланатын мәселе бар: ішкі нарықты жеміс-жи­декпен қамтудағы тапшы­лық­­­ты зерделегенде, негізінен жаз­ғы маусымдағы жағдай ғана ек­шеледі. Яғни жұрт жаңа үзіл­ген жемістен дәм та­тып, то­сап қайнататын жы­лы күн­дер­­дің өзінде тұтыну­шы­лар­дың сұранысы толық қанағат­тан­ды­рыл­майды деген сөз. Ал қалған мезгілде жұрт жеміс-жи­дектен қол үзе ме? Тіпті мау­сымдық тұтыну кезіндегі қа­жет өнімнің өзі бізге сыртқы на­рық­тан тасымалданатыны жасырын емес. Және бұл жерде дайын өнімнің нарықта сатылатын бағасы туралы жұмған аузы­мызды аша алмаймыз. Әй­теуір, құлпынай бағасын көп адам­ның қалтасы көтермейтіні анық. Оның үстіне, елді тәтті жеміс-жидекпен, оның ішінде құлпынаймен қамтуда алыстағы Грекия, Мысыр, Түркия алдың­ғы орында тұрса, көршілес Қыр­­ғыз­стан мен Өзбекстан да олар­дан қалыспайды. Ал қыс бойы тұтынатын балғын құл­пы­най түрі Түркиядан тікелей жет­­кізіледі. Тағы бір дәйек бо­­йынша, 2019 жылы ішкі нарық­қа Қырғызстаннан енген құл­пы­найдың көлемі 105,4 тоннаға жетіп, импорттың қаржыға шақ­қандағы құны 53,3 мың долларды құрапты. Демек ішкі өнім өн­дірушілер осынша қаржыға ұтылды деп пайымдауға болады.

Әрине, бұл жерде құлпынай өсіру қолымыздан келмейді деген пікір қалыптаспауы керек. Еліміздегі шағын шарушылықтар жеміс-жидектің түр-түрін өсіріп жатыр. Нақты өнімге берілетін мемлекет субсидиясы бар, іс бастағандарға жеңілдетілген несие де беріледі. Өкінішке қарай, шаруалар үшін бұл жолдың қиындығы шаш етектен екен. Бұған бірінші кезекте бюрократия мен сыбайлас жемқорлық кері әсерін тигізіп отыр. Шынын­да, ауыл шаруашылығы саласы бойынша қаржылай қолдау теті­гінің былыққа батқанын қазір балаға дейін біледі. Оның бір дәлелін күні кеше Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бірнеше облыс­тағы ауыл шаруашылығы бас­қар­маларының басшыларын құрықтағанынан көруге болады. Екіншіден, отандық жеміс-жидек плантацияларының көлемі өте аз. Яғни тиісті коммуни­кация­лар­дың жоқтығынан шағын бизнес өкілдері күтімді ерекше қажет ететін жеміс түрлерін өсіруге құ­лықсыз. Шаруалар өнімділігі жоғары тұқымды шетелден тасы­малдауға мәжбүр. Жергілікті табиғатқа бейімделген жеміс-жидек сұрыптарын дамытуға көңіл бөлінбегендіктен, бұл саладағы өндіріс пен ғылымның байланысы үзілген. Үшіншіден, жеміс-жидек саласының дамымауына дайын өнімді сату менед­жменті мен тасымал логис­тика­сының жолға қойыл­мауы да жа­нама себеп болып отыр. Осы жерде аймақтағы ауыл шаруа­шылығын дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігінің сақ­талуына жауапты болып келген әкімдердің жалған есеп беруі мен шаруаға қырсыздығы да көрінеді. Демек агроөндірістік кешенді дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қа­рап, салаға нақты нәтиже бере­тін реформа керек.

Дегенмен ауызды қу шөп­пен сүртуге болмас. Ел ішінде құл­­пы­най өсіруді кәсіпке айнал­дыр­ған шаруалар туралы айту п­а­рыз. Соның бірі – Алматы облысының Көксу ауданын­­дағы «ҚазАгроСервис» серіктес­тігі. Бұл серіктестік аудан халқын же­­­міс-жидек өнімдерімен қам­та­­­ма­­сыз ету үшін алғаш рет 0,25 га жер­ге жаңа әдіспен құлпы­най өсі­­ре бастады. Жылыжай салып, оған ғылым мен техника же­тіс­ті­к­терін қолданып отыр. Қа­зір құл­пы­найдың оңтүстік­­ко­рея­лық «Сольхян» сұрпын егіпті. Серік­тестік басшысы Светлана Зу­бо­вич жылыжайда көк жуа, гүлдің сан-алуан түрін өсірумен қатар биыл алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай егуді бастағанын ай­та­ды. Жылыжайға қажетті қон­дыр­­ғыларды «Жетінар» несие коо­­пе­рациясының көмегімен ор­натқан. Маусымдық жұмыс­тар кезінде 10-ға жуық адамды, тұрақ­ты жұмыспен 2 адамды қам­тып отыр. Жылыжай орна­ласқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сон­­дықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпы­най­дың кореялық тұқымы – қыс­тық сұрып. Желтоқсан айынан мамыр айына дейін өнім береді.

– Биыл алғашқы өнім бол­ған­дықтан 700 кг құлпынай алу­ды жоспарлап отырмыз. Құл­пы­най өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылық­та өсіп шығады. Ал қыстыгүні аяздарда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың ірісінің салмағы 50-55 грамға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан сұраныс жоғары болады деп ойлап отырмыз. Алдағы уақытта өнімді арттыруға жұмыс істей­міз. Дегенмен мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйе­сін көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отыр­ған жалғыз жайт осы ғана. Бұл мә­селеде Көксу ауданының әкім­дігі қолұшын беруге дайын екен­дік­терін айтты. Шешімін табады деп сенеміз, – дейді серіктестік басшысы Светлана Зубович.

 

Алматы облысы