Коронавирус • 07 Ақпан, 2022

Вакцина алған балалар ауырған жоқ

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірдегі мектеп жасына дейінгі балалар мен қашықтан оқып жатқан оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі біршама өсіп келеді. Әйтсе де мамандардың айтуына қарағанда, вакцина алған балалар індет қармағына ілікпеген.

Вакцина алған балалар ауырған жоқ

Былтыр 287 бала инфекциялық стационарда ем алған. Дауасыз дертке душар болғандар арасында жүкті әйелдер де аз емес.

– Облыс бойынша 23 бала стационарлық ауруханаларда ем қабылдап жатыр, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Серікжан Сабырәлиев, – төсектік орын 80 пайызға толық. Ауруы орташа дәрежедегі балалар емделуде. Бір дәтке қуаты, ауыр жағдайдағы балалар жоқ.

Бас дәрігердің айтуына қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда балалардың коронавирус індеті біршама жеңіл өтуде екен. Осыған дейін талай ескертілген жайға құлақ асқан жөн. Екпенің тиімді екендігін вакцина алған балалардың бірде-бірі ауырмағанынан аңғаруға болады. Вакцина алмаған балалар арасында ауру көп, асқыну да бар. Жеті бала ауруы асқынып түскен.

Осы арада санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін тағы бір қайталап айтсақ, артықтығы болмас. Облыс орталығындағы Viamedis серіктестігі амбулаториялық емханалық бөлімінің жетекшісі Гүлназия Зұлқарнаеваның айтуына қарағанда, тұмау белгілері бар адамдар үшін арнайы сүзгі бөлмелері жабдықталған. Бұл жерде фельдшерлер жұмыс істеп, науқастардағы инфекция белгілерін тексереді. Мамандардың пікірінше, өңірде коронавирустың штамын түбегейлі анықтау қиындық туғызып отыр. Зертханалық талдау республикалық деңгейде ғана жүргізіледі әрі өткен жылмен салыстырғанда қазіргі штамм басқа. Мәселен «дельта» штамы күрделі асқынулармен өткен болса, «омикрон» штамы біршама жұқпалы болғанымен әлдеқайда жеңіл. Қалай болған күнде де санитарлық талаптарды бұлжытпай орындаған ләзім. Сақтансаң сау боласың деген сөздің шындығына көз жеткелі қашан?!

 

Ақмола облысы