Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Кенді өңірдің келешегі жергілікті биліктің жіті назарында болуы керек

246 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Қарағанды облысының басшылығы шалғай жатқан Жезқазған-Сәтбаев өңіріне ат басын жиі бұра бастады. Мұны жақсылықтың нышаны деп бағалаған жөн шығар. Неге десеңіз, облыс орталығынан жырақтағы бұл өңірдің жай-күйін көзбен көрмейінше, қалыптасқан жалпы жағдайдың мәселесіне жан-жақты және терең үңілудің тіпті де мүмкін еместігі белгілі.

Кенді өңірдің келешегі жергілікті биліктің жіті назарында болуы керек

«Қазақмыс» қарайласса, көңіл тоқ

Қазіргі таңда Жезқазған үшін «Қа­зақ­мыс» корпорациясы тірші­ліктің қайнар көзі іспетті. Алпауыт кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс істейтін болса, онда еңбек ететін мың­даған адамның қарны тоқ, ұйқысы тыныш. Міне, осыдан-ақ, мысты қала үшін алпауыт кәсіпорынның маңызы қаншалықты зор екенін бағамдауға болады.

Жуырда аталған өңірге жасаған жұ­мыс сапары кезінде облыс әкі­мі Жеңіс Қасымбек ең алдымен «Қа­зақмыс» корпорациясының қыз­меткерлері және кәсіподақ өкіл­дерімен кездесті. Аталған іс-шара барысында кәсіп­орынның басқарма төрағасының бі­рінші орынбасары Андрей Гайдин корпорацияның жұмысы және әлеумет­тік міндет­темелері туралы баяндады. Кор­пора­ция ішінде ұжымдармен кездесулер жиі өтіп тұрады екен. Бұл жиындарда қызметкерлердің бір де бір мәселесі назардан тыс қалмайтын көрінеді. Облыс әкімі жұмыстың тұ­рақтылығы, еңбек қауіпсіздігі, қызмет­керлердің әл-ауқатын арттыру сияқты мәселелердің ең бірінші кезектегі маңызға ие шаруалар екенін айтты. Еңбек ұжымдары көтерген мәселелердің көпшілігі ұжымдық шарттың талаптарына кіретінін атап өтіп, мұны басты назарда ұстау қажеттігін еске салды.

Жасыратыны жоқ, корпорацияның жалақыны көтеру, қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, ең­бек жағдайлары мен қауіпсіздікті жақ­сарту бойынша бұрын қабылданған мін­деттемелерді тұрақты орындап келе жатқанын айта кеткен ләзім.

Ал қала активімен болған кезде­су­де Жезқазған қаласының әкімі Қай­­рат Әбсаттаров экономиканы әр­та­раптандыру жобаларының жайын айтып, мысты қаланы дамы­туға арнал­ған жоспарлар туралы то­лық­қанды мағлұмат берді. Шаһар басшысының айтуынша, биыл Жезқазғанда тазар­тыл­маған мыс концентраттарын гидро­металлургиялық өңдеу тәжірибелік зауыты пайдала­нуға берілмек. Жобаны жүзеге асы­ру­шы – «Қазақмыс» корпорация­сы» ЖШС. Сонымен қатар «Қазхим­син­тез» ЖШС өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауыт жә­не «Kaz Green Energy» ЖШС биоэлектр стансасын салуды қолға ал­ған. Осы үш ірі жоба іске асқанда, 320-дан астам жаңа жұмыс орны ашы­­лады. Бұдан бөлек, аталған кә­сіп­орындар жұмыс істей бастаса, олардың өнеркәсіптік өндірістің өсуін қамтамасыз ететіні де сөзсіз. Жалпы, бұл бағыттағы инвестициялар жалпы сомасы 17,6 млрд теңгені құрапты.

Мысты шаһарға – мықты менеджмент

Бұдан бөлек, Жезқазған қаласы­ның жұртшылығымен кездесуде жә­не азаматтарды жеке қабылдау ба­­рысында да шешімін табуы  бі­рін­ші кезекте тұрған көптеген мәсе­ле сөз болды. Мәселен, қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандардың, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 320 орындық балабақша құрылысын аяқтау, Қызылордаға апаратын жол­ды салу және Үйтас-Айдос суаға­рын қайта жаңарту мәселелері күн тәртібінде өте өткір тұр. Айта кет­кен жөн болар, Үйтас-Айдос су­а­ға­рын қайта жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. Құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгеннен кейін, оның бірінші кезең жұмыстарын жүзеге асыру биыл басталмақ.

Ал Жезқазғаннан Қызылорда об­лы­сының шекарасына дейінгі респ­уб­ликалық маңыздағы авто­жол­дың мәсе­лесі таяу арада ше­­ші­­мін табуға тиіс. Бұл бағытта «Қаз­АвтоЖол» кәсіпорнының сәуір айында конкурстық рәсімдердің қорытындысы шығарылғаннан кейін, қайта құру жұмыстарына кірісу жоспарда бар. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2023 жылы пай­далануға беріледі деп жоспарланса, балабақша құрылысы осы жылдың соңында аяқталуға тиіс.

Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен Жезқазғандағы алты көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Тұрғын үй құрылысы бойынша өткен жылы қалада 26,4 мың шаршы метр үй салынды. Ал биыл жыл соңына дейін алты көпқабатты үйді аяқтау міндеті тұр. Бұл шаруа сәтімен аяқталған кезде, кезекте тұрған 224 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, биыл екі коммуналдық жатақхана да күр­делі жөндеуден өткізілмек. Сон­дай-ақ биыл дарынды балалар оқи­тын «Өркен» мектебі жанынан 200 орын­дық жатақхана салу да жоспарда бар. Мұның өзі ауылдық жерлерден оқушыларды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта Жезқазған қаласы басшылығының алдында әлеуметтік сипаттағы мәселелер, атап айтқанда, медицинаны дамыту, абаттандыру және халықты жұмыспен қамту сияқты маңызы зор міндеттер тұр. Әлбетте, мұның бәрін қамтып, қиюын келтіру үшін мысты шаһарға мықты менедж­мент керек. Жергілікті басшылық осы сыннан сүрінбей өте ме, өтпей ме – ол енді алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.

Сәтбаевтықтар салғырттықты кешірмейді

Сәтбаев қаласында да шешімін күткен түйінді мәселелер жетерлік. Мұның барлығы облыс басшысы қала активімен, депутаттармен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескенде және азаматтарды жеке қабылдағанда айтылды. Бір сөзбен айтқанда, қала тұрғындарының жергілікті бас­шылыққа және коммуналдық қыз­меттердің жұмысына деген реніші аз емес.

Кездесу барысында тұрғын үй құры­лысы, спорт нысандарын жөн­деу, медициналық мекемелердің жағдайы және медициналық кадр­­лардың жетіс­пеушілігі, абат­танды­ру, инженерлік желілердің тозуы мен апатты үйлер бойынша көптеген мәселе мен шағым айтылды. Қала бойынша 13 көппәтерлі тұрғын үйдің апатты деп танылғаны көп нәрсені аңғартса керек.

Дегенмен ауызды құр шөппен сүрте берген де жарамас. Осы тұрғы­дан келгенде, Сәтбаев қаласы бо­йынша ат­қарылып жатқан жұмыстар да баршы­лық. Мысалы, биыл шілде айына дейін балабақшаның, сонымен бірге қыркүйекке дейін Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға тиіс. Өткен жылы қаланы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің маңызды мәселесі шешілген болатын. Сондай-ақ бірталай қоғамдық орындардың абаттандырылғанын да айта кету керек. Сәтбаев қаласында өткір тұрған мәселенің бірі – спорт саласындағы ғимараттардың жай-күйі болатын. Бүгінде бұл шаруалар да біртіндеп шешімін тауып келеді. Атап айт­қанда, алдағы екі апта ішінде футбол манежінде жылу жабдықтарын орнату жұмыстары аяқталмақ. Мұ­ның өзі спортшыларға жылдың кез келген уақытында жаттығуына мүм­кіндік береді. Сонымен қатар қала тұрғындары тарапынан жергілікті мұз сарайының жай-күйіне байланысты шағымдар көптеп түскен еді. Бұл мәселе де шешімін тапты: ғимараттың ішін жөндеуге тиісті қаражат бөлінетіні белгілі болды. Ал мамыр айында 50 метрлік бассейннің жөндеу жұмыстары аяқталады.

Иә, қазіргі таңда Сәтбаев қаласы басшылығының алдында аса жауапты міндет тұр. Ол – өздеріне көрсе­тілген қызметке көңілі толмаған тұрғындардың сеніміне ие болу. Ал сенімге ие болу дегеніңіз шағын қаладағы шетін мәселелерді шешуден де маңыздырақ дүние.

Әлбетте, Жезқазған-Сәтбаев өңі­рін­дегі өткір тұрған мәселелерді облыс басшылығының тікелей назарда ұстағаны көңілге сенім ұялатады. Облыс орталығынан жырақта жатқан бұл жақтың халқы атқарушы биліктің қамқорлығы мен қолдауын ұдайы сезініп отырса, мұның өзі кенді өңір келешегінің оң өзгерістерге толы боларына тікелей ықпал етері сөзсіз.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы