Хоккей • 07 Ақпан, 2022

ҚХЛ: «Барыс» – плей-офф кезеңінде

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден елорданың «Барысы» өнер көрсететін Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) биылғы маусымы мерзімінен бұрын аяқталды. Бейжіңдегі Олимпия ойындарына байланысты уақытша тоқтатылған турнир одан әрі жалғаспайтын болды. Бұл туралы сенбі күні тұрақты біріншіліктің президенті Алексей Морозов мәлімдеді.

ҚХЛ: «Барыс» – плей-офф кезеңінде

– Шайбалы хоккей жанкүйерлері төрт жылдан бері тағатсыздана күткен Олимпия ойындарындағы хоккей бәсекелерін тамашалауда. Ал біз осы үзілісті тиімді пайдаланып, ҚХЛ-дың маңызды бөлігін өткізуге дайындалып жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, қаңтар айында көп команда ойыншыларынан коронавирус табылып, бірқатар матчты кейінге шегеріп, ойындарды мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болған едік. Бірер күн бұрын ҚХЛ-дың директорлар кеңесі Ресей хоккей федерациясының басшылығымен келісе отырып, тұрақты біріншілік командалары мен жанкүйерлеріне ыңғайлы болу үшін биылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға шешім қабылдады. Ал наурыз айынан бастап Гагарин кубогы жолындағы плей-офф бәсекелері жалғасады.

ҚХЛ президенті Алексей Морозов тұрақты біріншіліктің мерзімінен бұрын аяқталуына бірнеше себеп әсер еткенін айтады. Әрине, оның ең алғашқысы екі жылдан бері жалғасып келе жатқан коронавирус пандемиясы. Чемпионаттың қалған матчтарында да ойыншылардың індет жұқтыру қаупі бар екенін ескеріп, жарысты тоқтатқан. 

– Гагарин кубогы бәсекелері бас­тал­­ғанға дейін барлық команданың ойын­­шылары өз командаларында карантин­ге жатқызылады. Ал плей-офф ойын­дары күнара өткізіледі. Яғни жарыс­тың алғашқы күні «Батыс» және «Шы­ғыс» кон­фе­ренциясының екі-екі ко­ман­дасы, араға бір күн салып қалған клуб­тар мұзай­дынға шығады. Арадағы бір күндік демалыс індетке шалдыққан ойын­шылардың ор­нына басқа хоккейшілерді қосуға мүм­кіндік береді.

– Лига тұрақты чемпионаттың нәтиже­лерін ескере отырып, плей-оффқа шыққан коман­даларды анықтау мақсатында түр­лі нұс­қаларды қарастырды. Бұл жерде ең ма­ңыздысы – көп ойын өткізген жә­не аз матчқа қатысқан командаларға бірдей мүмкіндік беру болды. Сөйтіп со­ңын­­да баршаға ортақ бір нұсқаға тоқтал­дық. Яғни командалардың жинаған ұпай сан­дарының пайызына қарай үздік 16 ко­манданы анықтап алдық. Бұл нәтиже­лерді бекітудің танымал және әлемдік дә­лелденген тәжірибесі. Мұны шетелде де, Ресейде де қолданады.

Тұрақты біріншілік ойындары уақыт­ша тоқтағанға дейін, елорданың «Бары­сы» чемпионаттың «Шығыс» конферен­ция­сындағы турнир кестесінде 8-орынға тұрақ­таған болатын. Жерлестеріміздің еншісінде 47 матчтан кейін 48 ұпай бар. «Барыс» осы нәтижесінің арқасында плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады. Қазақстандық команда Гагарин жолын­дағы кубоктың алғашқы ойынын «Шы­ғыс» конференциясындағы турнир кес­тесінде бірінші орында тұрған «Метал­лург» командасымен кездеседі. Матч 1 наурыз күні Магнитогорскіде өтеді.

Айта кетейік, Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпия ойындарының хоккей бәсекелерінде ҚХЛ-дың 22 клубында өнер көрсететін 120 хоккейші өз құ­ра­маларында бақ сынап жатыр. Ресей мен Қытай құрамаларының түгелі дерлік ҚХЛ ойыншыларынан жасақталған. Ал Латвия, Чехия және Финляндия командаларының жартысына жуығы ҚХЛ-да ойнайтын хоккейшілер.