Руханият • 07 Ақпан, 2022

Әбдіжәміл Нұрпейісов ұлт руханиятының көшбасшысы болды - Президент

939 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы тұрғындары аса​ көрнекті​ қаламгер,​ Қазақстанның​ Еңбек​ Ері,​ Халық​ жазушысы,​ Ұлы​ Отан​ соғысының​ ардагері​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әбдіжәміл Нұрпейісов ұлт руханиятының көшбасшысы болды - Президент

Қаралы жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ –​ сұрапыл​ соғысты​ бастан​ кешіп,​ елге​ оралған ​соң,​ қазақ​ әдебиетін​ өркендетуге​ сүбелі​ үлес​ қосты.​ ​

Ұзақ​ жылғы​ шығармашылық​ қызметі​ жемісті​ болды. «Қан​ мен тер»​ трилогиясы, «Соңғы​ парыз» дилогиясы​ сияқты​ туындылары​ сыншылар ​мен​ оқырмандар​ тарапынан​ жоғары​ баға​ алды. Заман​ жүгін​ көтерген ​романдары​ әлемнің​ көптеген​ тілдеріне​ аударылды.​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлының​ жаңа​ белесті​ бағындырған​ қазақ​ әдебиетін​ шетелге​ танытуға​ сіңірген​ еңбегі​ орасан​ зор. Ол​ ұлт​ руханиятының​ көшбасшысы​ болды.​ ​

Әбдіжәміл​ Нұрпейісов​ адам​ жанын​ терең​ түсінетін,​ түрлі​ тағдырдың​ бейнесін​ көркем​ суреттей​ отырып​ оқырманға​ жеткізген​ ойлы,​ кең ​тынысты​ жазушы​ болатын.​ Өмір​ бойы​ қолынан​ қаламы​ түскен​ жоқ.​ Қазақ​ елінің​ рухани-мәдени​ саласын​ дамыту​ жолында​ өлшеусіз​ қызмет​ атқарды.​ ​ Ол​ ұлт​ классиктерінің​ жолын​ лайықты​ жалғастырған​ қуатты​ қаламгер.​ Солайша,​ өзі​ де​ қазақ​ әдебиетінің​ патриархына​ айналды.​ ​

Әбдіжәміл​ Нұрпейісовтің​ соңында​ ұрпаққа​ үлгі,​ ұлысқа​ игілік​ болатын​ шығармалары​ қалды. Елге​ ес,​ сыртқа​ сес​ болған​ жазушының​ енді​ екінші​ өмірі​ басталды.​ ​ Өнегелі​ ғұмыр​ кешіп,​ соңында​ мол​ мұра​ қалдырған​ Әбдіжәміл ​Кәрімұлының​ жарқын​ бейнесі​ ұмытылмайды.​ ​ Халқымыз​ есімін​ әрдайым​ ардақ​ тұтады.​ ​Марқұмның​ иманы​ саламат,​ жаны​ жәннатта​ болсын», делінген көңіл айту жеделхатында. ​