Маңғыстау өңірінің ауылдық жерлері қандай заман орнап, қандай қоғам иектеп, қандай саясаттың салқыны соқса да қазақылығынан айырыла қоймады. Әдемі ішігіне түлкі тымақты жарастыра киіп, ат жабуы мен ат дорбасын оюлай сәндеп, дойыр қамшысын шашақтаған сәнқой, әрі ұлттық құндылықтардың қырағы сақшыларындай әкелер, ақ жаулығын басынан тастамай, бір өзі бір әулеттің киесіндей көрінген кербез аналар күні кешеге дейін өмір сүрді. Әлі де бар, бірақ қатары сиреп келе жатқаны байқалады. Ендігінің әжелері «современный» болатын сияқты ма, қалай?! Ардың жібін аттамай, қазақтың ата салтын қалтқысыз сақтап, үлкендердің алдынан қия баспай, жарға, отбасына адалдығы арқасында тағдырдың небір қиындықтарын жеңген абзал ананың бірі – Пая әже.
«Пая» – қазақы есімі. 1938 жылы Мәскеу түбіндегі Киров облысында дүниеге келген сәттен қазақтың келіні атанғанға дейін ол Фаина Николаевна болатын. Бұл күнде 76 жасқа келген әженің қызықты да қиын өмірі туралы үлкен ұлы Амангелді әңгімелеп берді.
...Бүлдіршін Фаина фин, неміс секілді екі бірдей майданның бел ортасында жүрген әкенің жылуын сезініп те үлгерген жоқ. Ал соғыстың алғашқы жылдарында аш-жалаңаш қалған бұларға талғажау ететін саңырауқұлақ, жеміс-жидек термек боп орманға кеткен анасы адасты ма, әлде басқалай апатқа душар болды ма сол күйі оралмаған. Ағасы, апасы және сіңлісімен бірге балалар үйінің қабырғасында есейді. Соғыстан есен-сау оралған әкесі өзге жанмен бас қосып, түтін түтетті. Фаина бірден өзін-өзі қолға алды. Жіп иіріп, жүннен өнім өндіретін тоқыма фабрикасына жұмысқа тұрды. Еті тірі қыз жанталаса жүріп ескілеу болса да бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді.
1956 жыл. Абыр-сабыр адамы, қозғалысы көп қалада қараторы жігітпен танысуға тағдыр жазыпты. Осыдан бастап мәскеулік орыс қыздың тағдыры күрт өзгерді. Қазихан Қазақ КСР-інен әскерге 1951 жылы келіпті. Сол кездегі Ленинград қаласынан Мәскеуге дейін жол салатын құрылыс батальонында 4 жылдық мерзімді борышын өтеген соң, аға сержант шенінде әскери бөлімде қызмет етіп жүр екен. Взвод командирі, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болған, адал да ақжарқын қазақпен тез тіл табысып кетеді. Таныстық достыққа, достық махаббатқа ұласып сол жылы күзде Киров облысының неке үйіне барып, заңды жұбайлар ретінде тіркелген сәттен бастап Фаина Байсейітова болып шыға келеді.
Алты жылды өңкей орыстың ортасында, Мәскеудің маңында өткізген Қазихан рұқсат берілі-сімен «Қазақстан, қайдасың?» деп тартып тұрады. Төрт қыздың арасындағы жалғыз ұлдың өзге елде қалуға дәті бармайды, ауылда екі көзі төрт болып күтіп отырған әке-шеше, тума-туыс. Әскерден келісімен Баутинодағы айлақ салушыларға келіп қосылып, жүргізуші болып жұмысқа кіріседі. Жұмыстың ыңғайы солай болды ма, әлде хабар-ошар алудың қиындығы ма, тіпті басқалай себебі бар ма – Қазекең Мәскеу жаққа қайта мойын бұра қоймайды.
Арада екі жыл өткесін госпитальде жұмыс жасайтын армян досының ақылымен Қазихан қызмет еткен әскери бөлімнен оның мекен-жайын нақтылап алған Фаина Маңғыстауды бетке алып жолға шығады. Гурьевтен сол кездегі Маңғыстау ауданының орталығы Таушыққа қатынайтын ұшаққа отырады. Орыс тілі мен осы ұлттың өкіліне аса құрмет көрсетіліп, құрақ ұшатын заман ғой, дегені болып, қалағанын орындатып, діттегенін тез табады. Таушыққа келісімен сол ауылдың басшысына барып, Қазиханды сұрайды. Оның Фортттағы Баутино айлағында жұмыс жасайтынын білген соң, басшыдан көлік алып, Фортқа тартады. Мұнда айлақ салушы мекеменің басшысы қарсы алып, арнайы бөлме беріп, тынықтырады да, жұмыстан Қазиханды алдырып, екеуін кездестіреді. «Алыстан келдім ғой, үйіңді, туыстарыңды көріп кетейін», дейді қыз. Қазиханға бұл өтінішті орындау үшін жұмыс орны 3 күнге рұқсат береді. Сол кездегі «крутой» көлік самосвалмен шаңдатып, құла дүздегі Шайырға келеді. Соғыстан кейінгі кезеңнің сыры белгілі, ортасын пешпен бөлген, алдында жұпыны ауызғы үйі бар жатаған ескі үй, үсті-бастары жұтаң, жүдеу адамдар. Ойда-жоқта үлпершектей орыс қызды алып жетіп келген ұлының тірлігін түсінбей: «Бұл кім?» деген ата-анасына Қазихан: «Үкіметтің тапсырмасымен келген геолог қыз, ауыл маңынан өтіп бара жатқан соң, қонуға келдім», деп құтылады. Тамызығы таусылып, жалыны жалп-жалп етіп сөнуге айналған жалғыз шамның жарығымен күйбеңдеген олар мал сойып «қонақ» күтеді. Қызықтың көкесі кеште болады. Жерге жатып үйренбеген қыз кровать сұрайды, ауылдың адамдары үстіне ересек адам түгілі бала мінсе, торы жерге тиетін біреуін тауып әкеліп, арасына ағаш салып «қонақты» жайғастырады. Кейін осы күндерді еске алған Пая әжей: «шынымды айтсам, ауылдан, ауылдағылардың тұрмысынан қатты шошыдым», дейді екен. Ертесіне Қазихан қызға «Үйім-күйім осы, келсең де, келмесең де өзің білесің», дейді.
Ауылына оралған Фаина ұзақ ойланады. Ақыры бір шешімге келген ол үйін, теледидары мен кроватын сатып, ақшасына Қазиханның анасына орамал, екі қарындасына көздің жауын алатын екі орамал, тағы да сый-сияпаттар алады да, үйіндегі ыдыс-аяқты 5-6 құс жастықтың арасына салып, Қазиханның атына Таушыққа 10-15 жәшік посылка жөнелтеді. Бұл оның жасауы болатын. Сәлемдеме барды-ау деген кезде: «Қош бол, Ленинград!» деп алыс сапарға өзі де аттанады.
Гурьевтегі кассадан Таушыққа дейінгі ұшаққа билет алу үшін дауыстап: «Байсейітова» деп тегін айтқан орыс қызға галстук тағып, өзінше сәнмен киінген қазақ келіп, жөн сұрасады. Қазиханның жолдасы екендігін білген соң, өзі оның туған нағашысы екендігін айтқан ол келінді ұшақтан тура үйіне түсіреді. Шашу шашып, қонақтар шақырады. Қазиханның әке-шешесі қиғылық салмауы үшін мәселенің алдын осылай алады.
– Жаз шыға Самды игеру үшін көпшілікпен бірге қырға көштік. Бұғабайдағы шағын ауруханаға от жағушы болып қызметке тұрдым. Үйлер салынып, құрылыс қызған қарбалас кезең. Жарақаттанушы көп, соқырішек пен босанатын әйелдерге тіпті қиын. Дәрі-дәрмек нұсқаулығы, кітап атаулы түгел орыс тілінде. Мұның бәрін оқып, түсіндіру, тіпті дәрігерге көмектесу менің міндетім болды. Бірте-бірте укол салып үйреніп, медсестра болдым. Дәрігер Ғаділбек мені курсқа жібермек болған, енем шіркін «оқыған әйелдің асын ішпей-ақ қояйын, жалғыз баламның тапқаны да жетер» деп жібермей қойды, – дейді екен кейуана кейін.
Аяғы ауырлаған соң, Маңғыстаудың медициналық жағдайын көріп жүрген Фаина төркініне барып босануды жөн санайды. Киров облысына жеткен ол торсықтай ұлды болады. Арада сегіз ай өтеді. Хат-хабар сирек. Бірде: «Жолда нәрестеге құжат сұрайды. Сол себепті есімін қойсаңыздар екен», деген хат келеді. Алғашқы немересіне есі кете қуанған Жібек ана елге аман-сау келсін деген ниетпен сәбиді «Амангелді» деп атайды. «Жолда қиын болар, бізге тастап кет», деген әкесіне «қазақтар мені өлтіреді ғой» деген Фаина Амангелдіні құшақтап елге келеді. Осылайша Амангелді, Аманқос, Қаржау, Нұржау, Ермұқан, Нұрмұқан атты алты ұлды, Алтын, Күміс, Қарлығаш, Гүлмира есімді төрт қызды өмірге әкелген Пая әже қазір 40-тан астам немере, 20-ға жуық шөберенің асыл әжесі. Жалғыздың жапырағын жайды. Омырауында қос алтын алқасы жарқыраған «Батыр ана». Қазақтың салты мен дәстүрін қалт жібермей орындап, үлкендерге келін, кішілерге жеңге, біреулерге құдағи болып, қазақ арасындағы өмірін сыйлы, үлгілі өткізіп келеді. Өлілер рухына жеті шелпек таратып, садақа жасаудан жаңылған жері жоқ. Ұзақ жылдар жер асты суларын зерттейтін мекеме «Маңғыстау су барлау экспедициясында» жұмыс жасап, Сам құмы төңірегінен 800-ге тарта ұңғымалар қазуға атсалысқан отағасы 1984 жылы 52 жасында бақилық болды. Елге сыйлы, әзіл-қалжыңды ұнататын кісі екен, «Қазекең айтыпты» деген әзілдер ел арасында әлі жүр.
–Енем жарықтық қатал адам еді. Қолынан ұршығы түспейтін ол алаша, сырмақ, өрмек, бау-басқұр тоқитын. Қыздарымен бірге мені де үйретіп шықты, жоғарыда айтылғандармен бірге, бекіту-тұсау, ноқта есіп, текемет басудың, жабу тігудің маманы болдым. Қаншалықты талапшыл, қатал болғанмен, жүрегі ақ еді, –деп талай жерде «сынға салған» енесін өле-өлгенше ерекше сыйлаған. Қанында бар қасиет болар, өзі «ыссы» ене болмапты, «көңілі ақ болса, санасы болса, өздері жасайды» деп келіндерін ұзын арқан, кең тұсаумен ұстаған, күші қайтқанша ешкімді жұмсамай, өзі тұрып кете береді екен. «Екі тілде бірдей сөйлеп, «ғылымның көкесі – арифметика, оны оқыңдар» деп отыратын анама орыс тілінен берілген тапсырманы орындай алмай жыламсыраған баласын жетектеген ауылдастар түннің бір уағында да келіп жататын», деп еске алады Амангелді аға.
Өкініштісі, Пая әже туыстарынан көз жазып қалыпты. 1965 жылы Қырымға көштік деп хат салған әкесі содан соң хабарсыз кеткен. Ағасы ертеректе қызмет еткен Санкт-Петербургтегі теңіз портына, апасы жұмыс жасаған Челябідегі трактор зауытына іздеу салғанмен, мардымды хабар болмапты. Қазақтың бір жігіті үшін туған елін, жерін, тума-туыстарын мәңгілікке тастап, айдаладағы қазақ отбасының түтінін түтеткен ананың іштегі жалғыз арманы, бәлкім, осы, яғни тірі болса туыстарын немесе олардың ұрпақтарын бір көру болар...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
––––––––––
Суреттерде: бүгінгі «Батыр ана» Фаина әжей; Фаина Байсейітова және отағасы Қазихан. 80-жылдар.