21 Наурыз, 2014

Өнертапқыш

1709 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
IMG_2085Редакцияға арыз-шағым айтып келетіндер көп. Өмірде сан қилы жағдайлар болған соң, олардың айтар базыналары да әртүрлі. Біреулері жеке бастың жайын күйттесе, екіншісі ұлттың, елдің қамын айтады. Баспасөз арқылы әділет жолына араша іздеп, қолдау-құптау күтеді. Біздің міндетіміз оқырманның мәселесін шемішкедей шағып, бірден шешіп бермесек те әйтеуір қоғамға ой салу, қолдан келгенше, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түру, жетер жеріне жеткізу ғой. Сондай мақсатпен төмендегі мақаланы жазуға отырдық. Бұл кісіні алғаш көргенімде сәл тосылып қалғаным рас... Тағдырдың талай қиындығын тартса да қажырлы кейпінен таймаған, жанары өткір жігіт ағасы Қайыргелді Смағұлов ойын жеткізерде тұтығып сөйледі. «Үш рет инсульт алдым, бұл соның салдары», деді ол аздап ыңғайсызданып. Мен бірден денсаулық жағдайын сұрастырып: «Бұл қалай болған?» деген сауалдармен сөзге тартуға тырысып едім, ол әңгіме ауанын бірден басқа бағытқа бұрды. «Мұнда келген себебім, денсаулығымды айтып мұң шағу емес. Мен – өнертапқыш адаммын. Сол өнерімді әрі қарай жалғап, іс ашуға қолдау іздеп жүрмін. Бұл жолда талай табалдырықты тоздырып, қанша жерге барсам да мәселем шешілер емес. Ендігі бір үмітім осы газетте», деді. IMG_2086Өнертапқыш дегенге елең ете қалып, бірден жаңалығы жайлы білуге асықтым. Міне, қызық! Бұл кісі – ұлттық құндылықтың жоқтаушысы, жанашыры екен. Қолында мөр басылған патенті бар өнертапқыш – қазақтың ұлттық құттықтау қағаздарының авторы. Иә, кәдімгі осы күні орысша атауы тілімізге сіңіп кетуге айналған «открыткалардың» қазақи ұлттық үлгісін ойлап тауыпты. IMG_2084«Сіз айтып отырған «құттықтау қағазы» дегеніңіз мұның нақты атауы емес, біреулер құттықтау хат дейді, біреулер қағаз дейді. Қалай болғанда да бізде бұл нәрсенің нақты атауы да, өзі де жоқ. Бірен-саран қазақшалары болғанымен, ол халқымыздың ұлттық дүниесі емес. Алайда әр ұлттың өз ұлттық құттықтау қағаздары болуы керек. Мен соны жасағым келеді», деді өнертапқыш. Сәл шегініс жасасақ, «открытка» алғаш рет ағылшындарда XIX ғасырдың соңында пайда болыпты. Басында пошта арқылы жіберетін карточка түрінде жасалып, конвертсіз, ешқандай қаптамасыз жіберіліп отырған екен. Содан Ресейде «открытое письмо», яғни «ашық хат» деген атауға ие болған. Ал қазір біздің тілде «ашық хат» деген мүлде басқа ұғымды білдіреді. Қайыргелді Смағұлов қазақтың ұлттық құттықтау қағаздарын жасау туралы идеяны осыдан 4-5 жыл бұрын қолға алыпты. Жаңа жыл қарсаңында достарын құттықтағысы келген ол дүкендерден қазақша «открытка» іздейді, таппайды. Сосын, амал жоқ, орысша құттықтау қағаздарын сатып алып, компьютердің көмегімен оған қазақтың оюларын салып, мүлде басқаша жасап шығады. Жап-жақсы шыққан дүниенің тағы оншақтысын дайындап, оны сатып көреді. «Бір банкке барып ұсынып едім, олар бірден 10 данасын сатып алды», дейді ол. Осыдан келіп, ол мұның қажеттілігін аңғарып, болашақтағы ұлттық құттықтау қағаздарын жасауға кіріседі. Өзі бұрыннан сурет салу, дизайн жасауға бейім екен. Кейіпкеріміздің айтуынша, оған анасының қолөнермен айналысқаны, шеберлігі әсер еткен. Өмірден ерте озған анасының ойған оюларын ол өзімен бірге сақтап жүріпті. Құттықтау қағаздарына ою салуға, міне, сол нәрсе түрткі болған. 2011 жылы Әділет министрлігіне құжат­тарын тапсырып, 2013 жылы өзі ойлап тапқан ұлттық құттықтау қағаздарының авторы деген патент алады. Енді соны жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік ашып, шағын бизнес жасауды армандайды. Еліміздің шағын және орта бизнесті қолдау органдарының бәріне талай хат та жазып, құжат та тапсырған екен. Алайда, қолында несиеге қояр кепілдігі жоқ деп еш жер қаржы бөлмепті. Байқауларға тапсырған құжаттары өтпеген. «Менде қайдағы кепілдік?! Жер де, үй де жоқ. Кезекке тұрсам да ала алмай жүрмін. Өзім жетім, мүгедек, жұмыссыз болсам, менде қайдағы жер, қандай үй? Ал оның бәріне қол жеткізу үшін қол қусырып отырмай, өз кәсібімді ашып, жоспардағы жобамды жүзеге асырғым келеді. Бірақ қаржының жоқтығы қолбайлау. Бар үмітім – «баста». Ең бастысы басым жұмыс істеп тұр. Идея бар. Ақыл-ойым дұрыс. Мен әке-шешемнен жастай айырылдым. Қазір жалғыз тұрамын. 15 мың теңгеге баспана жалдаймын. Мүгедектігіме алатын әлеуметтік көмектің қалғаны ішіп-жемім мен жұмыс істеуіме кетеді. Менде басқа табыс көзі жоқ. Отбасым бұрын болған еді, инсульт алу жағдайымнан соң ажырады. Мен өмірімді қайтадан аяғынан тік тұрғызғым келеді. Оған ішкі қажыр-қайратым жетеді деп ойлаймын. Елімізде қазіргі күні мемлекеттік мерекелер қатары аз емес. Сол мейрамдардың әрбіріне жеке-жеке арнайы құттықтау қағаздары жасалуы қажет. Жалпы, бизнес-жоспарымда оның бәрі көрсетілген. Маған жобамды жүзеге асыруға бар болғаны 2 мың АҚШ доллары қажет. Ал бұл қаржыға жасалар жұмыстың ұлттық құндылығына баға жетпес деп ойлаймын. Себебі, бұл қазақ ұлты үшін керек», дейді Қайыргелді Смағұлов. Өткен өмірін түгел бастан-аяқ баяндап берген кейіпкеріміз бұрындары білдей бір жеке фирманы да басқарғанын айтып, бизнес саласында азды-көпті тәжірибесі бар екендігімен бөлісті. Тіпті, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда зауытта жұмыс істеп, қаржы директоры қызметіне дейін көтеріліпті. Еліміздің ең алғашқы Елтаңбасын жасаған кәсіпорында жұмыс істей жүріп, оны құрастыруға да үлесін қосқан. Бірақ қайта құру кездеріндегі қарбаласта зауыт жабылып, бизнеске де бұғау түскен. Одан қалды тағдырдың жазуымен басынан ауыр соққы алып, ақыр аяғы сал болып қалуға дейін апарған. Жүрегі сыр беріп, оған үш рет ота жасатқан. Қазір екінші топтағы мүгедек. Бірақ өмірге үнемі ұмтылыспен қарайтын ол тағдырдың ауыртпалығына мойымақ емес. Мемлекет қолдау көрсетсе, барлық күш-жігер, ақыл-ойын кәсіпке жұмсамақ. Үнемі ізденісте жүретін өнертапқыштың бұл тұңғыш «жаңалығы» емес, ол осыдан 13-14 жыл бұрын «Шыбын-шіркейден құтылудың биологиялық тәсілін» ойлап тауыпты. Қайыргелді Смағұловтың бұл жаңалыққа да қолында патенті бар. Алайда өкінішке қарай, белгілі-белгісіз себептермен ол қолдау таппай қалған. Бірақ одан гөрі ұлттық құндылық маңызды деп санайтын өнертапқыш бүгінде құттықтау қағаздары жайындағы идеясын жүзеге асыруға мықтап кіріскенге ұқсайды. Себебі, ел болашағына зор сеніммен қарайтын азамат келешекте Қазақстан әлемнің дамыған отыз елімен терезесін теңестіргенде, оның барлық ұлттық дүниесі түгел болуы керек деп санайды. Иә, құттықтау қағазын жасаудан әлемдi мойындатқан әйгілі Холлмарк компаниясы екенін естіген едік. Осыдан бiр ғасыр бұрын оның iргетасын жасы небәрі 18-дегі С.Холл қалаған екен. Содан күнi бүгiнге дейiн алтын тәждi логотип бейнеленген құттықтау қағаздары әлемдiк нарықта алдың­ғы қатарда. Холлмаркте 18 мыңға дейін адам жұмыс істейді, деседі. Қайыргелді Сма­ғұлов Қазақстанда «Холлмаркті» аша қоймаса да, болашақта алтын тәждің орнына қазақтың әсем оюлары бейнеленген құттықтау қағаздарын әлемге танытар деген үміттеміз. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.